Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың стратегиялық даму бағыттарына жүргізген талдау нәтижелері бойынша, ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығаруға және импортты алмастыруға қатысты 15 басым бағыт нақтыланды.
Бірінші кезекте етті ірі қара мал шаруашылығының және қой шаруашылығының әлеуеті жоғары екені белгілі. Қазақтың байтақ даласында жайылым алқаптары мен суармалы жерлер көп. Мал шаруашылығын дамытуға керек жағдайдың бәрі бар. Еліміздегі жайылымдық жердің жалпы көлемі – 180 млн гектар. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жайылымдық жер ауқымы бойынша 5-орында екен. Мал басын қазір екі есеге дейін арттыруға жайылым көлемі жеткілікті. Министрліктің дерегінше, 110 млн гектар жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соңғы бес жылда 6 млн гектар жайылым алқабы суландырылды. Тағы да 2 млн гектар жерді суландыруға қажетті су көздері бар.
Ел халқының жартысы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аталған бағдарлама аясында қолға алынатын шаруалар қыруар адамды жұмыспен қамтамасыз етері сөзсіз. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтардың саны алдағы он жыл ішінде 20 мыңнан 100 мыңға дейін өседі деген болжам бар. Яғни осы саладағы жұмыс орындарының санын 100 мыңнан 500 мыңға дейін арттыруға болады. Сонымен қатар ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 миллионға дейін, сиыр мен қой етінің өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін өсіруге, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға, әр жұмысшының еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге мүмкіндік бар.
Қарағанды облысында кейінгі уақытта мал азығына қажет дәнді дақылдарға деген сұраныстың артқаны байқалады. Соңғы жылдары бидай өсірудің тиімділігі күрт төмендеп кетті. Бір ғана бидаймен табыс табу қиын болатынын шаруалар түсініп отыр. Сондықтан көпшілікті тағы не егуге болады деген сауалдың мазалайтыны түсінікті. Бірақ көптеген шаруашылықтардың техникалық мүмкіндіктері шектеулі. Жаңа бір іспен шұғылданам, басқа дақыл өсірем деген күннің өзінде, оның агротехнологиясы қолда бар мүмкіндіктермен жұмыс істеу үшін бидайдікіне ұқсайтын болуы керек.
Бәрін айт та бірін айт, жаңа дақылдың тұқымына қол жеткізу де оңай шаруа емес. Тұқым өсіретін шаруашылықтар да бір кезде басқасының бәрін жиып қойып, тек бидай тұқымдарын сұрыптаумен айналысқан. Яғни олар да негізгі сұранысқа сай тек бидай тұқымдарын даярлаумен шұғылданып келді. Енді нарық бағыты өзгерген тұста кірістен қағылмау үшін олар да шаруалардың ыңғайына қарай басқа дақылдардың тұқымын даярлауы керек. Алайда бұл айтуға ғана оңай, қандай да бір тұқым өсіру бағытын жолға қою үшін тым құрығанда бір маусым уақыт қажет. Сондықтан қазір техникалық дақылдар тұқымына деген сұраныс жоғары болса да, оны табу қиынға соғып отыр. Әсіресе арпа тұқымына деген сұраныс күшті. «Элита» сұрыпты сапалы арпа тұқымының бағасы әр тоннасына 70 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ал бидайдың ең сапалы тұқымының тоннасын қазір 60 мың теңгеге алуға болады. Бұрын бидай тұқымы арпадан анағұрлым қымбат болатын еді.
Кейінгі жылдары еркекшөпке деген сұраныс та күрт өскен. Тұқым өсірушілердің айтуынша, тұқым алқаптарын екі-үш есеге дейін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Бұл орайда, тұқым өсірушілер шаруаларға еркекшөпті бұршақ тұқымдас жемшөп дақылдарымен араластырып егуге кеңес беруде. Одан шыққан шөптің малға азықтық нәрі күшті болады екен. Сондықтан бұршақ тұқымдас жемшөп дақылдарын өсіру көлемі де арта түспек.
Шаруалар жемшөп дақылдарымен қатар майлы дақылдар өсіруге ден қойып отыр. Әсіресе зығыр өсіруге деген құлшыныс зор. Оның үстіне зығыр өсіру технологиясы бидай өсіру әдістерімен ұқсас. Бұл тұқым өсірушілер үшін де тиімді. Олар қазір зығыр тұқымының әр тоннасын 160 мың теңгеден өткізуде. Зығыр еліміздегі май зауыттары ғана емес, шетелдік өндірушілер тарапынан да жоғары сұранысқа ие. Айталық сояны осы уақытқа дейін негізінен АҚШ-тан алып келген Қытай екі арадағы келіспеушіліктерден кейін енді басқа көздер іздей бастайды. Керек шикізатты іргесіндегі Қазақстаннан қуана қабылдары анық.
Елімізде былтырдан бері бұршақ тұқымдас дақылдардың егіс алқабы едәуір ұлғайған. Қазір, әсіресе жасымық пен ноқат тұқымдары үлкен сұранысқа ие. Бұл дақылдардың экспорттық әлеуеті зор әрі кірісі де бидайдан екі-үш есе жоғары.
Былтыр Қарағанды облысында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 818 мың тонна дәнді дақыл, 322 мың тонна картоп, 102 мың тонна көкөніс жиналды. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл саладағы жалпы өнім көлемі 7,9%-ға артып, 266,2 млрд теңгені құрайды деп жоспарланған. Бұған егіс алқабы аумағын ұлғайту, мал басын арттыру, сонымен қатар жаңа шаруа қожалықтарын құру және жұмыс жасап тұрған қожалықтарды дамыту арқылы қол жеткізілмек. Сөйтіп биыл егіс жұмыстары 909,2 мың гектарды қамтып, өткен жылмен салыстырғанда, 55,8 мың гектарға артады. Дәнді және бұршақ дақылдар 83,3 мың гектар (2017 жылдан 30,9 мың га артық), майлы дақылдар 18,8 мың гектар, бір жылдық және көп жылдық шөптер 58,1 мың гектар, ауылшаруашылық құрылымдарында картоп 8 630 гектар, көкөніс 1 385 гектар алқапқа отырғызылады.
Биыл өңірдегі шаруалар жерге 87,4 мың тонна дәнді дақыл тұқымдары мен 26,3 мың тонна картоп тұқымын сіңіреді. Егіс науқанына қажетті техникалар тиісті мезгілге дайын болды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Павлодар зауытынан тоннасы 161 теңгеден 18,0 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Жеткізуші оператор болып «ГазойлПРОМ.kz» ЖШС тағайындалған.
Елбасы Жолдауы аясында, агроөнеркәсіп кешеніне еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2022 жылға дейін екі жарым есеге арттыру міндеті жүктеліп отыр. Мұны орындалмастай биік меже деуге болмайды. Мәселен, өткен ғасырдың 30-жылдарында Грузияның ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі оңтайландыру шараларының арқасында екі жарым есеге артқан екен. Соған дейін шығыннан көз ашпай келген шаруалар өтімі жоғары шай, темекі, мандарин өсіріп пайдаға кенелген. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің елімізде былтырдан бастап егістіктерді бидаймен шектемей, басқа дақылдар өсіру ісіне ден қойыла бастады. Оның үстіне, Ауыл шаруашылығы министрлігі де Ресейде бидай өндіру жыл сайын артып, Қазақстан бидайын өткізуге бәсекелестік күшейіп отырғанын жиі қайталайды. Сондықтан жемдік және майлы, бұршақ дақылдарын өсіруге бел шеше кірісу қажет. Бірақ диқандардың көпшілігі үйреншікті ісінен айырылғысы жоқ, бидайдан басқа дақылдар егуге құлықсыз. Былтыр күзде астық қоймалары тағы да аузы-мұрнынан шыға толып, оларды тасып, өткізіп үлгермеген жағдай тағы да қайталанды. Ауылдағы ағайынның әдеті сол, маңдайы тасқа тимейінше үйренген соқпағынан айнымайды. Бидайдан басқа бірдеңе өсіріп те пайда табуға болатынын ойластыратын кез келді.
Аграрлық секторды реформалаудың бір жақсы мысалы кезінде Польшада болған. Алма өсіру ісін мықтап қолға алған поляктар он жыл ішінде орасан жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде Польша алманы ең көп өндіретін үш елдің бірі, ал оны экспорттау бойынша әлемде бірінші орынға ие. Бізге осындай тәжірибелерден неге үлгі алмасқа?! Еліміздің климаттық жағдайы Польшадан жақсы. Алма бақтары оңтүстік өңірлеріміз түгіл, бір кезде Қарағанды облысында да болған. Соларды қайта жаңғыртып, жетілдіру қажет. Егіс алқаптарын әртараптандыру ісі енді ғана қолға алынып жатыр, бидайдан басқаның да өнбегі бар. Таяу жылдарда диқандарымыз бен бағбандарымыз тың жетістіктерге қол жеткізеді деген үміттеміз.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы