• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 31 Мамыр, 2018

Астанада шетелдік студенттер форумы өтті

732 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен Шетелдік студенттер форумы өтті. Кездесуге университетте білім алушы 500-ден астам шетелдік студент қатысты.

Форум «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын іске асыруға шетелдік студент­тердің қатысу жобаларын талқылауға арналды. Қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халықаралық дең­гейдегі ақпараттық және мәдени кеңіс­тігін кеңейту бағыттары бо­йынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

«Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастар­дың бас­тамасымен үлкен форум өтуде. Оны ұйымдастырып, мақсатын айқын­даушы осы жерде білім алып жат­қан шетелдік студенттер. Бүгінгі таңда бұл университеттің қабырғасында 500-ге жуық шетелдік студент және 30 шақ­ты әртүрлі елден келген профессор­лар қызмет атқарады.

Міне, алдымызда демалыс айлары басталады. Осы уақытта шетелдік студенттер өз елдері­не қайтады. Сол кезде өздерінің Қазақ­стан­нан алған әсерін өз елдеріне барып насихаттап, тарататын ниеттері бар. Жалпы, еліміздің жоғары оқу орындарын­да 13 000-дай шетелдік студент білім алып жатыр екен. Олардың барлы­ғы елдеріне қайтқанда Қазақстан туралы терең біліп, жерлестеріне жеткізе алса, онда еліміз­дің имиджі көтеріліп, таны­мал­дылығы арта түсер еді», деп атап өтті Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Франция студенті Жереми Конверт ағым­дағы жылдың аяғына дейін «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы бойынша бір­не­ше акцияларды қамтитын «1001 қадам» жастар жобасының іске қосы­латы­нын хабарлады. Бұл жобаның а­ясын­да студенттер шетелдік университеттер мен кітапханаларға Қазақстан тура­лы кітап­тар сыйлайды, дөңгелек үстел­дер мен кон­фер­ецияларға қатысады, газет-журналдарда мақала жариялайды, еліміз­дің жетістіктерін әлеуметтік желі­лерде кеңі­нен талқылайды. ЕҰУ сту­дент­тері Қазақ­­стан­дағы барлық шетелдік сту­дент­­тер мен шетелдегі білім алып жат­қан қазақ­­стандық студенттерді осы акция­ға қолдау білдіруге шақырды.

Сонымен бірге форумда студент жас­тар­дың әлеуметтік желілердегі «Біз ла­тын­ша жазамыз – латынды қолдаймыз» жоба­сының іске қосылуына қолдау білдірді.

Форум соңында студенттер қауымдас­тығы осындай халықаралық мазмұндағы форумды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдады.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»