• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Мамыр, 2018

Мира Шүйіншәлиева: Сананы сілкіп, жайықты жаңғыртқан рух

829 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне мінекей, бір жылдан асып барады. Осы айтулы әрі маңызды, мағынасы ерекше мақаланы тұшына оқы­ған Жайық жұрты таяуда өңірімізге ресми сапармен келген Елбасына ри­з­ашылығын айтып, сананы сілкіп, рухты жаңғыртқан, тарихтың төрінен ойып тұрып орын алған маңызды мақала аясында жан жадыратар жарқын іс­тер жалғасып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы да өңірде бес әлеу­­меттік бастаманың үздіксіз дамып жатқанына куә болып, атқарылған іс­терді оң бағалады.  

Бұған күні кеше Елбасының Орал қаласының жаңа алаңын өз көзімен көр­ген сәті де үлкен дәлел. Тұғыры биік Тәу­елсіздігіміздің мақтанышына айна­л­ған жаңа алаңда биіктігі 60 метр­лік Көк бай­рағымыз аспанмен таласып тұр. Абыз ақын Қадыр Мырза Әлі­ атындағы Мәдениет және өнер орталығы, сырты сары алтындай күмбезделген әдемі Сал­танат сарайы, көп ұлтты халықтың екін­ші үйіне айналған Достық үйі, әлем­ге аттары мәшһүр қаламгерлердің кітап­та­рынан жасалған ескерткіш бәрі-бәрі Ба­тыс Қазақстанның рухына серпін сыйлап тұр. Негізі бұл жаңа алаң осыдан екі жыл бұрын мөлдіреген саф ауасымен, су­бұрқақтарымен халықтың демалатын, се­ру­ендейтін орнына айналған болатын. Жал­пы аумағы 7,0222 шаршы метрлік жа­ңа алаңда зиялы қауыммен, Ассамблея мү­шелерімен жүздескен Елбасы соңғы екі жылда өлкенің өндірісімен қоса ру­хы да айтарлықтай дамып, жаңғырып кет­к­енін көріп, оң баға берді. Әсіресе Ассам­блея үйіне алыстан көз тоқтатып, жылы жүзбен қараған Қазақстан Прези­денті мемлекеттік әлеуметтік бағдар­ла­малардың дами түскеніне тоқталды. Мі­не­кей, Елбасының батасына бөленген Ақжайық атырабы биік ғимараттарын, та­­маша ескерткіштерін орнатып, жасыл шыр­шасымен, көкорай алқабымен көрік­те­неді әлі.

Сөзімізге тұздық болардай, күні ке­ше Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жыл­дығына арналған «Ғасырлар қой­нау­ынан жеткен бабалар үні» ха­лық­аралық ғылыми экспедиция мә­ре­сіне жет­ті. Үш мың шақырым жол жү­ріп, күй­ші атамыздың рухына батыс­қа­зақ­стан­дықтар атынан тәу етіп қайтқан экс­педицияның бұл жолғы сапары да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Иә, бабалар аманатын бұлжытпай орындап келе жатқан киелі де қасиетті мекен Ақжайық атырабында Мемлекет басшысының бағдарламалық ма­қаласына орай жарқын істер жүзеге асып, Мәңгілік елдің бүгіні мен ертеңі үшін игілікті жұмыстарға кеңінен жол ашыл­ды. «Отан – өткенімізді танып, баға­лай білу, ең әуелі өзімізді қадірлей білу» деген екен ұлт зиялысы Ахмет Бай­тұрсынұлы. Бұған қоса, «Қазақтың Қа­ды­ры» атанған Қадыр Мырза Әлі «Ота­ныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сон­ша шақырым рухани жақындай түсе­сің» депті. Қашанда арнасынан асау толқындары асып-төгілген, самал же­лі жүзіңді өпкен, сылқымдай сұлу Жайы­ғым­да ата-бабалардың салып кеткен сара жолымен тарихымыз қатталып, даналар ойы мен сөзі ел жүрегінде жатталуда. Елбасымыз айтқандай, біз Мәңгілік елі­мізге салт-дәстүрімізді, ұлттық рухы­мызды жаңғыртып бара жатырмыз. Біз, Мәңгілік елдің төріне ұрпақтан-ұр­паққа мирас болған рухтың дәнін егіп, жайқалған бидайының жемісін жеп, жүзімін теруге асығудамыз. Батыр Ма­хам­бет, жаңашыл Жәңгірхан мен Жа­һан­шадай тұлғаларға бай, бұған қоса Тай­ыр, Жұбан, Қадыр, Қайрат, Ақұштап сын­ды сұңғыла ақын-жыршылардың ор­ман­дай ойларынан ақыл мен пара­сат түйген, Құрманғазы мен Дина, Сей­­тек, Дәулеткерейдей күмбірлеген күй­­шілердің өнерінен нәр алып, жал­ғас­тырған ізбасар толқындары, жет­кін­­шектері Жайықтың алтын бесігін әл­дилеп, тербете бермек. Кешегі сал Мұхит пен Ғарифолланың жырлары жаңғырып, әндері шырқала түспек.

Кім-кімнің де санасын сілкіп, рухын оятқан айтулы мақала шеңберінде шырайлы өңірде шұғылалы сәттер, жұлдыздай жарқын жақсылықтар еш то­ластамайды. Үнемі халқымен үндесіп, кездесіп, қауырт қызметіне қарамастан орайын тауып дидарласып отыратын Батыс Қазақстан облысының әкімі, жас та болса іскер, жігерлі басшымыз Ал­тай Көлгінов алқалы жиын сай­ын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­ба­евтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласы бой­ынша атқарылған жұмыстарға ке­ңі­нен тоқталып өтеді. Айталық, «Рухани жаңғыру» аясында 2017 жылы жалпы саны 250 мыңнан аса адамды қамтыған 150-ге жуық шара өтсе, бұл дөңгелек санды ғана меңземейді, адам санасының рухани тұрғыдан жаңғырып жатқанын көксейді. Сондықтан Жайық жұртшылығы да Елбасының маңызды мақа­ласында айтылған бәсекеге қабі­лет­ті­лік, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, XXI ғасырда ауадай қажет са­палы білім беру, үштілділікті дамыту, цифрлық сауаттылық сияқты басы­м­дықтарды орындауға асығады. Мәселен, облыс бюджетінің 45 пайыз­дан астамы білім саласын дамытуға ба­ғыт­талса, өткен жылы 24 жаңа білім бе­ру нысаны ашылып, 17-сі жөн­делді. Сан мыңдаған шәкірт есігін айқара ашып, білім алуға құштар болған, тұл­пардай шабысы бөлек білімнің «сәй­гүліктері» бас қосқан Оралдағы Назар­баев зияткерлік мектептерімен меморан­дум негізінде мұғалімдердің, мектеп ди­ректорларының біліктілігі артып отыр. Биылғы оқу жылын Елбасы есімін ен­ші­­леген мектеп мықты табыстармен тә­­мам­дады. Алтын ұядан биыл ұшатын 85 түлектің 6-уы «Алтын белгіге», 26-сы ерек­ше аттестатқа үміткер. Жа­ңар­тылған бағ­дарлама 100 пайыз оқу­лықтармен қам­тамасыз етілген. Облыс­тың 250 мек­тебі заманауи робот-тех­ника ка­би­нетімен жасақталған. Сонымен қатар өңірімізде IT-мектебін ашу болашақтың еншісінде тұр.

Облыс мектептері Bilim Land цифр­лы білім беру платформасының ресурс- тарын белсенді пайдалану үстінде. Бұл платформа мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 мыңға жуық қол­данушы үшін интерактивті сабаққа мүмкіндік туғызады. Облыстың 400-ге жуық мектебінің 330-ы кең жолақты интер­нетпен қамтылған. 2018-2020 жыл­дары Ақпарат және коммуникация­лар министрлігімен бірлесіп, 443 елді­ мекеннің 100-ден астамын ғаламтор же­лісіне қосуды облыс әкімдігі жоспарға енгі­зіп, бекітті. Қазір облыстың 300-ге жу­ық елді мекенінде интернет жұмыс істей­ді. Мұнымен шектелмей, 220 шағын жабдықталған білім ошақтары Bilimbook ком­пьютерлік құрылғыларымен қам­та­масыз етілмек.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында айтылғандай, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жа­тақ­ханамен қамтамасыз ету мәселесі бой­ынша Оралда нақты шешім қабыл­данды. Бұйыртса, жатақханаға зәру студент­тер үшін жеті ғимарат салынбақ. Бар­лығы 800 орындық үш жатақхана студенттерге, 120 орындық ұстаздарға және екі жатақхананың құры­лы­сы биыл басталады. Сондай-ақ Ақжайық өңірінің инновациялық тұрғыдан даму­дың тірегі бо­латындай қабілеті мен әлеуеті өте зор. Дуалды оқыту принципін облыс­та 26 колледж қолға алып, бұған 78 ірі кәсіпорын, зауыттар қатысты. Бәсе­ке­ге қабілетті Орал трансформатор зауытында 250 адам үш ауысымда еңбек ет­се, мұндағы 100-ге жуық маман Жай­ық­­тағы оқу орындарының түлектері.

Енді міне, төрімізде тұрған бұл жыл­дың да бес жұлдыздай бес айы «Рухани жаң­­ғыру» аясында ауқымды игі істерді ат­қа­рып тастады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2018 жылдың 1 тоқсанында ша­ралар тізімі бойынша 74 шараға 23873 адам қамтылды. Осы жыл­дың басынан күні бүгінге дейін өткен 124 шарада 34 000 қа­тысушы бас­қосты. Бір ғана «Атамекен» кі­ші бағ­дар­ламасы бойынша 11 шара өткен.

Мемлекетіміздің жетістіктері мен Ақжайық өлкесінің тарихын бейнелейтін 500-ден астам экспонат жасақталған «Ру­хани жаңғыру» музейі былтыр тәу­ел­сіздік мейрамы күні ашылған еді. Музей ХІХ ғасырдың соңында 1893 жылы мавритандық стильде арнайы жобамен салынған ғимаратта орна­лас­қан. Мұнда «Өңірдің киелі жер­ле­рі» деп аталатын зал экспозициясы бар. Онда «Сакралды Қазақстан» ат­ты карта айнадай жарқырап тұр. Осы кар­таның беттерінен облысымыздан ен­­ген алты нысанның сыры, жай-күйі жай­лы мол мағлұмат шертіледі. Жай­ық қаласын бүгінгі Орал қаласының із­ашары деп бағалап отырған ғалымдар алдағы уақытта көне қала аумағы ашық аспан астындағы мұражайға ай­на­лады дейді. Жалпы, БҚО тарихи-өл­кетану музейінің құрамында 13 бө­лім­ше бар. Осылардың ішінде Бөкей орда тарихи музейінің, Сырым ауданы орт­алы­ғын­да­ғы Алашорда музейінің орны бір төбе.

Елбасымыз «Рухани жаңғыру» атты мақаласында «жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс» деп атап көрсеткен еді. «Туған жер» жобас­ына тек жергілікті кәсіпкерлер мен ме­ценаттар ғана емес, туған ауылының тағ­­дырына бейжай қарамайтын жер­лес­теріміз белсенді атсалысуда. Маңы­з­ды бағдарламаға 2017 жылы меценаттар қаржысы есебінен 2,5 млрд теңге жұ­м­салып, 60 жоба жүзеге асырылғанын мақ­танышпен жеткізгім келеді. Оның ішін­де 10 әлеуметтік нысан (балабақша, спорт кешендері, медициналық ам­була­ториялар), 5 мәдениет нысаны (ескерткіштер, музейлер) салынды жә­не жөндеуден өткізілді. 24 нысанды абат­тандыру (кіші сәулет формалары, сая­бақ, тынымбақтар) жұмыстары атқа­рыл­­ды. 21 нысанның материалдық-тех­ни­калық базасы жаңартылды. Биыл да осы жұмыстар қарқынды түрде жүзе­ге асуда. 2018 жылдың жоспары бойын­ша жол картасына 174 шара ен­гі­з­іліп отыр. «Тәрбие және білім» кіші бағ­дар­ламасы аясында – 73 шара, «Ру­ха­ни қазына» бойынша – 77 шара, «Ата­ме­кен» бағдарламасы шеңберінде 24 ша­ра жалғасын тауып келеді.

«Елде болса ерінге тиеді» демекші, елі-жері дегенде жаны елжіреп тұратын азаматтар Ақ Жайық атырабында көп-ақ. Солардың арасында танымал кә­сіп­­керлер М.Кенжеғұлов, В.Власов, Б.Нұрбаев, М.Манкеев, В.Михно, Ю.Ткалун, А.Рубцов, В.Крыловтар бар. Бұл есімдерді жалғастыра беруге болады. Мәселен, өзінің туған жері Қаз­та­лов ауданының Сарықұдық ауылына елге­зек азамат Нұрлыбай Жолдыбаев дәрі­гер­лік амбулатория салып, ардагерлер ескер­ткі­шін жаңғыртты.

Осы жылдың алғашқы айларында «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағы­ты бойынша меценаттардың көме­гі­мен 11 920 000 теңге қаражатқа 7 жоба жүзеге асты. Біздің Ақжайықтың суы да, жапырағы жайқалған жасыл орманы да, топырағы да құнарлы, қасиетті әрі киелі. «Қасиетті орындар» тізімінің кө­шін бастаған «Бөкей Ордасы» тари­хи-музей кешеніне шалғайлардан, алыс аймақтардан, көршілес Ресейден келіп жатқан туристер тым көп. Яғни 600 шақырым қашықтықта орналасқан кешенде туризмді дамыту мақсатында Алтай Сейдірұлының ықпалымен Бөкей­ор­да ауданының Сайқын ауылын­да тікұшақ қонатын әуе айлағы қайтадан қал­пына келтірілмек. Бұл сүйінші ха­барға қоса, кеше облысқа келген сапа­рын­да Елбасы Бөкей ордасы мен Жә­нібек аудандарына 300 шақырым жол салуды арнайы Үкіметке тапсырды. Көп­тің тілегі қабыл болары сөзсіз.

Иә, «Адам ерлігінің ең зор сынағы – жеңіліске ұшырағанда рухы түспеу» деген екен Роберт Ингерсолл. «Адам рухы айналасынан бөлек жасай алмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Мінекей, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы ая­сында өңірде атқарылған ұшан-теңіз жұ­мыстар Жайығымен бірге жалғасып, ел санасын сілкіп, ұлт рухын жаңғырта бер­мек.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА, жазушы

Орал