Жақында қолыма журналист Сейфолла Шайынғазының «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 11 мамырдағы №86 нөмірінде жарияланған «Осы біз қалай демалып жүрміз?» атты мақаласы түсті. Әуелі тақырыбына қарап «жаз мезгілі келе жатыр, Қазақстандағы демалыс орындары туралы жазылған болар» деп ойлағаным рас.
Мақаланы оқып шығып, қайран қалдым. Алғашқы ойым қате болса да, автор өте орынды мәселе көтеріпті. Мақаладан керемет әсерленіп, қолыма қалам алуға тура келді.
Мақалада автор қазіргі адамдардың дұрыс демала білмейтіндігін, қаладағы адамдар мен ауылдағы адамдардың демалысы туралы жазған. Иә, шындығында біз қалай демалып жүрміз? Сол демалып жүрген демалысымыз денсаулығымызға пайдалы ма? Жалпы, демала білеміз бе біз?
Әрине демалысты тек ұйықтау деп қабылдамау керек. Әдетте, біздің жексенбі күнгі демалысымыз шаруа жасаумен өтеді. Жексенбіде кір жуамыз, үй жинаймыз, т.б. Өз басым кезекті еңбек демалысымызда сауықтыру орындарына бару, сол жерде ем алу немесе табиғат аясына шығып серуендеуді жоспарламайды екенмін. Ол тіпті ойыма да келмеген, жоспарымда да жоқ. Әдетте менің үй жағдайындағы демалысым әдеби кітап оқумен өтеді. Қазіргі уақытта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қайталап қолға алып оқып жатырмын. Мектепте оқып жүргенде осы кітапты оқығанмен, қазір қайталап оқу мен үшін керемет рухани байлық, рухани демалыс десем де болады. Жалпы, әдеби кітаптарды көп оқимын және демалып қаламын.
Бұған қоса өзім сүйетін әндерді тыңдауға тырысамын – бұл да мен үшін демалыс.
Ауылда тұратын адамға театр, концерт, музей залдары жоқ. Табиғат аясына шығып, балық аулау болмаса. Ал қалада демалыс орындары өте көп. Уақытын үнемдей білетін, демала білетін адамдар үшін таңдау көп. Мысалы, мен Орал қаласына барғанда міндетті түрде Сырым Датұлы ескерткішінің маңындағы шағын саябаққа барғанды, сол жерде уақыт өткізгенді ұнатамын. Қаланың іші қанша шу болса да, сол жер мен үшін мүлгіген бір тыныштық секілді. Себебі көкпен таласқан субұрқақ әдемілікті бейнелейді. Жап-жасыл ағаштар, демалып жүрген адамдар... Ол жерде көбіне үлкен адамдарды кездестіресің. Байқауымша, көбіне орыс ұлтының адамдары демалып жүреді. Демалып отырған адамдарға «жақсы демалыңыз» деп тілек айтсаң, олар да қуанып, «рақмет, сіз де жақсы демалыңыз!» деп жатады.
Мен үшін дүкен аралап, шопинг жасау демалысқа жатпайды. Ол тек уақыт өлтіру деп ойлаймын. Қалалық жерде театрға бару, спектакль тамашалау рухани демалыстың бір түрі ғой. Театр – бөлек әлем. Бірде қалада оқитын ұлым тобымен бірге театрға барған екен. «Мама, театр деген керемет екен ғой, ол жер мүлдем басқаша екен!» деп маған әсерін тамсанып тұрып айтқаны бар.
Кейде өз балаларымызға демалыстың да түрі бар екенін, қалай демалу керек екенін де айтып отыру артық етпес деп ойлаймын. Иә, адам баласы өзі үшін, өзінің демалысы үшін ештеңеден аянбағаны жөн. Бірақ уақытты сылтау ететініміз тағы бар. Кейде қалалық жерде өзге ұлт өкілдерінің итпен серуендеп жүргенін көреміз де, «енді серуендейтін осы ит қалып еді» деп ішімізден ренжіп жатамыз. Мүмкін сол адамдар үшін ол демалыстың бір түрі шығар?!
Сөзімнің соңында «Жақсы демала білетін адам – мәдениетті адам» деп айтар едім. Бұл менің журналистің жазған мақаласына қосқан өз пікірім.
Жақсы демала білейік.
Эльмира ШАЙМАРДАНҚЫЗЫ, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Есенсай ауылы