• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:12

Баласы кәмелет жасына толғандар жәрдемақыдан қағыла ма?

Гүлмира ЖӘКЕНҚЫЗЫ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ана мен баланы қорғау басқармасының басшысы:

Елімізде «көпбалалы отбасы», «наградталған ана» ұғымдары әлеу­меттік көмек, белгілі бір жеңілдіктер ұсынуға негіз ретінде қолданылады. «Неке және отбасы туралы» кодекстің 1-бабына сәйкес бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасы көпбалалы саналады. Оның ішінде кәмелет жас­қа толғаннан кейін жалпы орта, тех­ни­калық-кәсіптік немесе жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарында оқитын балалары бар отбасылар да осы мәртебеге ие болады. Яғни баласы ЖОО немесе колледжде оқитын көпбалалы отбасылар бұрынғыша жәрмақысын ала береді. Ескеретіні, оқуда жүрген бала 23 жасқа толғанға дейін ғана мәртебе сақталады. Яғни үш баласы мектепке қатынаса, бір баласы мектептен кейінгі білім беретін ұйымда оқыса, онда ол көпбалалы отбасы әлеуметтік көмек пен жеңілдіктерден қағылмайды.

Көпбалалы отбасыларға әлеумет­тік қолдау көрсету мақсатында табы­сына қарамастан отбасындағы бала санына байланысты сараланған мөл­шерде төленетін мемлекеттік жәр­демақы 2020 жылғы қаңтардан бастап енгізілді.

4 баласы бар отбасылардың жәрдемақы мөлшері – 16,03 АЕК, 5 баласы барларға – 20,04 АЕК, 6 баласы барларға – 24,05 АЕК, 7 баласы бар отбасыларға – 28,06 АЕК, 8 және одан да көп болса, әр балаға 4 АЕК шамасында төленеді. Бүгінде жәрдемақының осы түрі 631 мыңнан астам отбасына тағайындалып, төленіп жатыр.

Тағы бір ескеретін жайт, қолда­ныс­тағы заңнамаға сәйкес 18 жасқа тол­маған тұлға бала болып есептеледі. Осы­ған байланысты көпбалалы отбасы мәр­тебесі уақытша беріледі. Яғни отбасы­дағы үлкен бала 18 жасқа тол­ған­­да немесе күндізгі оқу нысанында оқымаған жағдайда бұл мәртебе тоқта­тылады. Жоғарыда айтқандай, бала күн­дізгі бөлімде оқитын болса ғана «көп­балалы» деген мәртебе 23 жасқа дейін сақталады.

Осы күнге дейін көпбалалы отбасылар жәрдемақыдан қағылмаудың қамын ойлап, ЖОО-дан немесе кол­леджден жыл сайын оқитыны туралы анықтама алатын. Ол құжат­ты халыққа қызмет көрсету орта­лықтарына өткізетін. Құжат өткіз­бесе, жәрдемақы түспейтін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жұмысты автоматтандыруға кірісті. Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық жүйесіне қосылған соң, мәліметтер күнбе-күн түсіп отырады. Осылайша, келешекте отбасылар баланың ЖОО немесе колледжде оқитыны туралы анықтама алып, сабылмайды. Бар болғаны көп­балалы отбасына тағайындалған жәр­дем­ақының мерзімі ұзартылғаны туралы SMS хабарламаға жауап беріп, мәселесін шешеді. Хатты алған отбасы үш күннің ішінде келісетінін айтып, мақұлдауға тиіс. Оған үлгермесе, әдеттегіше өтініш береді. Қазір бұл мәселені мемлекеттік органдар қарап, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жүйе биыл толық автоматтандырылған күннің өзінде ескеретін жайттар болады. Мысалы, бізде шетелдің оқу орындары туралы дерек болмаған соң, онда оқитын студенттер бұрынғыша оқитынын растайтын анықтама өткізеді. Егер келер оқу жылында қандай да бір себептермен жәрдемақы түспесе, бірден Халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабар­ласқаны абзал.

Соңғы жаңалықтар