• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 31 Мамыр, 2018

Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл толуына арналған еске алу жиыны өтті

1032 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Тауқыметті тағдыр, тарихқа айналған тұлға» атты еске алу жиыны өтті.

Жанайдар Сәдуақасовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қыз­ме­тіне қатысты ғылыми айна­лым­ға енбеген тың дерек­терді айтып, мазмұнды баяндамалар жасалған бұл шараға тарих ғылымдарының докторы, ака­демик Хангелді Әбжанов, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Еге­мен Қазақстан» АҚ басқарма төр­­ағасы Дархан Қыдырәлі, бел­гілі ғалымдар Ма­рат Әбсеметов, Бауыржан Омаров, Перзизат Сәдуақасова жә­не жоғары оқу орындарының ұс­таз­дары, Жанайдар Сәдуа­қа­сов­тың бауырлары мен ұрпақ­та­ры қатысты.

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Бек­бо­лат Тілеухан қайрат­кер тұл­ға­ның атқарған қыз­мет­те­рінен сы­рт, жеке кісілік тұл­ға­сы туралы да естеліктер айтты. «Шыны керек, сол өңірдің тумасы бол­ған­нан кейін құлағым ол кісі ту­ралы әңгімеге қанып өстім. Жан­айдардың адамгершілік тұл­ға­сына байланысты Жаңаарқа өңі­­рінде үлкендер жыр ғып ай­ту­шы еді. Менің нағашы атам: «Жанайдардай сабаз, Жан­ай­­дардай текті адамды сирек көр­дік. Алдына барған адам шаруа­сын шешпей кетпейтін еді» дейтін», деді ол.

«Егемен Қазақстан» АҚ бас­қарма төрағасы Дархан Қы­ды­рәлі Жанайдар Сәдуа­қа­сов­тың жан-жақты қарым-қабі­ле­­тіне тоқтала келіп, бірегей тұл­ға­ның бір кездері қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде қалдырған қол­таңбасы жайында тың деректер айтып берді. «Жанайдар Сәдуақасұлы 1936 жылы қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің «Социалды Қазақстан» деген ат­пен шыққан кезінде бас­шы­лық қызмет атқарыпты. Ол әри­не репрессияның енді бас­та­лайын деп жатқан ең бір қи­ын кезеңі. Соған қарамастан «ұлт­шыл фашистерді құртайық» де­ген ұранға қосылмай, га­зет­­ті ұлтқа қызмет етуге жұ­мыл­­дыра білгеніне бүгінде тарих қойнауынан сыр шертетін сар­­ғайған парақтар куә» деді.

Сонымен қатар еске алу ке­шінде Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың, Әділет ми­нис­трі Марат Бекетаевтың және Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ар­найы құттықтау хаттары оқыл­ды.

Ал, тарих ғы­лымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов: «Ұлы сіл­кіністер, тарихтағы күрделі өзге­рістер осы өмірге ұлы тұл­ға­ларды әкеледі. Жанайдар Сәдуақасов – сондай ұлы сіл­кі­ністің, өзгерістің кезінде та­рих сахнасына көтеріл­ген тұл­ға. Оның тағдырына қарап оты­рып-ақ біздің Ұлы Дала елі Қа­зақ­станның басынан қандай қуа­ныш, қайғы-қасірет өткенін ба­ғамдауға болады. Ол өзінің ерек­ше қабілет-қарымымен көз­ге түсіп, айрықша болмысы­мен жоғары мансап биігіне кө­терілді. Губернияны, прокура­тураны, Әділет наркомын да басқарды. Ол – кеңестік идеологияға емес, халқына қызмет еткен тұлға»,  деді.

– 1898 жылы Омбы губер­ния­сы­ның Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен елді мекені) деген жерде дүниеге келген Жанайдар Сәдуақасов ерен талантымен еліне қызмет етіп, ірі тұлғаға айналады. Алайда сол кездегі идеологиялық құр­сау оған буржуазияшыл-ұлт­шыл, террористік және контр­ре­волюциялық ұйымға бас­шы­лық жасады, кеңес билігін құ­латып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және бур­жуазиялық Қазақ мемлекетін құ­руға әрекет жасады деген айып­тар тағып, 1937 жылы 17 қыр­күйекте қамауға алып, 1938 жы­лы 25 ақпанда атып тынады.

31 мамыр – саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құрбан­да­рын еске алу күніне орай өткен аталмыш жиын аясында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кеше­ні­нің ұйымдастыруымен Ж.Сәдуа­қа­совтың өмірі мен қоғамдық- сая­си қызметіне арналған «Ер есі­мі ел есінде» атты көрме өт­ті.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»