• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Мамыр, 2018

Ауыл­шаруашылық өнімдерін экс­портқа шығаруға және импортты алмастыруға қатысты 15 басым бағыт нақтыланды

980 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі саланың страте­гия­лық даму бағыттарына жүргізген талдау нәтижелері бойынша, ауыл­шаруашылық өнімдерін экс­портқа шығаруға және импортты алмастыруға қатысты 15 басым бағыт нақтыланды. 

Бірінші кезекте етті ірі қара мал шаруа­шылығының және қой шаруа­шы­лығының әлеуеті жоғары екені белгілі. Қазақтың байтақ даласында жайылым алқаптары мен суармалы жерлер көп. Мал шаруашылығын дамытуға керек жағдайдың бәрі бар. Еліміздегі жайылымдық жердің жалпы көлемі – 180 млн гектар. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жайылымдық жер ауқымы бойынша 5-орында екен. Мал басын қазір екі есеге дейін арттыруға жайылым көлемі жеткілікті. Министрліктің де­регін­ше, 110 млн гектар жайылым ал­қабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соң­ғы бес жылда 6 млн гектар жа­­йы­лым алқабы суландырылды. Тағы да 2 млн гектар жерді су­лан­­ды­руға қажетті су көздері бар.

Ел халқының жартысы ауыл­дық жерлерде тұратынын ес­керсек, аталған бағдарлама аясында қолға алынатын шаруалар қыруар адамды жұмыспен қам­т­амасыз етері сөзсіз. Ауыл шару­а­шылығын дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтардың саны алдағы он жыл ішінде 20 мыңнан 100 мыңға дейін өседі деген болжам бар. Яғни осы саладағы жұмыс орын­дары­ның санын 100 мыңнан 500 мыңға дейін арттыруға болады. Сонымен қатар ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 миллионға дейін, сиыр мен қой еті­нің өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін өсіруге, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға, әр жұмысшының еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге мүмкіндік бар.

Қарағанды облысында ке­йінгі уақыт­та мал азығына қаж­ет дәнді дақыл­дарға деген сұр­аныс­тың артқа­ны байқалады. Соңғы жылдары бидай өсірудің тиімділігі күрт төмендеп кетті. Бір ғана бидаймен табыс табу қиын болатынын шаруалар түсініп отыр. Сондықтан көп­шілікті тағы не егуге болады деген сауалдың мазалай­тыны түсінікті. Бірақ көптеген шаруа­­шылықтардың техникалық мүм­кіндіктері шектеулі. Жаңа бір іспен шұғыл­данам, басқа дақыл өсірем деген күннің өзінде, оның агротехнологиясы қолда бар мүм­кіндіктермен жұмыс істеу үшін бидайдікіне ұқсайтын болуы керек.

Бәрін айт та бірін айт, жаңа дақылдың тұқымына қол жет­кізу де оңай шаруа емес. Тұқым өсіретін шаруашылықтар да бір кезде басқасының бәрін жиып қойып, тек бидай тұқымдарын сұрыптау­мен айналысқан. Яғни олар да негізгі сұранысқа сай тек бидай тұқымдарын даярлау­мен шұғылданып келді. Енді на­рық бағыты өзгерген тұста кіріс­тен қағылмау үшін олар да шаруа­лардың ыңғайына қарай басқа дақылдардың тұқымын даярлауы керек. Алайда бұл айтуға ғана оңай, қандай да бір тұқым өсіру бағытын жолға қою үшін тым құрығанда бір маусым уақыт қажет. Сондықтан қазір техникалық дақылдар тұқымына деген сұраныс жоғары болса да, оны табу қиынға соғып отыр. Әсіресе арпа тұқымына деген сұраныс күшті. «Элита» сұрыпты сапалы арпа тұқымының бағасы әр тоннасына 70 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ал би­дайдың ең сапалы тұқымының тон­насын қазір 60 мың теңгеге алуға болады. Бұрын бидай тұқы­мы арпадан анағұрлым қым­бат болатын еді.

Кейінгі жылдары еркекшөпке деген сұраныс та күрт өскен. Тұқым өсіру­шілердің айтуынша, тұқым алқап­тарын екі-үш есеге дейін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Бұл орайда, тұқым өсіру­шілер шаруаларға еркек­шөпті бұршақ тұқымдас жемшөп дақыл­дары­мен араластырып егуге кеңес беруде. Одан шыққан шөптің малға азықтық нәрі күшті болады екен. Сон­дық­тан бұршақ тұқымдас жемшөп дақыл­дарын өсіру көлемі де арта түспек.

Шаруалар жемшөп дақыл­дары­мен қатар майлы дақылдар өсіруге ден қойып отыр. Әсіресе зы­ғыр өсіруге деген құлшы­ныс зор. Оның үстіне зығыр өсі­ру тех­но­ло­гиясы бидай өсіру әдіс­­тері­­мен ұқсас. Бұл тұқым өсіру­ші­­лер үшін де тиімді. Олар қазір зығыр тұқымының әр тоннасын 160 мың теңгеден өткізуде. Зы­ғыр елі­міздегі май зауыттары ғана емес, шетелдік өндірушілер тар­апы­нан да жоғары сұранысқа ие. Ай­талық соя­ны осы уақыт­қа де­йін негізінен АҚШ-тан алып келген Қытай екі арадағы ке­ліс­­пеу­­шіліктерден кейін енді бас­қа көздер іздей бастай­ды. Керек ши­кізатты іргесіндегі Қа­зақстаннан қуана қабылдары анық.

Елімізде былтырдан бері бұршақ тұқымдас дақылдардың егіс алқабы едәуір ұлғайған. Қазір, әсіресе жасымық пен ноқат тұқымдары үлкен сұранысқа ие. Бұл дақылдардың экспорттық әлеуеті зор әрі кірісі де бидайдан екі-үш есе жоғары.

Былтыр Қарағанды облысында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 818 мың тонна дәнді дақыл, 322 мың тонна картоп, 102 мың тонна көкөніс жиналды. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл саладағы жалпы өнім көлемі 7,9%-ға артып, 266,2 млрд теңгені құрайды деп жоспарланған. Бұған егіс алқабы аума­ғын ұлғайту, мал басын арттыру, сонымен қатар жаңа шаруа қожа­лық­тарын құру және жұмыс жасап тұрған қожалықтарды дамыту арқылы қол жеткізілмек. Сөйтіп биыл егіс жұмыс­тары 909,2 мың гектарды қамтып, өткен жылмен салыстырғанда, 55,8 мың гектарға артады. Дәнді және бұршақ дақылдар 83,3 мың гектар (2017 жылдан 30,9 мың га артық), майлы дақылдар 18,8 мың гектар, бір жылдық және көп жылдық шөптер 58,1 мың гектар, ауылшаруашылық құрылымдарында картоп 8 630 гектар, көкөніс 1 385 гектар алқапқа отырғызылады.

Биыл өңірдегі шаруалар жерге 87,4 мың тонна дәнді дақыл тұқымдары мен 26,3 мың тонна картоп тұқымын сіңіреді. Егіс науқанына қажетті техникалар тиісті мезгілге дайын болды. Көктемгі дала жұмыстарын жүр­гізуге Павлодар зауытынан тоннасы 161 теңгеден 18,0 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Жеткізуші оператор болып «ГазойлПРОМ.kz» ЖШС тағайындалған.

Елбасы Жолдауы аясында, агро­өнер­кәсіп кешеніне ең­бек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2022 жыл­ға дейін екі жарым есеге арттыру міндеті жүктеліп отыр. Мұны орындалмастай биік меже деуге болмайды. Мәселен, өткен ғасырдың 30-жылдарында Грузияның ауыл шаруашылығының өнді­ріс көлемі оңтайландыру шара­лары­ның арқасында екі жарым есеге артқан екен. Соған дейін шығыннан көз ашпай келген шаруалар өтімі жоғары шай, темекі, мандарин өсіріп пайдаға кенелген. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің елімізде былтырдан бастап егістіктерді бидаймен шектемей, басқа дақылдар өсіру ісіне ден қойыла бастады. Оның үстіне, Ауыл шаруашылығы министрлігі де Ресейде бидай өндіру жыл сайын артып, Қазақстан бидайын өткізуге бәсекелестік күше­йіп отырғанын жиі қай­талайды. Сондықтан жемдік және майлы, бұршақ дақылдарын өсіру­ге бел шеше кірісу қажет. Бірақ диқандардың көпшілігі үйрен­шікті ісінен айырыл­ғысы жоқ, бидайдан басқа дақылдар егуге құлықсыз. Былтыр күзде а­стық қоймалары тағы да аузы-мұр­нынан шыға толып, оларды тасып, өткізіп үлгермеген жағдай тағы да қайталанды. Ауыл­дағы ағайынның әдеті сол, маң­дайы тасқа тимейінше үй­рен­ген соқпағынан айнымайды. Би­дай­дан басқа бірдеңе өсіріп те пайда табуға болатынын ойластыратын кез келді.

Аграрлық секторды рефор­малаудың бір жақсы мысалы кезінде Польшада болған. Алма өсіру ісін мықтап қолға алған поляктар он жыл ішінде орасан жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде Польша алманы ең көп өндіретін үш елдің бірі, ал оны экспорттау бойынша әлемде бірінші орынға ие. Бізге осындай тәжірибелерден неге үлгі алмасқа?! Еліміздің климаттық жағ­дайы Польшадан жақсы. Алма бақтары оңтүстік өңір­леріміз түгіл, бір кезде Қараған­ды облысында да болған. Солар­ды қайта жаңғыртып, жетілдіру қажет. Егіс алқаптарын әрта­рап­­тан­дыру ісі енді ғана қолға алы­нып жатыр, бидайдан бас­қаның да өнбегі бар. Таяу жылдарда диқандарымыз бен бағ­бандарымыз тың жетістіктерге қол жеткізеді деген үміттеміз.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы