Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті. Аталған өнер кешін Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.
Әуелі сахнаға Алтынбек Қоразбаевтың өзі көтеріліп, эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Қараша қаз, қайдасың?», «Таудағы көктем», «Елге сәлем» әндерін орындады. Өнер кешінде Алтынбек Қоразбаев ұлы күйші, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевті өзінің ұстазы санайтынын айтып, көпшілікке өзінің өнер жолын әңгімелеп берді.
Тіпті кейбір танымал әндерінің дүниеге келу тарихына да тоқталып, көрерменнің қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар Мақпал Жүнісова, «МузАРТ» тобы, Саят Медеуов, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Алма Аманжолова, Жанболат Ербатыров, Жазира Байырбекова, Жұбаныш Жексенұлы және өзге де эстрада әншілері Әулиеата кеңістігін әнге бөлеп, Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Кенен атамды», «Үшқоңыр», «Әгугай, домбыра», «Сағындым Алматымды», «Ақмоншақты ауылым» атты әндерін нақышына келтіре орындады.
Алтынбек Қоразбаев бұл күнде халыққа елуден астам ән мен бірнеше күй және екі драмалық спектакль музыкасының авторы ретінде танымал. Ал қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, қоңыр үнімен қазақ өнерінің атағын аспандатқан Алтынбек бұл күні туған топырағына тағзым етіп, халқымен қауышты. Туған даласын әнге бөлеп келе жатқан өнер иесі сонымен қатар бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде де белгілі. Мәселен, бұл күні Алтынбек Қоразбаев пен Мейрамбек Беспаевтың қосыла шырқауындағы «Сен мені сағындың ба?» әні ұстаз бен шәкірт арасындағы әсерлі көріністерді бейнеледі.
Айта кетейік, ән кешінен түскен қаржыға Тараз қаласының №30 мектеп-гимназиясынан ашылатын ІТ-бағдарламасына Алтынбек Қоразбаевтың арнайы сертификаты табысталды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы