Бүгін қазақстандық «SCAT Airlines» әуе компаниясы Астанадан Вильнюсқа алғашқы рейсті орындады, деп хабарлайды ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті.
Литва астанасы Вильнюсқа ұшып келген ұшақты арнайы аркамен күтіп алды. Бұл SCAT әуе компаниясының Еуропалық Одақ елдеріне жасаған тұңғыш рейсі болып табылады. «Астанадан Вильнюсқа рейс аптасына екі рет орындалады. Нақтырақ айтқанда, бейсенбі және жексенбі күндері жолаушылар Boeing 737 ұшағымен ұшатын болады», - делінген хабарламада. Қазақстаннан Литваға баратын бағдар әуе компаниясының тарихындағы ең ірі кезең болып отыр. Мұндағы мақсат - Қазақстан мен Балтық елдері арасындағы авиациялық байланысты нығайту болып табылады.