• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2010

ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛҒАН ӨНЕР ОРДАСЫ

2297 рет
көрсетілді

Қабырғалы қазақ деген халықтың ата-бабасынан, ақылды анасынан қалған қасиетті жерді береке-бір­лікке ұйып, түбіміз бір деп мекен етіп келе жатқан көне этностардың бірі ұйғыр жұрты. Осы жұрттың бүкіл руханияты­ның алтын діңгегі сана­латын киелі шаңырағы, ХХ ғасырдың айтулы композиторы КСРО халық әртісі Құдыс Қожа­мияров атындағы мемлекет­тік ұйғыр музыкалық коме­диялық театры дер едік. Бұл өнер ұжымының құрыл­ғанына да 75 жыл болыпты. Бір замандары “...театр деген нәрсе – ермек емес, көңіл кө­теруде емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны” деген екен Алаш арыс­тарының бірегейі Міржақып Ду­латов. Осындай үлгі-өнеге, тәр­бие орталығы болып келе жатқан театр­дың директоры, талантты компо­зитор Әділ ЖАНБАҚИЕВТЫ мерей­тойға орай әңгімеге тартқан едік. – Иә, театрдың ұлттың дамуында, өсіп-өркендеуінде алатын орны, беретін тағылымы мол екені белгілі. Сіз Мір­жақып Дулатовтың аталы сөзін мысалға келтірдіңіз. Осы сәт менің ойыма ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің “Көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйе­мізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді” деген әдемі байламы ойы­ма оралып отыр. Ұлылар сөзінің ас­тарын­да үлкен шындық жатқаны рас. Қоғам өзгеріп, заман қанша жерден жаңарғанмен өнер өзінің алтын арқауын ешқашанда үзген емес. Өз дәуірінің бей­не­сін өткен кезеңдермен жалғас­тырып, келер күнге ұмтыла береді. Ғасыр­лар құпиясын іздеушісі табылса, бүгіп қалмай сан қырын, алуан сырын алдыңа жаятын да өнер мен әдебиет. Мен бұған дәлел, дәйек келтірсем, әң­гіме желісі ұзап кетер. Ұйғыр халқының қазақ топырағындағы рухани мекені саналатын біздің театр өткен ғасырдың отызыншы жылдары шаңырақ көтерген екен. – Сол бір ойранды жылдарда отау тіккен театрдың өткен жолы, кемелдену кезеңі туралы да айта кетсеңіз. – Алғашқы қойылымдарын шағын пьесалардан бастап, бірте-бірте күрделі туындылар қойып, қанат жайып келе жатқанда екінші дүниежүзілік соғыс баста­лып, театр ұжымы тыл еңбеккер­лерінің жігерін жанып, рухын көтеру үшін ел ішіне барып, біраз жыл қызмет көрсетті. Қазақ жерін мекен еткен ұлт­тар қашанда достық­ты ту етіп, ынты­мақты өмір сүріп келеді ғой. Біздің өнер ұжымы­ның қалып­тасуына да сол достық үлкен көмек жасау­да. Соның арқасында абы­ройы­мыз асып, беделіміз көтерілу үстінде. Жоғарыда айтқа­ным­дай, шағын пьесалар­дан театрдың алғаш­қы қадамы қалып­тасса, ол бірте-бірте сүйекті дра­ма­ларға ұласты. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр Шекспир, Гоголь, Гольдон, Мольер, Погодин, М.Әуезов, К.Яшен, С.Мұханов, А.Кахар, У.Гаджибеков, А.Са­дыров, М.Зұлпиқаров және тағы басқа­лар­дың драмалық дүниелері әр қырынан сахнаға қойылды. Осындай келелі еңбектер­ді әнмен кіргізіп, бимен өрнектеуде ком­пози­торлар Қ.Қожа­мияров, Г.Дуғашев, И.Мә­­сімов, М.Ки­биров, И.Исаев, Ш.Шәй­­­­­мер­­денов және басқалар өз үлесін қосса, айтулы режис­серлер А.Ибрагимов, В.Азимов, А.Ис­майлов, Ә.Мәмбетов, Б.Омаров, Қ.Жет­піс­баев, С.Башоян секіл­ді режиссерлер өрісті өнердің ажарын кіргізді. Драмалық дүниені жұртқа жет­кізетін әртістердің шеберлігі мен талан­ты десек, ұлттық өнердің қаз-қаз тұрып, одан кейін қабырғасының қа­таюы­на, іргесінің бекуіне, абыройының асуына, мәрте­бесінің биіктеуіне ерекше үлес қосқан өнер жұл­дыз­дарының қатарында Қазақ­станның ха­лық әртістері А.Ша­миев, С.Сат­таров, М.Семятова, М.Бакиев, Р.Илахунова, М.Ахмадиев, Н.Маметова, А.Айсаев, тағы басқалар жүрді. Көбі қазір де сахна төрінде, жұрт назарында. Театрымыз 1965 жылға дейін ұйғыр-музыкалық драма театры делініп келсе, одан бергі кезеңде мемлекеттік музы­ка­лық комедиялық театры аталынады. 2005 ұлы композитор Құдыс Қожа­мияровтың аты берілді. – Әділ Махеметұлы, театрларыңызда бірнеше шығармашылық ұйымдар қатар қызмет етіп келеді екен... – Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Бұл уақыт талабы. Көркем сөз өнерін ән-бимен ұштастыру мақсатында драма­лық труппа, халықаралық фестиваль­дердің лауреаты атағына әлденеше рет ие болған фольк­лор­лық “Нава”, вокал­дық-хореографиялық “Сада”, хорео­графиялық “Рухсара” ан­самбл­ьдері бар. Бұл ансамбль­дер қазір қалың жұртшы­­лыққа өз өнер­лерін көрсетіп, ерекше ілтипатқа бөленіп жүр. Біздің өнер ордамыз отандық және әлемдік театрлар фестиваліне де қатысып, жақсы жағы­нан көрініп келе жатқанын да айта кетсем деймін. 1997 жылы халық­аралық театрлар фестивалі Каирде өткенде біздің ұжым қатысып, жақсы жағынан танылды. Одан кейінгі жылдары Венгрия, Түркия, Қытай, Швейцария, Англия, АҚШ сияқты елдерде болған өнер жары­сында да өз қарымы­мызды көрсеттік. 2003 жылы қазақтың жауын­гер ақыны Махамбет Өтеміс­ұлының мерейтойы қарсаңында көрнекті жазушы Әкім Таразиге өтінішпен шығып, “Махамбет” атты драма жаздырып, соны сахнаға шығарған едік. Бұл құн­ды дүние отандық театрлар арасында өткен он бірінші фести­вальде екі номинацияны қанжығаға байлады. Оның біріншісі – драманы безендір­ген П.Ибрагимов пен әйел бейнесін шығарған Ә.Үсенова лауреат атанды. Тағы бір айтайын дегенім, біздің театрдың ғимараты біраз жылдар бойы жөндеу көрмей кел­ген еді. 2002 жылы театр үйі ине-жіптен шық­қандай жаңарып, оның ашылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ақ тілегін білдірді. Шыны керек, Қазақстан­дағы өзге ұлттар секілді біз де мем­ле­кетіміздің шара­патына бөленіп, әркез материалдық моральдық жағынан қамқорлыққа кенеліп келе жатырмыз. – Қазір қандай қойылымдарды жұртшылыққа ұсынып отырсыздар? Мерейтой қарсаңында жаңа дүние­лерді сахнаға шығардыңыздар ма? – Бұл арада қойылымдарды мысалға келтіріп, таратып айтар болсам, қойылған еңбектер аз емес. Солардың бірі – ақын И.Сапарбай­дың “Сыған серенадасы” атты музы­ка­лық драмасы дер едім. Бұл туын­дыны ұйғыр тіліне ақын А.Дулятов аударған еді. Соны­мен қатар, Ж.Аси­мов пен А.Са­дыровтың “Анархан”, И.Саттаров пен В.Дья­ковтың “Ғарип пен Санам”, Ә.Аширов пен Қ.Аб­дура­сулов­тың “Идиқут” тарихи дра­ма­сын, Ә.Әх­мәтовтың “Африкалық күйеу бала” М.Зул­пиқаровтың “Лутпулла”, У.Гад­жи­бековтің “Аршин мал алан”, Х.Ғуламның “Аман­ниса­хан” сияқты туын­дыларымен қатар Шекспирдің “Король Лирі” де бар. Бұларға қоса драма­лық труппа мен ансамбльдер өздерінің репер­туарларын тың дүниелермен толықтырып, жаңа ән-билерді әрлеп, заман талабына жауап беретіндей етіп жасады. Жалпы, театрымыздың қарыштап дамуына бұрынғы директорымыз, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиевтің қосып келе жатқан үлесін мен ерекше атап өткім келеді. Береке-бірлікке ұйыған театрдың атақты тұлға­ларынан бастап, қарапайым қызмет­керіне дейін бір мақсат, бір ниетке ұйыс­қан, ұйымдасқан. Мен мұны шын ілти­патпен ерекше атап айта кетуді парыз санай­мын. Өнер ордасының бүгінгідей биікке көтері­­луіне өздерінің айтулы үле­сін қосып жүрген, драмалық шығарма­ларды көркем­дік деңгейге көтеріп, көрер­меннің көз­­айы­мы­на айналдырып келе жатқан бас ре­жис­сер Я.Шамиев пен му­зы­ка­лық жағы­нан ажарын кіргізіп, жұрт­тың алғы­сына бөленген композитор А.Жам­бақиев еңбек­терін де ерекше атап өткім келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.