Ұзақ жылдан бері Жамбыл өңірі химия өнеркәсібінің локомотиві екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Әуелде фосфор өндірумен аты әлемге танылған облыста кейінгі жылдары көптеген жаңа кәсіпорындар мен зауыттар салынып жатыр. Солардың бірі – ресейлік «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-не қарасты күкірт қышқылы зауыты. Облыс аумағында бұған дейін химия саласы бойынша 44 орта және ірі кәсіпорын жұмыс атқарыпты. Ал жаңадан ашылған кәсіпорын 45-зауыт ретінде тіркеліп отыр. 170 млн доллар инвестиция құйылған өндіріс ошағы бірер күн бұрын жұмысты бастап кетті.
Мамандардың айтуынша, Сарысу ауданы аумағында салынған зауыттың әлеуеті жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге жетеді. Жалпы алғанда, ресейлік компания өңір аумағында үш кезеңнен тұратын ауқымды жобаларды іске асыруға бел буғаны мәлім. Жалпы сомасы 1 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті көрінеді. Ал күкірт қышқылы зауыты сол үш кезеңнің екінші кезеңі аясында жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
«Мемлекет басшысы Жолдауында елдің өнеркәсіптік негізін нықтау күн тәртібінен түспейтінін мәселе екенін атап өткені баршаға белгілі. Біздің өңір үшін де экономикалық дербестікті нығайтудың маңызы зор деп білеміз.
Сарысу ауданында бой көтерген кәсіпорынның іске қосылуы – инвестицияның, заманауи технологияның, өңірдің өндірістік әлеуетінің нақты нәтижеге ұласқанын айғақтайды. Жалпы алғанда, облыс аумағында қолға алынып жатқан жобалардың барлығы да облыс экономикасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар жаңа жобалардың есебінен жұмыс орнын арттыру – басты мақсат. Жергілікті атқарушы билік өкілдері сол бағытта талмай тер төгіп, аянбай еңбектеніп жатыр», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
«ЕуроХим» ЖШС бас директоры Игорь Ахмеровтің айтуынша, кәсіпорын басшылығы жергілікті кадрларды даярлауға басымдық бермек. Өйткені алдағы уақытта өндірілетін өнім көлемін арттыру көзделген. Нәтижесінде, жұмысшы саны көбейеді. Сол кезде негізінен жергілікті азаматтардың мойнына артылатын жауапкершілік жүгі арта түседі. Ол үшін ерте бастан қамданған жөн.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық-әлеуметтік серіктестік ешқашан тоқтаған емес. Соның бір жарқын дәлелі ретінде Сарысу ауданы аумағында салынған күкірт қышқылы зауытын іске қосып отырмыз. Осылайша, өзімізге міндеттеме ретінде мойнымызға алған үш кезеңнің екіншісін сәтімен аяқтадық деп айтуға толық негіз бар. Әзірге жұмыс қалыпты режімде атқарылады. Ал алдағы жылдың бірінші тоқсанында толық қуатта жұмыс істейміз. Ауқымды жобаның уақтылы жүзеге асуына тікелей қолдау білдірген Қазақстан билігіне, Үкімет мүшелері мен Жамбыл облысы әкімдігіне зор алғыс айтамын. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас әрмен қарай да нығая түсетініне еш күмән жоқ. Біз облыс әкімдігімен бірлесіп, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында техникалық колледж ашуды жоспарлап отырмыз. Өйткені химиялық кешенді толық іске қосқанда жұмысшылар саны өседі. Демек жергілікті кадрларды даярлау керек. Сондай-ақ баспана, мектеп пен балабақша салу жоспарымызда бар», дейді И.Ахмеров.
Зауыт басшылығы келтірген дерекке сенсек, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде өндірілетін өнім көлемін
1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Ал күкірт қышқылы зауытында қазіргі уақытта 330 адам жұмыс істейді.
Жаңа жоба – Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік стратегиялық серіктестігінің айқын көрінісі. Жылына 800 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын елдегі өнеркәсіп саласын өрге сүйрейді. Өйткені зауыттан шығатын күкірт қышқылы уран алу, металлургия мен минералды тыңайтқыштар алуда қолданылады. Еліміз жылына
3,5 млн тонна күкірт қышқылын пайдаланатындықтан, зауыт ішкі нарықты қамтуға үлес қосады.
Ресейлік компания өндіретін тағы бір өнім – минералды тыңайтқыш. Бұл зауыттың өнімін әлемнің жетпістен астам мемлекеті тұтынады. «ЕуроХим» компаниясы әлеуметтік серіктес ретінде бүгінгі күнге дейін бірқатар жобаны жүзеге асыру мақсатында 29 млн доллар көлемінде қаржы аударыпты.
Компания басшылары қолға алған, үш кезеңді қамтитын жобалар толыққанды жүзеге асқан кезде 1 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр. Серіктестік басшылары бірінші кезекте жергілікті азаматтарды жұмысқа қабылдауға ниетті.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген дерекке жүгінсек, осы жылы өңірге 471 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған. Нәтижесінде, 47 кәсіпорын ашылыпты. Алдағы төрт жылдың бедерінде жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жобаны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жүзеге асқан жаңа жобаның басты артықшылығы – заманауи, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиялардың қолданылуы. Мамандардың айтуынша, қажетті құрал жабдықтарды әлемнің ең мықты өндіруші елдерінен алыпты. Жаңа өндіріс ошағынан жанама өнім ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алу жоспарланған. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.
Жауапты тұлғалардың сөзіне сенсек, құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылған көрінеді. Өнімін жаһанның маңдайалды мамандары жоғары бағалаған кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын арттыруға бекініп отырғаны көңіл тоғайтады. Бұл өз кезегінде Сарысу даласында жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек ұстауына мүмкіндік беретіні даусыз деп білеміз.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы