Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Q trend» жобасы аясында латын әліпбиіне көшудің барысына арналған «Журналистика және сандық Қазақстан» форумы болып өтті.
Форумның ұйымдастырушылары Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ және Алматы қаласы этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаты болып табылады.
Форумда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғару» бағдарламалық мақаласы аясында сандық журналистиканың мүмкіндіктері талқыланды. Форумды ашқан «Қазақстан ұйғыр жастар одағының» төрағасы, ҚХА мүшесі Р.А.Кайрыев жаңа технологиялар кезеңінің мүмкіндіктері тұрғысында бірқатар мысалдарды ортаға салды. Сандық жүйеге көшуде жастардың үлесі зор, деп атап көрсетті. Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары К.ВМамсуров еліміздің сандық жүйеге көшудегі жобаларында жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айта келе, алдыңғы буын жаңа технологиялардың жетістіктерін жастардан үйренеді деген пікірін білдірді.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, профессор Н.Т.Шыңғысова журналистиканың қоғамды сауықтырудағы, еліміздің беделін көтерудегі рөлінің жоғары екендігіне тоқталып, бүгінгі таңда қауіпті мамандықтар қатарына енгендігі туралы айта келе ақпараттық қауіпсіздік, журналистің құқығы, сандық форматқа көшудегі жаңа мүмкіндіктері турасында ойын ортаға салды.
Ал Достық үйінің директоры Ж.К.Шаймұханбетова ҚХА жастар белсенділігі турасында сөз қозғап, «Жарасым жолы» жастар қозғалысының жұмысына тоқталып, сандық жүйеге көшудегі жастардың бастамаларына сәт-сапар тіледі.
Алматы қаласы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы, саясаткер И.Б.Кураев «Мемлекетті цифрландыру: мүмкіндіктері мен болашағы» тақырыбында баяндама жасап, қазақстандық жастар жаңа заманның үйлестірушісі деп атап көрсетті. Яғни, сандық жүйеге көшуде еліміздің алыс аймақтары мен орталықтарын байланыстырудағы негізгі көпір болып табылатын жастар қауымы жылдам, зерек, қағілездік басымдықтарына ие болу арқылы еліміздің осы бағыттағы үдерістерінің белсенді қатысушылары болып табылатындығын жеткізді.
ҚКХП ұйымдастыру партия секторының меңгерушісі А.С.Әуелбеков «Қазақстан Республикасындағы цифрлық технологиялардың дамуы» тақырыбындағы баяндамасында электронды үкіметтің мүмкіндіктері, сандық жүйедегі жаңашылдықтар турасында деректер келтірді.
Алматы қаласы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ директоры Ж.Ш.Мұрынова «Жаңғыру жолы», «Жарасым» жастар қозғалысының кез келген жобаларына қолдау білдіретіндігін айтып, жастардың жауапкершілігі жоғары деп атап көрсетті.
Форум аясында Р.А.Кайрыев жас журналистерге арналған «Zharasym magazine» жаңа электронды журналын таныстырды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жаңа журналдың мүмкіндіктері зор. Қазақ тілін меңгеруде де, латын қарпін игерудегі дәнекер басылым болып табылады. Журнал пайдаланушыларға тегін әрі қолжетімді болып табылады. Осы тұрғыда пікір білдірген қатысушылар «Zharasym magazine» журналында қазақстандағы этнос өкілдері жастарының белсенділігі турасында және баршамызға ортақ қазақ тілін игеруге байланысты мақалалар осы журналда жиі жарияланып тұруы тиіс деген пікірлерін білдірді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ