Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Tanaris Production» кинокомпаниясы түсірген «Үзілмеген үміт» көркем фильмі Ресейде өткен халықаралық «Свет миру» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
Балалар өмірінен түсірілген фильмнің режиссерлері – Серік Әбішев пен Руслан Магомадов, ал сценариін Ираклий Квирикадзе мен Сергей Әзімов жазған. Аталған фильмді халықаралық кинофестивальдерде көрсетіп, насихаттауды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырып отыр. – Біздің фильмімізге жоғары баға берген «Свет миру» фестиваліне және оның қазылар алқасына алғысым шексіз. Фильмнің тең режиссері Рус- лан Магомадовпен, сондай-ақ, картинаның түсіру тобымен бірлесіп адамдардың жүректеріне жылу ұялатып, көңілін нұрландыратын мейірімге толы фильм түсіруге тырыстық, – деді режиссер Серік Әбішев.
Фильмге арқау болған оқиғаны қысқаша таратып айтсақ, былайша өрбиді. Тұтқынға алынған қылмыскер бір топ әскерилердің бақылауымен Кореядан Еуропаға ұшып бара жатқан сәтінде техникалық ақауға байланысты ұшақ Қазақстанның бейтаныс қалашығына қонуға мәжбүр болады. Осылайша темір тордан талай мәрте қашып кетпек болған басты кейіпкер, тағдырдың бұйрығымен балалық шағын өткізген балалар үйіне қайта оралады.
Түрлі ұлт өкілдерінен құралған фильм кейіпкерлері ортақ тіл табыса алмаса да, өмірден шуақ табуға, бір-бірінің жүректеріне мейірім шапағатын төгуге тырысады. Сөйтіп идея авторлары адамдар арасындағы ізгілік пен мейірімді дәріптей отырып, көрерменді махаббат пен достық сезімдерін бағалай білуге шақырады.
Фильмнің басты рөлдерінде Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары ойнаған. Сондай-ақ Нұржұман Ықтымбаев, Войтек Соларз Антони (Польша), Жанел Мақажанова, Бақытжан Әлпейісов, Ева Бехер, Асхат Кчинчиреков, Катрин Монтондо (Бельгия), Арвидас Дапшиш (Польша), Ханбюль Сео (Оңт. Корея), Енок Ким (Оңт. Корея), Сумин Ким (Оңт. Корея), Чана Чой (Оңт. Корея) секілді әр елден арнайы шақырылған актерлер тобы фильм салмағын арттыра түскен. Картина Шығыс Қазақстан облысында түсірілген.
ильмнің музыкасын елімізге танымал композитор Қуат Шілдебаев жазған. Ал фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған.
Аталған фильм ең алғаш Германияда өткен 64-Мангейм-Хайдельберг халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында көрсетілген болатын. Фильмнің басты рөлінде ойнаған жас актер Амангелді Құсайынов 2016 жылы халықаралық «КиноМалыШок» кинофестивалінде «Үздік бала рөлі» жүлдесімен марапатталғаны да есімізде.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ