Ақмола облысында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында егіншілік полигоны жұмыс істей бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ғылыми-өндірістік орталықтың бас директоры Кенже Абдуллаев мәлімдеді.
Бұл ауқымды жоба Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары мен алдыңғы қатарлы ауылшаруашылық кәсіпорындары және облыс әкімдігі өкілдері енген ғылыми-өндірістік кеңестің бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жоба мақсаты – агроценозды басқару мен мониторинг негізінде егіншіліктің нақты технологияларын бейімдеу және трансферт жасау. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, шығындарды азайту.
Егіншілік полигонының аумағы 3 мың гектарды алып жатыр. Жаңа технологияны қолданудың нәтижесінде егін егу мен астықты жинаудың оңтайлы уақытын болжаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқышты себудің, зиянкестер мен арамшөпке қарсы күресудің интеллектуалды жүйелерін пайдалана отырып еңбек өнімділігін бірнеше есеге дейін арттыруға болады екен. Ал жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, астықтың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермек. Брифинг барысында К.Абдуллаев жобаны жүзеге асыру астық өнімділігін гектарына 25 центнерге, ал еңбек өнімділігін 2-2,5 есе арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»