Жазушылар одағы – қазақтың сөзі мен ойының, ұлттық танымның қайнар бұлағы. Содан да болар, жасанды интеллект пен цифрландыру дегенде біздің ойымызға тікелей технология саласы оралғанымен, түптеп келгенде, ЖИ-дің дамуын әдебиетсіз, қазақтың көркем тілінсіз елестету мүмкін емес.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, «Ұлттық тіл қоры және әдеби мұра: ЖИ дәуіріндегі ортақ міндет» тақырыбында іс-шара өткізді. Жиында алғашқы сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов: «Қазір жасанды интеллект өте жылдам дамып жатыр. Ол мәтін жазады, аударма жасайды, дерек талдайды, құжат әзірлейді. Мұндай жағдайда қазақ тілі мен әдебиетін жасанды интеллект дәуірінің шетінде қалдырмауды мақсат етуге тиіспіз», дей келіп Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін цифрлық кеңістікке енгізу бағыттарына ерекше мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ Талғат Ілиясұлы ЖИ саласындағы бастамалардың мазмұнына тоқталып, интеллект дәуіріндегі тіліміздің толыққанды қолданылуы туралы маңызды ойларын ортаға сала келіп: «Алдағы уақытта Жазушылар одағымен бірлесіп, қазақ тіліндегі сапалы контентті, оның ішінде әдеби цифрлық қорды дамыту, әдеби және ғылыми мәтіндерді цифрлық кеңістікке бейімдеуіміз керек. Сонымен қатар қаламгерлермен бірге көркем мәтіндерді тіл үйрету үдерісінде тиімді пайдалану бағытында ортақ бастамаларды жүзеге асыруға болады деп есептейміз. Қазақ сөзі бүгінге дейін әр дәуірде өз формасын тауып келді. Бір кезде ауызша тарады, кейін тасқа қашалды, қолжазбаға түсті, кітапқа айналды, газетке шықты, радио мен экранға жетті. Осындай кезеңдерден өткен тіліміз жасанды интеллект дәуіріне де жетті. Осы кезеңде қазақ тілінің жаңа кеңістікке табиғи, сауат-ты, беделді және толыққанды тіл ретінде кіруін қамтамасыз ету ортақ міндетіміз болуы қажет», деді.
Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Қазақ тілі – халқымыздың жаны, рухы, тарихи жады. Ал әдебиет – сол тілдің ең бай қазынасы, көркем ойдың, ұлттық дүниетанымның, халықтық таным мен мінездің сақтаушысы. Сондықтан қазақ тілінің цифрлық болашағы туралы сөз болғанда, әдеби мұраны айналып өту мүмкін емес. Егер біз қазақ тілінің жаңа технологиялар дәуірінде толыққанды қызмет етуін қаласақ, әдеби мұраны цифрландыруға, жүйелеуге, ғылыми тұрғыдан саралауға, оны заманауи технологиялық платформаларға бейімдеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Жазушылар одағы бұл жұмыстарға бейжай қарай алмайды. Өйткені әдебиет пен тіл тағдыры – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бүгінде қазақ қаламгерлерінің шығармалары тек оқырманға ғана емес, болашақта жасанды интеллект жүйелерінің де тілдік қорына айналуы мүмкін. Сондықтан көркем мәтіннің сапасы, тіл мәдениеті, сөз тазалығы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Біз технологияның ұлттық мүддеге қызмет еткізуге мүдделіміз. Жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, әдеби мұраны жаңа буынға жақындатуға, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттауға күш салуы-мыз қажет», деді.
«Тіл-Қазына» мекемесінің басшысы Мақпал Жұмабай орталықтың цифрлық дәуір талаптарына қазақ тілін бейімдеу бағытындағы атқарып жатқан жұмысымен таныстырды. «Бүгінде қазақ тілін дамыту тек тілдік норманы сақтау немесе әдістемелік құрал әзірлеумен шектелмейді. Ендігі міндет – қазақ тілінің ақпараттық жүйелерде, мемлекеттік басқаруда, білім үдерісінде, құжат айналымында, аударма саласында, терминологиялық жұмыста және жасанды интеллектке негізделген жаңа сервистерде табиғи әрі сапалы қолданылуына жағдай жасау. Осы бағытта орталығымыз мәтінді автоматты өңдеу, қателерді автоматты танып, түзету, нақты уақыт режімінде аударма жасау, деңгейлеп тіл үйрету, жаңа терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына сай жүйелеу сияқты бірнеше қолданбалы шешім әзірлеп келеді», деді.
Іс-шара аясында жасанды интеллектіге тек технологиялық шешім жеткіліксіз екені, ол кеңістікке тілдің жаны, сөздің мәдениеті, ойдың тереңдігі енбесе, қазақ ұлты көштен қалатыны сөз болды. «Қазақ әдебиеті – тіліміздің табиғи қалпы, бейнелі ойлау жүйесі, ішкі әуені, сөз саптау мәдениеті сақталған үлкен рухани кеңістік. Сондықтан әдеби мұраны цифрлық кеңістікке бейімдеу, көркем мәтіндерді тіл үйрету үдерісінде тиімді пайдалану, қазақ сөзінің байлығын жаңа технологиялармен сабақтастыру бәрімізге ортақ міндет», деді Мақпал Жұмабай.
Кездесу барысында көрнекті жазушы Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, Әлібек Асқар, Есберген Алауханов, Амантай Шәріп сынды жазушы, ғалымдар мазмұнды пікірлер айтты. Әр пікірдің астарынан қазақ тіліне деген жанашырлық, әдеби мұраға деген жауапкершілік, жаңа дәуірге бейжай қарамау ниеті байқалып тұрды.