• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2018

Семейде cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті

662 рет
көрсетілді

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, бірқатар шаралар легі ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова Семей қаласына арнайы іссапармен келіп, ең алдымен Әлихан Бөкейхан ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

- Біз өткен тарихтан сабақ алуға тиістіміз,-деді Әсем Нүсүпова,-жас ұрпақ тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін білу қажет.Егемендік жолында еліміздің болашағы жолында Семейде қаншама құрбан қаза болды. Бұны жас ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс.

Бұдан соң ескерткіш алдында «Халықтық ой-сана» жазба ақындар орталығының жетекшісі Серік Молдабеков өзінің шәкірттерімен сол бір зұлматты замандағы Саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толуына орай өздерінің жыр жолдарын арнады.

Келесі кезекте Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жазықсыз жапа шеккендер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Азамат Мұхамедчинов, Семейдегі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, қоғам қайраткері, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков,облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев және тағы зиялы қауым өкілдері қатысты.   

- Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылдың 5 сәуір күні жарияланған №3443 жарлығына сәйкес жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді,-деді жиынды ашқан Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ләззат Әлжан,- бұл тоталитарлық режимнің солақай саясатының нәтижесінде жазықсыз жапа шеккендерді еске алу күні. Қазақстан аумағында 1931-1933 жылдар аралығында болған ашаршылық ресми бай-құлақтарды жою саясатының, күштеп ұжымдастырудың, тоталитарлық режим тарапынан өнімдерді даярлау жоспарының арттырылуының, Қазақтардың малының тәркіленуінің салдары болып табылады.

 - Жаппай саяси қуғын-сүргін 1930-шы жылдардың басында жүзеге асырыла бастап, 1930-шы жылдардың ортасында қарқын алып, 1930-шы жылдардың аяғында шарықтау шегіне жетті,-деді тарихшы-ғалым, Шәкәрім мемлекеттік университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов,- қудалауға түскендер  негізі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып  Дулатұлы, Мағжан  Жұмабаев, Ілияс  Жансүгіров тағы да басқа мыңдаған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері еді.  Оларға ақылға қонбайтын айыптар тағылып, жала жабылды.Қуғындаудың түрлі тәсілдері қолданылды.

Дөңгелек үстелге қатысушы тарихшы-ғалым, Шәкәрім мемлекеттік университетінің  Амантай Исиннің пікірінше, Саяси қуғын-сүргінге қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдерімен қатар олардың отбасылары ұшырады. Оларды қуғындау мақсатында тұтас лагерьлер жүйесі құрылды. Соның бірі гулаг жүйесінің құрамында болған АЛЖИР лагері. Қуғын-сүргін 1950-ші жылдардың ортасына дейін жалғасты.Қазақтың зиялы қауым өкілдері қудаланды. Олардың Е. Бекмаханов, Қ. Мұхамедханов сынды көрнекті ғалымдар бар. Шаралар түстен кейін Абай кітапханасында жалғасын тапты.

Раушан Нұғманбекова,

Семей