Брюссель соты АҚШ-та Қазақстанның Ұлттық қорының 21,5 миллиард долларлық активін бұғаттан босату туралы шешім шығарды. Еліміздің Әділет министрлігі осылай деп хабарлады.
Әділет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылғандай, Бельгия соты еліміздің Ұлттық қорының Қазақстан тарапы алдаумен алынды деп мәлімдеген, қазіргі таңда бұғаттаулы күйдегі 530 миллион долларға тең активін ағылшын соты шектеуден босата алады деген қаулы шығарды. Ендігі уақытта Қазақстан тарапы активтің осы бөлігін шектеуден шығарып алу үшін Ұлыбританияда жұмыс істеуге тиіс.
«Бельгия соты Статидің стратегиясын шайқалтып, уақытша бұғаттау олардың талаптарындағы сомамен және шығындар сомасымен, нақты айтқанда 530 миллион АҚШ долларымен шектелуі керек деген қаулы шығарды. Осы қаулы бойынша Қазақстанның Ұлттық банкіне тиесілі, көлемі 21,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын активтер бұғаттан босатылды. Сонымен қатар Бельгия соты бұғаттауға негіздің бар немесе жоқ екенін анықтау мәселесін ағылшын соты шешуге тиіс деген қаулы шығарды», делінген Әділет министрлігі таратқан хабарламада.
Бельгиядағы шешім Англия Жоғарғы сотындағы Статидің алғашқы жеңілісінен соң бір апта уақыт өткеннен кейін шыққанын атап өту керек. Бұған дейін Тұманды Альбионда молдовалық азаматтар өздерінің алаяқтық әрекеттеріне қатысты айғақтар қарастырылатын сот процестерін тоқтата алмаған болатын.
«Бұл 2010 жылы Қазақстанға қарсы талап-арыздар түсіруді бастаған екі молдован азаматы Анатол мен Габриэль Статидің сәтсіз талпыныстарының кезектісі. Стати Швециядағы төрелік сот арқылы Қазақстаннан 4 миллиард АҚШ долларын талап етті, алайда оларға 500 миллион АҚШ долларын беру туралы ұйғарым жасады. Бұл қаржының 199 миллион АҚШ доллары газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалуы мүмкін делінді. Кейіннен АҚШ-та бөлек сот процедуралары бойынша алынған құжаттар арқылы Қазақстан Статидің талаптары ауқымды алаяқтыққа негізделгені туралы айғақтарға қол жеткізді.
Англияның Жоғарғы соты ұсынылған айғақтарды қарастыра келіп, Швеция төрелік сотының күші жойылмағанына және алаяқтық фактісін назарға алмағанына қарамастан, өткен жылдың маусым айында төрелік шешім алаяқтық жолмен алынғанына бастапқы дәлелдер бар деген қорытынды шығарды. Осы қорытындыға сай, биылғы жылдың қазан айында алаяқтық әрекет бойынша тыңдау өткізу белгіленді», делінген Әділет министрлігі таратқан ақпаратта.
Кеше Әділет министрі Марат Бекетаев Ұлттық қор қаражатының басым бөлігінің бұғаттан босатылуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Статидің стратегиясына сызат түсті деп санауға негіз бар.
– Статилердің бұғатталған қаражаттың көлемін ұлғайтуға және үшінші тұлғаларды осы іске тартуға бағытталған сртатегиясына сызат түсті. Бұл стратегия әуел бастан елімізге қысым көрсетуге бағытталған болатын. Өздері жасаған схема өздерінің көз алдында күйрей бастады. Статилер енді қандай әрекет жасаса да, шындықты жасыра алмайды,– деді М.Бекетаев.
Өткен жылдың соңында New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан Үкіметіне қарсы арызы бойынша еліміздің Ұлттық қорының қаржысын бүғаттағаны белгілі болған еді. Өз кезегінде Қазақстан тарапы бұл шешімге наразылық білдіріп, Англия Жоғарғы сотына талап-арыз түсірді. Биылғы жылдың қаңтар айында Нидерланд соты Ұлттық банктің «Ұлттық қордың New York Mellon банкіне сақтауға салынған активін бүғаттан босату туралы» арызын қанағаттандырған болатын.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»