Астанада алғаш рет «Astana 2026 World Boccia Cup» боччадан халықаралық беделді турнир өтіп жатыр. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде жалауы желбіреген жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.
Мәулен Әшімбаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде сайысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстанда инклюзивті қоғам құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея, Бразилия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бақ сынайтын халықаралық доданың ауқымы кең екеніне назар аударды. Іс-шарада осындай деңгейдегі жарыстың Қазақстанда өтуі елде паралимпиадалық қозғалысты дамыту және әр азаматқа тең мүмкіндік жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі екені де айтылды.
«Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі Қазақстан Бочча федерациясымен қатар еліміздегі паралимпиадалық қозғалыс үшін де маңызды оқиға. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде параспортты дамытуға және барша азаматқа тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Параспортшылардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалып келеді. Астанада спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген еліміздегі алғашқы бірегей Инклюзивті спорт орталығының ашылуы соның жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордадағы бұл тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде де кезең-кезеңімен іске асырылады», деп, Мәулен Әшімбаев Халықаралық бочча федерациясына және турнирдің Қазақстанда өтуіне атсалысқан серіктестерге алғыс білдірді.
Бочча Қазақстанда жай ғана спорт емес. Ол бүгінде мыңдаған мүмкіндігі шектеулі азамат пен олардың отбасылары үшін әлеуметтік интеграция мен оңалтудың маңызды тетігіне айналды. Осы ретте боччадан Қазақстан ұлттық құрамасында қазір елуге жуық параспортшы өнер көрсететінін атап өткен жөн. Жарыстың ашылу рәсімінде кейінгі жылдары Қазақстан Бочча федерациясы жаттықтырушылар, параатлеттер, олардың ата-аналары, сондай-ақ, еріктілермен бірге бұл спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарғанына да мән берілді.
«Бочча – ерекше спорт түрі. Ол ерік-жігер мен асқақ рух, табандылық пен қайсар мінез арқылы кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәріптейді. Бүгін жарыс алаңына шығатын әр спортшы – батылдықтың, төзімділіктің және өзіне деген сенімнің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Астанада әлем кубогі үшін жарыстың өтуі Қазақстанда боччаның одан әрі дамуына тың серпін беретіні анық», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар боччаны заманауи өнер арқылы кеңінен насихаттау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте көрерменнің ықыласына бөленіп, шетелдік әріптестердің жоғары бағасына ие болған «Ерекше» көркем фильмі әңгімеге арқау болды.
Айта кетейік, «Astana 2026 World Boccia Cup» халықаралық турнирі 2026 жылғы 1-9 маусым аралығында өтеді. Әлем кубогінің бұл кезеңі ресми рейтингтік жарыстар жүйесіндегі бәсеке және алдағы Лос-Анджелес Паралимпиадасына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Өз алаңымызда өтетін дүбірлі додада Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Олардың үшеуі қозғалыс мүмкіндігі аса шектеулі BC3 санатындағы спортшылар. Олар арнайы рампа арқылы допты бағыттап, жарыс барысында ассистенттердің көмегіне сүйенеді. Жарыстар жекелей, жұптық және командалық сындар бойынша өткізіледі.
Қазақстандық параспортшыларды даярлау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Португалиядан тәжірибелі бапкер Роберто Матеуш шақырылғанын да атап өткен жөн. Мамандар құрамына қосылған жаттықтырушы халықаралық жарыс қарсаңында команданың техникалық және тактикалық дайындығын жетілдіруге басымдық беріп, тиісті жұмыс жүргізді. Жалпы, аталған турнир Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Халықаралық бочча федерациясының президенті Джон Морганмен кездесті. Тараптар паралимпиадалық спорттың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, Қазақстанда бочча спортын кеңінен насихаттау мәселелерін, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолдарын, сондай-ақ, спортшылар мен жаттықтырушыларды ірі халықаралық жарыстарға даярлау ісін қолдау тетіктерін талқылады.
Кездесу барысында Джон Морган Қазақстанның халықаралық серіктестікке ашық әрі сындарлы ұстанымына жоғары баға беріп, халықаралық федерация инклюзивті қоғам құруға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.