• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 25 Мамыр, 2018

Соңғы қоңырау сыңғыры

2776 рет
көрсетілді

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау үні де сыңғырлады. Соңғы қоңырау үнінің өзіндік сыры бар. Бұл – балалық балдәуреннің бір белесі. Енді аз кем күннен соң емтихан науқаны аяқталып, мұғалімдер мен оқушылардың асыға күткен жазғы демалысы да басталады. Қолың жетсе, жазғы лагерьде жаңа достар тапсаң да, ауылда ата-әжеңнің жанына барып асыр салсаң да, алысқа ұзамай ата-анаңа қолғабыс етсең де айрықша қуаныш. Әне, демалыс деп соны айт! Ал биыл орта білім алып шыққан 147 мың мектеп бітіруші үлкен өмірге қадам басты. Олардың арманы биік, көңілі алаң. Өйткені қорытынды аттестаттау, одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеу һәм мамандық таңдау сияқты жауапты кезең күтіп тұр. Сондай-ақ категориясын көтеруді қалаған мұғалімдер де жаңа форматтағы біліктілік тестілеуінен өтеді.

25 мамырда барлық мектепте салтанатты жиын өтіп, оқу жылын қортындылады. Биыл 7 мыңға жуық түлек «Алтын белгіге» үміткер атанды. Айта кеткен ләзім, ағымдағы жылы «Алтын белгі» иегерлеріне ҰБТ кезінде жинаған балы тең болған жағдайда ғана басымдық беріледі. Ал алдағы ҰБТ сынағына 102 442 мектеп бітіруші қатысуға ниет етіп отыр. Олардың 75 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, ал 25 пайызы орыс тілінде тапсырмақ. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, бүгінде 1,5 мың аудитория ҰБТ тапсыру науқанын өткізуге әзірленуде. Оның ішінде 500-ден аса аудитория әлі де мобильді байланысты шектейтін құрылғылармен жабдықталмаған екен. Осы орайда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жергілікті әкімдіктерді ҰБТ өткізу пунктерін металл іздеуіштермен, камералармен және байланысты шектейтін құрылғылармен жабдықтауға шақырған болатын.

Әрине, мектеп бітірушілердің кеші де, түлектердің таң шапағын қарсы алуы да ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді әжептәуір әбігерге салғанымен әп-сәтте өте шығады. Ең бастысы, аяулы алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектің өмірдің өз қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет етер тас түлекке айналуы болса керек!

Абай хәкім айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!..»

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»