Баяғыда-а, бала күнімізде біздің үй шөлейт даланың бір түкпіріндегі Бақырша деген ауылға көшіп барды. Бара сала абыр-сабыр боп, жүк түсіріп жүргенде айналаға көз салып қарауға да мұршамыз болмапты.
Ертеңіне таң ата жеңешем Монтайдан алып келген көк сиырымызды падаға қосып, өріске шығарып жіберген екен. Түс мезгілінде таңдайы кеуіп, әбден қаталап шөлдеп, есік алдында ентігіп тұрғанын бір-ақ көрдік. Екі көзі тұманданып, сыртқа шыққан кісіге мөлие қарап «Мө-ө-ө!» деп мөңіреп су сұрайды.
Сөйтсек Бақырша әлімсақтан бері сусыз отырған алақандай ауыл екен. Жаңа ғана танысқан көршілеріміз «Күнара Шағыр жақтан су әкелетін жалғыз «водавоз» бар еді, сол құрымағыр, бұзылып қалған ба, немене, екі-үш күннен бері төбесін көрсетпеді ғой!» деп отыр.
Әдеттегідей шай-суларын үнемдеп, өздеріне әзер жеткізіп отырған сол үйлерден әуелде «Жалғыз сиырымыз бар еді, бір шелек су бере тұрмас па екенсіздер?» деп сұрауға да ұялдық. Ал көк сиыр болса, біресе есіктен, біресе терезеден сығалап қайта-қайта мөңіреп жүр. Біраздан соң тіпті екі көзінен сорғалап жас та ағып кетті.
Біз үйде әрең шыдап, ішімізден тынып отырмыз. Енді болмаса, көк сиырға қосылып, өзіміз де жылап жіберетін сияқтымыз. Себебі оған апарып бере қоятын су жоқ...
Сол күні байғұс сиырдың шөлін қалай қандырғанымызды қазір ұмытып қалыппын. Бірақ көзінен жас парлап, мөңіреп жылағаны әлі күнге шейін есімде.
Содан бастап ол ауылдан алысқа ұзап жайылмайтын болды. Таң бозынан табынға қосып, падашыға ықтияттап тапсырып-ақ жібереміз. Бірақ күн көкжиектен арқан бойы көтерілмей жатып ауылға қашып келеді де, айналадағы қора-қопсыны тінтіп, айналшықтап жүріп алады.
Ондай кезде жеңешем бізге «Әй, үйде құр босқа қарап отырғанша анау сиырды ауыл шетіне айдап шығып, өздерің жайып келіңдер», дейді. Сонсоң бір таяқты қолымызға ала салып, «Өк әй, өк!» деп қуа жөнелеміз.
Бірақ ол да оңайлықпен ырыққа көнбей, әрі-бері бұлталақтап үйге қарай қашады. Сонда оның көзінен «Естеріңде ме, әнеугүні Жапатастың етегіне дейін жайылып барып, шөлдеп қайтқанымда бір тамшы су тауып бере алмап едіңдер ғой. Енді қайтіп барам? Жо-жоқ, одан да өлгенім артық!» деген сөзді оқығандай боламыз.
Көп өтпей-ақ біздің көк сиыр әлгі ауылдағы ең бір сұғанақ, ұятсыз, ұры сиырға айналып шыға келді. Кімнің ауласының есігі ашық қалса, сол үйге кіріп барып, суын ішіп, дастарқанға орап қойған нандарын жеп, қаптағы ұны мен күрішін төгіп-шашып, ойрандап кететін болды.
Оған әрине, табиғатпен бірге біз де өзімізді кінәлі сезінетінбіз.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»