• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 10:48

Италия, АҚШ пен Индонезия тәжірибесі: әлемдік реформалар Қазақстандағы рақымшылық жобасына қалай ықпал етті?

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар рақымшылық жасауға қатысты заң жобасын талқылап жатыр. Жаңа заң жобасына қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Соңғы жылдары Қазақстанда бірнеше рет рақымшылық жарияланды. Мәселен 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүргізілген рақымшылық аясында 2 мыңнан астам адам босатылып, 11 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімі қысқартылды.

Елімізде сотталған азаматтардың қаншасы рақымшылыққа ілігеді?

Жаңа құжатқа сәйкес әкімшілік рақымшылық негізінен айыппұлдарға және қоғамға аса қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарға қатысты жүргізіледі. Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, заң жобасы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындалған.

«Мысалы, Италияда әкімшілік жүктемені азайту және азаматтардың міндеттемелерін өз еркімен орындауын ынталандыру мақсатында әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері пайдаланылған. АҚШ-та кейбір штаттар берешекті ерікті түрде өтеу жағдайында әкімшілік санкциялар мен өсімпұлдарды уақытша алып тастау бағдарламаларын жүзеге асырған. Ал Индонезияда әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ауқымды реформалардың бір бөлігі ретінде қолданылып, активтерді заңдастыруға, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға және құқықтық кеңістікті кеңейтуге бағытталған», деді Мәжіліс депутаты.

Қазақстанда кімдердің әкімшілік жазалары толықтай кешіріледі?

Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау еліміздегі осы бағыттағы алғашқы тәжірибе болмақ.

«Әкімшілік рақымшылық – бұл соңғы нүкте емес, бұл үлкен үдерістің бастауы. Алдағы уақытта бұл құқықтық шараның нәтижесін бағамдай келе, әкімшілік заңнаманы бұдан да кеңірек форматта ізгілендіруге мүмкіндік туады. Осы игілікті шара арқылы әрбір азамат өзінің жіберген кемшілігін сезініп, қоғамда заң мен тәртіпті сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарайды деп сенемін», деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында рақымшылық, кеден мен психологиялық қызметке қатысты заң жобалары қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар