• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Мамыр, 2018

Астанаға 20 жыл. Тарихи таңдау қалай басталған еді?

2959 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің төл тұғыры, Алаштың асқақ айбары ару Астананың төрткүл дүниені түгел таңдандырған тарихи құбылысқа айналғанына 20 жыл толғалы тұр. Астана бүгінде – жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Елорда көркімен де, көлемімен де, көшбасшылығымен де төрткүл дүниені мо­йындатты. Ендеше ақиқат біреу – Астана орнықты, елорда еңселенді. Уақыт тарихи таңдаудың дұрыстығын паш етті. Ал күні кеше ғана алыс армандай сағымданған сол тарихи таңдау қалай басталған еді? 

Осыдан тура жиырма төрт жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасы және елорда деген егіз ұғым алғаш рет тарих сахнасына шығып, қазақ санасында мәңгілік салта­нат құрды. Дәл сол күні Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сес­сия­сының жалпы отырысында елорданы Алматыдан рес­пуб­ликаның орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен рес­пуб­ликаның бүкіл аумағы ег­жей-тегжейлі зерттелді. 32 тұр­ғыдан жүргізілген талдау барл­ық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті...», деді Елбасы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте.

Бұл ретте бодандық бұғауынан босап, шынайы егемендігіне жеткен ел үшін жаңа Астана тұр­ғызу жөніндегі ұйғарым ұлттық рух­ты асқақтатып, мемлекеттік мұрат­тармен, халықтық мүдделер­­мен үндесетін ұлы идея екен­дігін ерекше атап өткеніміз жөн. Тәуел­сіз­дігіміз енді ғана тәй-тәй бас­қан тығырықты тоқсаныншы жыл­дары астананы ауыстыру туралы мәселе көтерудің өзі ерлікке пара-пар әрекет еді. Негізінде бұл мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ір­гетасын нығайтуды көздеген тарихи батыл бастама болатын. Тоқсаныншы жылдардың өк­пені қысқан өтпелі кезеңінде оны біреу түсінді, біреу түсінбеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысына зор тарихи жауапкер­шілік жүктелді. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 2 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұх­батынан да анық көреміз. «Иә, астананы ауыстыру оңай шаруа емес, бұл саяси мәні зор, үлкен мерзімде жүзеге асар күрделі шаруа. Ал енді қаржы жағына келетін болсақ, халық бар, халық сайлаған Парламент бар, өздері шешеді. 

Қай қаржыға, қашан және қалай салынатынын да халықтың өз билігіне қалдырғанымыз жөн шығар. Бар білетінім – жаңа Астана бүгінгі сіңірін сорып отыр­ған елдің есебінен емес, ер­тең­гі өрісті, ырысты күндер­дің есебі­нен болашақта атқары­латы­нына сенемін. Түптің түбі ондай ресурстар республикада болуы тиіс қой...», дейді Елбасы ертеңгі күнге деген ел үмітін үкілеп.

Сөйтіп Елбасының үлкен ерік-жігерінің арқасында Қазақ елі тарихының шежіресіне алтын әріптермен жазылған ұлы бастама бастау алды. Ғасыр соңын­да қалыптасқан ел өміріндегі күр­делі қиындықтарға қарамастан Қазақ елі тарихи таңдауын жасап, егемен елдің жаңа елордасы­ның іргетасын қалау жолын­дағы қажырлы жұмысқа кірісіп кетті. Тоқырау заманынан қал­ған кіреукелі тоң жібімей тұрып, жас тәуелсіз Қазақстан болашаққа деген берік үмітін үкілеп, бір сенім, бір күдікпен ғасыр жобасын іс жүзіне асырып, үшінші мың­жыл­дықтың жұлдызды мегаполисін тұрғызу міндетін қолға алды.

1997 жылғы 20 қазанда Ел­басының «Ақмола қаласын Қазақ­стан Республи­касының астана­сы деп жариялау туралы» Жарлығы жарияланды. Онда Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді. Ақмола қаласы­ның Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсауке­сері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетін болды. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанын­да Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан Респуб­лика­сының астанасы болды. Ұлы көш Алматыдан Ақмолаға бет алды. Бірқатар басы­лымдар жаңа астанаға жол тартқан ұлы көштің шырқау шегін дәл осы күнмен байла­ныс­тырады. Бірақ ол ертеректеу, 1997 жыл­дың 8 қарашасындағы Қазақ елінің мем­лекеттік рәміздерін Алма­тыдан жаңа Астана – Ақмолаға әкелу­ден бастал­ған еді. Егемен еліміздің есте­лік шежі­ресіне айшықты әріптермен жазыл­ған сол бір күннің тарихи оқиғалары әлі көз алдымызда... Арқаның шыңылтыр аязы­мен жүздері нұрланып, бал-бұл жан­ған халық Орталық алаңға лық толған. Асқақ әуен аязды ауаны жарып, ашық аспан­ға шарықтай қалықтайды. Орталық мінбер­де ел басшылары мен құрметті қонақ­­тар. Республикалық гвар­дия­ның қолбас­шысы Сәт Тоқ­пақ­баев Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқ­а мемлекеттік рәміз­дердің эталондары жаңа астанаға жеткізілгендігі туралы салтанатты рапорт берді. Осы сәтте алаңның екі қапталынан Республикалық гвардияның құрметті қарауылы – Тудың, Елтаң­баның және Пре­зидент рәміздерінің бел­г­і­лерін алып, мінбеге қарай шеру тартты.

Елбасының бұйрығы бойынша еліміз­дің Әнұраны әуенімен бір мезгілде Прези­дент сарайының күмбезді шаңырағы мен Үкімет үйінің үстіне Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекеттік Туы көтерілді. Зеңбіректен аспанға 21 мәрте оқ атылды...

Ал 1997 жылдың 10 желтоқ­санында ел Пре­­зи­дентінің Ақмо­ладағы резиденция­сы­ның күмбезді залында еліміздің Пар­ла­менті мен Үкіметінің бірлескен мә­жі­лісі болып өтті. Онда Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Жоғары өкілетті орган­дары Қазақстан халқына арналған үндеу қабылдап, бұдан былай және ғасыр­дан-ғасырға осында, ұлан-байтақ елдің қақ кінді­гінде халық тағдыры үшін өмір­шең маңызы бар шешімдер қабыл­­дана­тын­ын, бұл жерде енді Отанымыз­дың жүрегі соғатын­дығын, осы жерден Қазақ­стан үшінші мыңжылдықтың табал­ды­ры­ғ­ында өзінің тарихи тағдырын айқын­дайтынын паш етті.

Ұлан-ғайыр қазақ даласының төрт құбыласынан түгел үмітін үкілеген үлкен көш егемен ел­дің жаңа елордасы қоныс тепкен Сарыарқаға ағыла бастады. «Аузын ашса жүрегі көрінетін» Арқа тұрғындары жан-жақтан келген бауырларын құшақ жая қарсы алды. 1998 жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы Ақмолада Президент Әкім­шілігінің, Үкімет пен Парламент аппараттары қызмет­керлерінің бірлескен кеңе­сін өткізді. «Ең басты оқиға – тәуел­сіз елдің астанасы Алматыдан Ақмо­лаға қоныс аударды. Сөз жоқ, осынау үлкен­ді-кішілі жұмыстарда мемлекеттік аппа­раттың атқаратын рөлі орасан зор. Жаңа астананы абаттандыру жұмысы жалғасып, маусымның 10-да дүние жүзіне астананы таныстырудың рәсімі өткізіледі. Жаңа астана Ақмолада жүріп жікшілдікке, ру­шы­лдыққа, тамыр-таныстыққа бөлін­беу­леріңді қатаң талап етемін. Бұл да өзіміздің ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен қорғап, бізге аманат етіп тастап кеткен қазақтың жері. Үйреніп, үйлесімді жұмыс істейтін мезгіл жетті...», деп атап көрсетті Елбасы сол кеңесте сөйлеген сөзінде. 

1998 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Пре­зи­­дентінің «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Респуб­лика­сының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жар­лығы шықты. Сол күннен бастап төрткүл дүниені түгел таң­дандырған тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың ғасыр­лардан ғасырларға ұласатын ұлы шежіресі басталды.

Елорданың жұлдызды сәтінің туғаны жаһан­ға жарияланып, 1998 жылдың 10 мау­сы­мында астананың халықаралық тұсау­­кесері өткізілді. Халықаралық тұсау­кесер­дің мәні төл елордамызды әлем жұрт­­шы­лығына барынша кеңінен таныс­тыру болса, 1998 жылғы 10 маусымдағы шара жүктелген міндет межесі­нен шықты. Халық­аралық тұсау­кесерге әлемнің 20-дан астам мемлекеттерінен арнайы делега­циялар келді. Тәуелсіз Қазақ­станның Көк Туы қазақ­тың киелі мекені – Сарыарқа төсінде, тоғыз жолдың торабында желбіреді. Дос сүй­сін­ді, дұшпан күйінді. Осынау жаһан­ға жария етілген тұсаукесер арқылы алып дала­ның иесі Ұлы дала перзенттері – қазақ халқы екендігін, ол халық өзінің қолы­на тиген қасиет­ті тәуелсіздігін мәңгі қас­тер­лей­тінін, тәуелсіздігінің символы – Астананы жаһандық мегаполиске айнал­ды­ратынын айдай әлемге паш етті. Бү­гінде Батыс пен Шығыс өркениетін жал­ғас­ты­ратын алтын көпір атанған ару Ас­тана­ның 20 жылдық жасампаз дамуы­на ұлас­қан тарихи таңдау осылай бас­талған еді. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»