«Қызылорда – Жезқазған бағытындағы тас жол жиегін жағалай біршама адам даланың сарымсақ-пиязын жинап, оны жаппай Қытайға өткізумен айналысады екен. Бұрын қызыл мия тамырын (корень солодки) жинап, оны Қытайға өткізгенін естіген едік. Көктемгі даланың сарымсақ-пиязы көптеген ауру түрлеріне шипа екені белгілі. Тұқым шашып үлгертпей, жинап алып жатқан даланың сарымсақ-пиязын ертең өзіміз сол даладан іздеп таба алмай қалмаймыз ба деген қаупім де жоқ емес», дейді Мақпал Орынбетова есімді азаматша әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол өз жазбасында «Дәруменге толы емдік сарымсақты тамырымен жұлып жүргендер қазақтың есебінен Қытайдың фармөнеркәсібін дамытуға атсалысып жүргендерін біле ме екен? Тонаудың осы түріне тыйым салынатын заң шығару керек-ақ», деп дабыл қағады.
Адамзаттың ессіз, есепсіз, ашкөздікпен жұлып, атып, аулап алуынан табиғат қаншама байлығынан айырылды десеңізші. Егер жер бетінен жаратылыстың бір түрі жоғалып кетсе, оны небір жасампаз ғалымың, қандай ғұламаң да қайтадан қалпына келтіре алмайды. Түпкілікті жойылады. Бір кезде Сырдың қалың қамысында, Балқаштың нуында жолбарыс жосып жүріпті, Үстірт пен Қызылқұмда қабылан керіліп, Алатау мен Алтайда қызыл қасқыр, далаға тарпаң өң беріпті. Біріне етінің дәмділігі сор болса, енді біріне терісінің асылдығы сор болып, бүгінде тарпаң мен жолбарыс мүлде жойылған. Ал қызыл қасқыр мен қабыланды көру үшін Алтай, Алатау, Үстіртке барсаңыз таппайсыз, олар бүгінде тек хайуанаттар паркінде ғана сақталған.
Адамзат қолымен табиғатқа жасалған қиянаттың жолын кесу үшін ағылшын биологі П.Скоттың ұсынысы бойынша жойылып кету қаупі туған түрлер тізімі жасалып, «Қызыл кітап» деген атау алады. 1963 жылы шыққан алғашқы нұсқасында әр түрге жеке бір парақ қағаз беріліп, онда түрдің атауы, таралуы, саны, жойылып кету себебі және оны сақтап қалу бойынша ұсыныстар көрсетіліп, парақтар түрлі түстермен боялған екен. Қызыл түсті беттер жануарлар мен өсімдіктерге төнген қауіптің аса өткірлігіне назар аудартса, сары түсі саны азайғанын немесе жойылу алдында деп дабыл қағатын, ал ақ түсі сирек кездесетін түрлерді белгіледі. Содан бері кітапқа тағы бір түс енген, ол қайта қалпына келген түрлерді білдіретін жасыл бояулы беттер болатын.
Ал өсімдіктер әлеміне келсек, еліміздің флорасында 5700-ге жуық түр бар. Оның 1500-ге жуығы сирек кездесетін өсімдіктер санатына енгізіліпті. Арасында осы жердің тарихы мен эволюциялық дамуының куәсіндей, ықылым замандардан бері қазақ жерінде өсетін реликт өсімдіктер бар. Барлығы қорғауды қажет етеді. Мәселен, Бетпақдала мен Сырдария Қаратаудың сілемдерінде ғылымда Шренк тобылғысы, Іле Алатауының жапырақты орманында Мүшкетов түйесіңірі тәрізді атаулармен белгілі өсімдіктер жойылудың аз-ақ алдында тұр. Осы сирек кездесетін өсімдіктерді қорғауға аса мән берілмей келеді. Бүгінде қазақстандық «Қызыл кітапқа» 306 өсімдік енгізілсе, соңғы жылдары азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін тағы 100-ден асатын түрі белгіленіпті.
Қазақ жері шипалы, дәрілік шөптерге де өте бай. Даламыздағы қарапайым жусанның бір түрінен қатерлі ісікпен күресетін арглабин дәрісінің жасалғаны мәлім. Ғалымдар еліміздегі шипалы шөптердің қазіргі медицинада 40 шақты түрі ғана пайдаланылатынын алға тартады. Соның ішінде шырғанақ, дермене, қырықбуын, қылша, қара андыз сияқты дәрілік өсімдіктерге деген сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Бірақ бұл – отандық медицинадағы қажеттілік. Ал ежелден дәрілік шөптердің құпиясын меңгерген көршіміздің білмейтіні жердің астында. Газетімізде Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы былтыр Қызылорда облысы бойынша ғана екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл мия тамырының Қытайға жөнелтілгенін, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна қызыл мия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетілгенін жазып, «Соның салдарынан мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, барлығы да Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килосы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда сасық кеурек кезінде аяусыз жиналып, қазіргі уақытта мүлдем жойылып кеткен көрінеді», деп жазды.
Қазақ жерінің байлығы бүгінгі жер басып жүрген біздің ғана еншіміз емес, келер ұрпаққа жетіп, табиғаттың тепе-теңдігін, түптеп келгенде сол бағалы өсімдіктерімізді қорғаумен қатар, оны өңдеп, дәрі жасап сататын отандық фармөндірісті өрістету үшін қажет. Ал жатжерлікке тек уақытша пайдасын шығарса болғаны, сондықтан тамырынан қиып, даланы жұтатқанға жаны ауырмайды. Қорғайтын дүниеміз көп. Көтерілген мәселе тиісті орындарға жетіп, нақты шаралар қабылдануының найқалуды күтпейтінін айтқымыз келеді. Жабайы жуаның жұпары даламызда еспей қалса, кім жауап береді?!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»