Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Ли бастаған ауқымды іскерлік делегация елімізге жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында делегация өкілдері БАҚ өкілдерімен кездесіп, еліміздегі келіссөздердің нәтижесі туралы медиа-брифинг өткізді.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан, Қытай және Гонконг арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Орталық Азиядағы жаңа мүмкіндіктерді бірлесіп игеру. Жиында қаржы, кәсіби қызмет көрсету, логистика мен көлік, инновация және технология, сауда, жасыл экономика, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, биофармацевтика, автомобиль өндірісі, медиа салалары сөз болды. Еліміздегі кездесулер аяқталғаннан кейін делегация Өзбекстанға барып, «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық бағыттарды талқылауды жалғастырады. Гонконг сауда дамыту кеңесінің төрағасы Фредерик Ма еліміздің өңірдегі орнына ерекше тоқталды.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономикасы бар мемлекет. 2025 жылы өңірдің ішкі жалпы өнімінің 53 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі болды. «Қазақстан–2050» стратегиясы аясында мемлекет экономиканы әртараптандыруды жүйелі түрде жүргізіп келеді әрі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат етеді. Бағамдап қарасақ, өсу әлеуеті де жоғары. Біз логистикалық инфрақұрылым, цифрлық экономика, ауыл шаруашылығын жаңғырту мен азық-түлік өңдеу салаларында үлкен белестерге жетеді деп сенеміз», деді ол.
Еліміздегі сапар барысында делегация «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, Halyk Bank пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшыларымен кездесті. Сонымен қатар «Astana Hub» халықаралық технопаркі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында болып, еліміздегі инновациялық экожүйе мен қаржы секторындағы жаңа бастамалармен танысты. Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли екіжақты ынтымақтастықтың болашағына жоғары баға берді.
«Бұл – менің жетекшілігіммен ұйымдастырылған Орталық Азиядағы алғашқы әрі ең ірі іскерлік миссия. Қазақстанды сапардың алғашқы бағыты ретінде кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бүгінде әлем күрделі геосаяси және экономикалық өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Осындай жағдайда Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан маңызды өңірге айналды. Ал Қазақстан осы өңірдегі ең ірі экономика ретінде ерекше орын алады. Кейінгі жылдары ел ауқымды реформалар жүргізіп, инвестициялық тартымдылығын күшейтті. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет мүшелерімен мазмұнды кездесулер өткіздік. Қазақстанның даму бағыты мен Гонконгтың экономикалық көзқарастарының арасында ұқсастық көп екенін байқадық», деді Д.Ли.
Делегация мүшелерінің сөзінше, екі ел арасындағы білім беру бағытында да жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Қазір шамамен 500 отандық студент Гонконгта білім алады. Сапар барысында қонақтар Назарбаев университетіне барып, жоғары оқу орындары арасындағы жаңа келісімдерге қол қоймақ. Бұл студенттер алмасуын, бірлескен зерттеулерді әрі қос диплом бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік береді.
«Гонконг халықаралық қаржы орталығы ретінде әлемдік капитал мен технологияларды біріктіретін алаңға айналған. Біз Қазақстан компанияларының халықаралық нарықтарға шығуына көмектесуге дайынбыз. Қазақстандық бизнес үшін Гонконг Қытайға жол ашатын қақпа болса, Гонконг үшін Қазақстан Орталық Азияға шығатын маңызды әріптес. Сондықтан біздің ойымызша, екі тараптың ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары», деді Джон Ли.
Тараптар сауда, қаржы, технология, білім беру, авиация және жасыл экономика салаларын қамтитын 43 өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселесін талқылады. Бұл құжаттар инвестиция тартуға, жаңа өндірістік жобаларды іске қосуға әрі іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар келесі жылдың бірінші тоқсанында Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспары қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде бизнес өкілдерінің, туристер мен студенттердің қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
2026 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,6 пайызға өсіп, 360,5 млрд долларға жетеді. Ал Халықаралық валюта қоры Орталық Азия мен Кавказ өңірінің экономикасы 2025 жылы 6,2 пайызға, 2026 жылы 4,8 пайызға өседі деп болжап отыр. Мұның өзі өңірдің халықаралық инвесторларды қызықтырып, еліміздің экономикалық хаб ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.