Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
УАҚЫТПЕН ҮНДЕС УНИВЕРСИТЕТ
Тәуелсіздіктің соңғы жылдары құрылған «Назарбаев университеті» қазіргі заман талабына сай жарақталған ғылыми инфрақұрылымы бар бірден бір жоғары оқу орны екені даусыз. Жаңа дәуірдегі бұл университетке ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеулер топтастырылып, оларға шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Университеттің стратегиялық мақсаты: біріншіден – ғылым мен технологияда тың тенденцияларды құруға және дамытуға қабілетті кәсіби мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру, екіншіден – білімге негізделген ұлттық экономиканың тұрақты және оның жан-жақты дамуына ықпал ететін білім, ғылым және өндіріс интеграциясының моделін құру; үшіншіден – оқу бағдарламаларын интернационалдандыру және әлемдік жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас арқылы әлемдік білім моделін қалыптастыру; төртіншіден – білім алу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін қазіргі заманға сай технологиялық инфрақұрылымын құру, сондай-ақ әлемдік университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу; бесіншіден – әлеуметтік профессорлық-оқытушылардың құрамын құру және отандық оқытушылардың мүмкіндіктерін арттыру; алтыншыдан – университеттің ұлттық және халықаралық беделін қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл университет келешекте еліміздің зияткерлік элитасын қалыптастыруды да мақсат етіп отыр. Қазір Назарбаев университеті әлемнің 30 үздік жоғары оқу орындары қатарына кіретін университеттермен ынтымақтастық туралы келісім шарттарды бекіткен. Мемлекет басшысының шешімімен университет ашылғаннан бергі екі жылдың әрқайсысында 500 білім беру гранттары бөлініп, тек сол бойынша ғана жастар білім алып жатыр. Университетте 4 зерттеу орталығы жұмыс істейді. Олар: Өмір туралы ғылымдар, Балама энергетика және халықаралық-пәнаралық, инструменталдық, білім беру саясаты зерттеулер орталықтары. Сондай-ақ, 6 мектеп (факультет) бакалавриат бойынша – инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар мектебі, медицина мектебі, магистратура және РhD бағдарламасы бойынша 2012 жылдан бастап мемлекеттік саясат және бизнес мектебі жұмыс істейтін болады.«Егемен-ақпарат».
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Қазақстан ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша 4-ші орынды иеленді.***
Еліміз америкалық «Newsweek» қоғамдық-саяси журналының зерттеулері нәтижесінде білім беру деңгейі бойынша ең үздік 100 ел рейтингісінде14 орында.***
51-ші халықаралық математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылар 98 ел өрендері арасынан 5 орынды иеленді.***
2010-2011 оқу жылында оқулықтар сатып алуға 5 млрд. 941 млн. теңге бөлініп, білім беру ұйымдарының оқушылары оқулықтармен 94,3 %-ға қамтылған.***
Техникалық және кәсіби білім беруде 894 оқу орны жұмыс істейді. Білім алушылар саны – 603,8 мың адамды құрап, 185 мамандық бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылады.***
Халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастар аясында индустрия қажеттіліктеріне сәйкес 39 мамандық бойынша модульдік бағдарламалар жасалды. 107 адам шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырды. Кәсіптік лицейге 56 шетел оқытушылары шақырылды. Қазір елімізде 6960 мектепке дейінгі ұйым болса, оның 2483-і балабақша, 4477-сі шағын орталықтар екен. Онда 480 мың бала тәрбиеленуде.***
Тәуелсіздік жылдары ішінде Отанымызда 780 мектеп пайдалануға беріліп, 4 ауысыммен сабақ беру мүлде тоқтап, 3 ауысымды мектептер 76 бірлікке қысқарған. «100 мектеп» жобасы бойынша 104 мектеп салынып, пайдалануға берілген.***
Еліміз бойынша 4,5 миллион адам білім алуда. Оларға 414,5 мың педагог дәріс оқып, тәрбие беруде.***
Биылғы 1 шілдеден бастап мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайызға өссе, 1 қыркүйектен жоғары категориялары бар мұғалімдер біліктілігі үшін лауазымдық жалақысына 100 пайыз көлемде қосымша ақы алатын болады. Бұған бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінген.***
«Дипломмен – ауылға» жобасының шеңберінде 12 мың маман ауылдық жерде жұмыс істеуге бел буған. Олардың 2 мыңнан астамы тұрғын үй алу үшін 1,9 млрд. теңге көлемінде пайызсыз несие алған.
__________________________
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Берік САДЫР.