Тіл және ұлт
Ұзақ жылдар бойы тілге анықтама берілгенде көбіне оны «қатынас құралы» ретінде танып келгенбіз. Бұл көзқарас әлі де толық өзгере қойған жоқ, өйткені оған деген сұраныс қатынас жасауға жарамдылығына байланысты артатынын қоғамдағы жағдайдан көріп отырмыз. Дегенмен, әр ұлт тілінде өзінің байырғы тұрмыс-тіршілігі, өмір-тарихы, арман-тілегі, мақсат-мұраты, дүниеге көзқарасы т.б. туралы барша ақпараттардың сақталатынын ескерсек, оған тек қана «құрал» деп қарай алмаймыз. Еңбек өнімділігіне қарай құралды ауыстыруға болады, ал тілді ауыстыруға жол жоқ. Әр адам сүйініші мен күйінішінен тұратын барша сезімін, айтқысы келген ішкі тілегін туған тілі арқылы ғана толық жеткізетін болғандықтан, оны жан әлемімен сүйеді, қорғайды, суығына тоңып, ыстығына күйеді. Бұл тұрғыдан алғанда тіл тек «қатынас құралы» ғана емес, қазіргі кезде жиі айтылып жүргендей «ұлттың жаны» деген анықтамаға көбірек иланамыз.
Қазіргі қазақ тілі туралы сөз қозғағанда оның бойынан екі нәрсе көрінеді: біріншіден, жалпы ұлттың тілі арқылы жеткен рухани кеңістік және ердің құнын екі ауыз сөзге сыйдырған шешендік пен көсемдік, яғни сөзге тоқтаған ұлттық тектілік. Екіншіден, унитарлық мемлекетке тән мемлекеттік тіл қызметі. Қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты қазіргі таңда бұлардың алғашқысы өз қызметінің елеулі бөлігін кейінгісіне берген, алайда ресми түре солай болғанмен, ел бірлігі мен біртұтастығының кепілі ретінде тілдің байырғы ерекшелігі өзінің әуелгі миссиясын орындап келеді. Тұрмыстық қатынастар, ағайынгершілік, азаматтардың бір-біріне құрметі секілді игі дәстүрлерді жүзеге асыру қабілеті – тіл бойындағы байырғы қасиет. Қасиет дейтініміз тілдің халықты ұйыстырушылық мүмкіндігі осы ерекшелігінде сақталады.
Кеңестік деп аталатын біртұтас ұлт жасауға негізделген саяси жүйе ұлттық тілдің дамуына түрлі тосқауылдар қойғанда осы шындыққа көбірек назар аударса керек. Әсіресе өткен ғасырда ұлттық тіл өте күрделі кезеңдерді басынан кешірді. Тіл білімінің білгірі Б.Хасановтың зерттеулеріне сүйенсек, 30-шы жылдардың екінші жартысынан бастап ұлт тілдерінің дамуын тежеу механизмдерінің қалыптасқаны айтылады. Ғалым халық санағы мәліметтеріне сүйене отырып, 1926-1989 жылдар аралығында жалпы алғанда жыл сайын 3792 қазақ ана тілімен қош айтысып отырған деген болжам жасайды (Хасанов Б. Ана тілі – ата мұра. – Алматы: «Жазушы», 1992. – 272 бет.). Қазақ мектептері тың игеру жылдары жүздеп жабылды. Қалалық жерлерде қазақ балалары негізінен орыс тілінде оқыды. Осыған қарамастан сол тұстағы саяси ұстаным мен тіл өміршеңдігінің ара салмағын сараласақ, оның қалыптасуы мен дамуы қандай ұзақ дәуірлерді қамтыса, жойылуы бір күнде бола салмайтынын шамалаймыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптен қордаланған мәселелер күн тәртібіне шықты. Оның көпшілігі күрделі жағдайда еді. Санаға сіңірілген дағдыдан бірден арыла алмай не көз алдына елестету мүмкін емес жаңа қоғамның келбеті қалай болатынын болжай алмай, белгілі жағдайда ел ішінде дағдарыстың көрініс бергені рас еді сол тұста. Әкімшілік басқару жүйесінің қалалық жерлерде орналасуы, ал ол ортада жергілікті ұлт өкілдері санының аздығы немесе елдің белгілі бір аймақтарында өзге ұлт өкілдерінің көп шоғырлануы тіл саясатындағы баршаға қолайлы қазақстандық үлгінің дүниеге келуіне ықпал етті. Тәуелсіздік жылдарындағы тілдердің даму барысына көз салғанда сол талап үдесінен шыға алғанымызды көруге болады.
Мемлекеттік тіл және құқықтық жүйе
Баршаға қолайлы тіл саясатының бастауында ҚР Конституциясы тұр. 7-бапта 1. «ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық көрсетілді, 2. «...ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын» тіл ретінде орыс тілінің және 3. Өзге ұлттардың тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға мемлекет қамқорлық жасайтынын айқын да, анық көрсетіп берді. ҚР Конституциясының негізінде ҚР «Тіл туралы» Заңы дайындалды, онда «Жалпы ережелермен» қатар, «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында», «Білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында», «Елді мекен атауларында, жалқы есімдерде, көрнекі ақпаратта», «Тілді құқықтық қорғауда», «Шет елдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда» пайдаланудың негізгі мәселелері айқындалды. Осы Заң талаптарын жүзеге асыру барысында біршама тұжырымдамалар мен бағдарламалар дүниеге келді, олар белгілі бір уақыт көлемінде туындаған сұрақтарға орай дайындалып, құқықтық тұрғыдан жауап ретінде ұсынылды.
Бүгінге дейінгі аралықта осы Заң аясында көптеген сұрақтар мен мәселелер өзінің шешімін тауып келеді. Екінші сөзбен айтқанда қоғамдық сана мен қалыптасып отырған жағдай қажетті заңды өзі тудырады, ал құжаттың дайындалуы кезінде жалпыға ортақ қажеттіліктер дұрыс қамтылмаса, ол орындалмауы немесе құқықтық мәнін жойып алуы мүмкін. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан асып бара жатқан тұсында да бұл құжаттың белсенді қолданысы әуел бастағы алдыға қойылған мақсаттың айқындығы мен стратегиялық болжамның дәлдігінен болса керек. Сонымен қатар «Тіл туралы» Заңның орындалуын бақылаушы тетіктер де қалыптасқан, олар бақылаумен қатар тілдердің әрі қарайға даму бағыттарын да айқындап, тиісті ұсыныстар енгізіп отырады.
Құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген Қазақстандағы тіл мәселесі тіл саясатының негізгі бағдары екені рас. Осы Заңның басты ерекшелігі ретінде оның әмбебаптық принциптері мен мазмұнын атауға болады. Біріншіден, көпұлтты мемлекет ретіндегі жағдайымызға лайықталған. Қазіргі кезде қоғамдағы басымдыққа ие болып отырған орыс тілі мен қазақ тілінің қайсысына сұраныс артса, Заң сол тілдің қолданысының артуына мүмкіндік жасайды. Бұл Тәуелсіз елдің алыс болашаққа жасалған стратегиялық жоспарының бір тұсы, өйткені жыл өткен сайын арта түсетін демография мен көші-қон жағдайы алдыға қойылған мақсатқа бейбіт жағдайда жетуге мүмкіндік береді.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»