Бүгінде ел ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған, жағдайы болмай қиналып жүрген аналар көбейіп барады. Ұшпаққа жеткізеді деген ері маскүнем болып, бала-шағасын үйінен қуып шығып жатқан оқиғалар көп. Жолдасы қайтыс болып, шиеттей балаларымен күн көре алмай көшеде қаңғырып қалған, біреудің мал қорасын паналап, ішерге ас таппай отырған аналар жайлы әлеуметтік желіге жиі жүктеліп жүр.
Қызылорда облысында қолға алынған жаңа жоба «Әлеуметтік балабақша» осы қиын түйіндерді мүмкіндігінше шешуге септеседі. Бүгінде облыстағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығында жай-күйі жоқ 26 әйел тұрады. Тұрмыс тауқыметін бір кісідей тартқан осы аналардың мамандығы жоқтары қайта даярлау курстарынан өтіп, тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндіктері бар. Олар жұмыс істеп, қажетін айыру үшін «Әлеуметтік балабақша» балаларын тегін қабылдап, бағып-қағады.
«Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұрмағамбетов ғимаратты кәсіпкерлер салып бергендігін айтады. Олар балабақшаны қажетті заттармен және ойыншықтармен қамтамасыз еткен. Тағы бір жақсылығы, балалар тегін тасымалданады. Анасы жұмысқа орналасып, үй-жағдайы шешілген жағдайда баласын өзіне ала алады.
Әзірге республикада баламасы жоқ жаңа балабақша әлеуметтік теңсіздікті осылайша шешіп отыр. Айдың-күннің аманында зар еңіреп далада қаңғып қалған шерлі аналардың қамқор жандар мен мемлекеттік көмектің арқасында көзіндегі жасы құрғады. Қызықты балалық шағын өксікпен өткізіп келе жатқан балақайлар да аялы алақанға түсіп, қуанып жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы