• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Мамыр, 2018

Қазақ Ұлттық университетінде «Түлектер күні» тойланды

615 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Түлектер күні» аталып өтті. Бұл мерекелік шараға белігілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, атылмыш білім ордасының қызметкерлері мен студенттері және әр жылдары осы қасиетті қара шаңырақтың қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер қатысты.   

«Түлектер күні» осы білім ордасының ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен 2010 жылдан бері аталып келеді. Ұрпақтар сабақтасты, олардың бірлесуі мен түлектер бауырластығының озық дәстүрлері жалғастығының символы іспеттес осы игі шара биыл да ҚазҰУ қалашығында орналасқан «Мәңгілік Ел» қақпасы алдында басталды. Жиынға қатысушылардың қарасы мол болды. Дәстүр бойынша бірлік пен ынтымақты, тұрақтылық пен берекені айқындайтын «Тайқазан» және әл-Фараби алаңындағы «Мәңгілік Ел» субұрқақтары іске қосылып, Шығыстың ұлы ұстазының ескерткіші мен қазақтың көрнекті ғалымы Өмірбек Жолдасбековтің монументіне гүл шоқтары қойылды.

Салтанатты рәсімнің негізгі бөлімі Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті. Бұл жиында ректор Ғалым Мұтанов баяндама жасаса, «Түлектер қауымдастығы» көпшілік алдында есеп береді. Әр жылдары осы қара шаңырақта білім алған белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері университеттің тарихы мен жетістігіне қысқаша тоқтала келе, талай тартымды әңгімелердің тиегін ағытты. «Түлектер күні» мерекесінде 2018 жылдың үздік түлектеріне Құрмет грамотасы, кафедраларға құнды сыйлықтар беріледі. 

Сонымен қатар ҚазҰУ қалашығында «Мәңгілік Ел» архитектуралық кешенді стеланы тұрғызуға акция жарияланды. Енді алдағы уақытта осы бағытта қызу жұмыстар жүргізілу көзделуде. Бұл стела 2019 жылы Университеттің 85 жылдығы және «Түлектер қауымдастығының» 25 жылдығында меценаттар мен жұртшылықтың қатысуымен салтанатты түрде ашылады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ