• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 09:24

Әлем шабандоздары бас қосқан аламан

Астанада ат спортынан ха­лықаралық деңгей­дегі бе­дел­ді турнир ұйымдас­тырылды. Елордада алғаш рет өт­кен дүбірлі додаға әлемнің 12 елінен келген спортшылар қатысып, үш күн бойы жанкүйерлерге тартысты бәсеке сыйлады. Халық­ара­лық аламанда үздік шық­қан шабандоздар жүлделермен қатар маңызды рейтингтік ұпайларға да қол жеткізді.

Елорда төрін дүбірге бө­ле­ген айтулы іс-шара Ха­лық­аралық ат спорты феде­рациясының (Fédération Équestre Internationale – FEI) қолдауымен өтті. Турнирдің басты ерекшелігі – бір мезетте үш халықаралық жарыстың ұйымдастырылуы. Атап айтқанда, FEI Әлем кубогінің кезеңі, FEI «World Cup Challenge» финалы және CDI1*/CDI3* бағдарламалары бойынша спортшылар өзара мықтыны анық­тады.

Биыл Германияның Ахен қала­сында ат спортынан әлем чемпионаты өтеді. Астанадағы халықаралық турнир сол жаһандық додаға іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Осыған байланысты отандық спортшылар халықаралық рейтингтік ұпайларды енді шетелдегі жарыстарда ғана емес, елімізде өткен беделді турнирде де жинауға мүмкіндік алды.

Елімізде тұңғыш рет ұйым­дастырылған халықаралық додада жергілікті спортшылар Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Респуб­ликасы, Мысыр, Эквадор, Ресей және Өзбекстаннан келген тәжірибелі қарсыластарымен бақ сынасты. Бұл жарыс отандық ат спортының халық­аралық деңгейдегі байланысын кеңейтіп, шабандоздарымыздың тәжірибе алмасуына жол ашты.

Жарыс бағдарламасына конкур мен атпен мәнерлеп жүру (дрессаж) сайыстары енгізілді. Қатысушылар әр бағдарламада жоғары шеберлік пен тыңғылықты дайындығын көрсетті. Әсіресе биіктігі 160 сантиметрге дейінгі кедергілерден секіру бәсекесі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әлем кубогінің кезеңі мен Гран-при жарыстарының мәртебесі жоғары болғандықтан, әрбір шабандоз жеңіс жолында  аянып қалған жоқ.

Турнир FEI «Jumping World Challenge Final» іріктеу жарысымен, CSI-W Әлем кубогі кезеңімен бас­талды. Биіктігі 125 сантиметр­лік кедергілерден секіру сайысында өзбекстандық Хуршидбек Әлімжанов «Champions League» тұл­парымен жеңіске жетті. Біздің Бек­жан Байжанұлы «King Diamond» сәйгүлігімен күміс жүлдеге ие бол­са, қырғызстандық Ринат Галимов үз­дік үштікті түйіндеді.

FEI  «Jumping World Challenge ­Final 2026» бағдарламасының алғаш­қы іріктеу кезеңінде өзбекстан­дық Бекзод Розмухамедов үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын бразилия­лық Бернардо Краус Герраға бұйырса, жаңазеландиялық Эйми Коллинсон үшінші орыннан көрінді.

Алғашқы күннің ең жауапты сын­дарының бірі «CSI-W FEI Jumping World Cup» аясындағы «Bank center credit equestrian cup» Гран-приіне іріктеу жарысы болды. Биіктігі 140 сантиметрлік кедергілерден секіруде біздің Олег Соко­ленко «Cinderella» тұлпарымен үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Бейтарап мәртебедегі Сергей Петров күміс жүлде иеленсе, Олеся Лукина қола медальға қол жеткізді.

Халықаралық турнирге тың­ғы­лықты дайындалған өзбекстандық Бекзод Розмухамедов «Challenge Final» бағдарламасының екін­ші іріктеу жарысында да қарсылас­та­рынан оқ бойы озық шықты. Марок­колық Нал Зеруал екінші орын алса, Бернардо Краус Герра тағы бір мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстандық Әнуар Досмаилов ал­ғашқы бестіктен орын алды.

Дрессаж бағдарламасындағы бәсе­­келерде де жоғары нәтиже тір­кел­­ді. CDI 1* FEI Dressage бағ­дар­ламасының St. George сынында өзбекстандық Алина Шевцова топ жарды. Қырғызстандық Екатерина Каркавцева күміс жүлдеге ие болса, қазақстандық Дарья Попова үздік үштікті қорытындылады.

Сайыстың екінші күні өткен «CDI Intermediate I» бағдарламасында Дарья Попова күміс жүлдегер атанды. Ал Grand Prix «Bank center credit cup» CDI 3* жарысында тағы да Алина Шевцова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріл­ді. Екатерина Каркавцева үшінші орынды иеленді.

«CSI-W FEI Jumping World Cup» бағдарламасы бойынша 135 сантиметрлік кедергілерден секіруде Олег Соколенко қола медаль жеңіп алды. Ал «Ultima yandex cup» жарысында Раиса Соколенко «Uran-nad Wigrami» тұлпарымен тамаша өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Турнирдің ең әсерлі сәттерінің бірі «Six Bar Jump-Off» сайысы болды. Бұл бәсекеде кедергілердің биік­­тігі кезең-кезеңімен 170 сан­ти­метрге дейін көтеріліп отыр­ды. Нәтижесінде, Нүрила Тұрысбе­кова мен Ясмин Ибрагимова үздік шы­ғып, елімізге тағы екі алтын жүлде сыйлады.

Үшінші жарыс күні «FEI Jum­ping World Challenge Final» жеңім­паздары анықталды. «Final Compe­tition – Challenge Final» (120 см) бағдарламасында бразилиялық Бер­нар­до Краус Герра жеңіске жетті. Күміс жүлде Бекзод Розмухамедов­ке бұйырса, колумбиялық Нико­лас Род­ригес Посада үздік үштікті түйіндеді.

Бұл бағдарламада жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсете алмағаны­мен, «CSI-W AEF/Mantena Cup» ­(135 см) сайысында есесін қайтар­ды. Олег Соколенко «Shenanigan» тұлпа­рымен жеңімпаз атанып, «Selly Blue» сәйгүлігімен тағы бір мәрте күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қыз­дар арасындағы бәсекеде Нүрила Тұрысбекова қола медаль еншіледі.

Турнирдің шарықтау шегі саналатын «Grand Prix Maxima Masters Eurasia Cup CSI-W» (160 см) жарысы да жоғары деңгейде өтті. Бұл сында бейтарап мәртебедегі Богдан Васковский «Emilion fonroque» тұлпарымен жеңіске жетті. Ксения Хайрулина күміс жүлдегер атанса, қырғызстандық Камил Сабитов қола медаль иеленді.

Дрессаж бағдарламасындағы «Inter­mediate i freestyle aef/Mantena CUP» сайысында Дарья Попова қола жүлдеге ие болды. Ал «grand prix freestyle CDI 3* бағ­дарламасында Алина Шевцова тағы да өзінің жо­ғары деңгейін дәлелдеп, жарыстың жеңімпазы атанды.

Елордадағы халықаралық турнир Қазақстанның Халықаралық ат спорты федерациясы аясын­дағы бе­делді жарыстарды жоғары деңгейде ұйым­дастыра алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Үш күнге созылған бәсеке қо­рытындысында Қазақстан құра­ма­сы 14 медаль жеңіп алды. Бұл нәти­же отандық ат спортының қарқын­ды да­мып келе жатқанын, отандық спорт­шылардың халықаралық арена­дағы бәсекеге қабілеттілігін айқын аңғартты.

Олег Соколенко, Раиса Соко­ленко, Нүрила Тұрысбекова, Ясмин Ибрагимова, Дарья Попова, Бек­жан Байжанұлы бастаған шабан­доздар­дың табысты өнері жан­күйерлер­дің көңілінен шықты. Енді олар алда­ғы халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қор­ғап, жоғары нәти­желерге қол жеткізеді деген сенім мол.

Соңғы жаңалықтар