Біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы туралы Декларация қабылдадық!
Ел тәуелсіздігінің қасиеті мен бағасын сезіне алған әркім бұл Декларацияның қажеттілігін де, құндылығын да жан жүрегімен түйсіне алатыны хақ. Жиырма жылдық тарихы бар тәуелсіз Қазақстанның екі он жылдықтағы табысты кезеңіне, құтты болған қадамына саяси баға беру арқылы Парламент Сенаты барлық қазақстандықтар мен әлемдік қоғамдастықтың айтып жүрген ой-пікірлерінің, беріп отырған бағаларының тарихи қорытындысы мен тұжырымдамасын жасады деуге әбден болады.
Бұл жиырма жыл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Енді біздің ел атқа қонады, дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады», – дегенді тәуелсіздігімізді жариялаған тоқсаныншы жылдары, кеңестік жүйенің ыдыраған дәуірінің аласапыранды да аумалы-төкпелі кезеңінде нартәуекел үмітпен жасқанбай айта біліп, тарихтың аса қысқа мерзімінде Қазақ елін экономикасы қуатты, әлеуеті жоғары әлемнің дамыған өркениетті елдерінің қатарына қоса алған даналығы мен даралығының, кемелділігі мен кемеңгерлігінің белгісі, ерлігі мен өрлігінің жеңісі!
Бұл жиырма жыл – Елбасының ХХ ғасырдың тауқыметі мен қасіретін де, түрлі зардабы мен нәубәтін де көп тартқан туған халқымды алуан-алуан асулардан аман алып өтсем екен, сол туған елімді ХХІ ғасырдың, жаңа дәуірдің жақсылығына ілестіріп жіберсем екен деген бір ғана арман-мүдде толғандырған, осы бір ойлар ғана мазасыздандырған, «дүниеде тәуелсіз менің қазақ елім бар» дегенді айта жүріп, жол жүріп, аспан ұшып, құрлық аралап, континенттер кезген қайырлы сапары, алаң көңілмен мазасыз күн кешіп, түн ұйқысын төрт бөліп, өз халқына адал қызмет етіп, перзенттік те президенттік те парызын адал атқарып жүзеге асыра білген Ердің арманы!
Бұл жиырма жыл – кешегі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» ұлы құл, қызы күң болып «елім-айлап» шұбырып зарлаған елдің, халқымды отырықшы ел қыла алмадым, қала салып бере алмадым деген хан Абылайдың, төңкерістің тауқыметін тартып, ақтар келіп атын алған, қызылдар келіп намысын қорлаған шарасыз елдің, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұран сала жүріп қолдан жасалған ашаршылықты көрген қаймана қазақтың, дербес билігін ала алмай, азатты ел бола алмай, қара бастары айдауға түсіп, халық жауы деген жаламен құрбан болып кете барған ерлердің зар мұңды көз жастарының игені, Тәңірдің жарылқағаны!
Бұл жиырма жыл – өзіміз өз, еліміз ел болғалы өз еркімізбен, өз таңдау қалауымызбен, Елбасының ел болашағын кеңінен пішіп, тәуелсіздігіміздің тамыры тереңінен тартсын, сол тәуелсіз елдің іргетасын халқым өз қолымен қалап, уығын да өзі тіксін, шаңырағын да өзі көтерсін, сөйтіп, қазақ деген елдің қолынан бәрі де келетіндігін дүние жұрты білсін деген ізгі бір кемел ойлы арман-мүддемен ұлан-ғайыр ұлы даланың ұлы өзегі Есілдің бойына ел қондырып, таңданбасты таңдандырып, тамсанбасты тамсандырып саялы да аялы Бәйтерегі бар, әлемге айбын, өз жұртына айдын Ақордалы – Астана қаласын салып, елордамыз адамзат тіршілігі жаратылғаннан бері еш уақытта бір-бірімен қарама-қарсы отырып тілдесуді білмеген әлемнің түрлі діндері мен конфессиялары жетекшілері мен өкілдерінің басын қосып келе жатқан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін бүкіл мұсылман, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш болып өткізе алған, Адамзатты жаһандық қауіп пен қатерден сақтандырып, сол үшін түрлі батыл да айқын ой айтып, нақтылы қадамдар жасап, Жер шарын мекен еткен барлық халықтардың үмітті де рухани астанасына айналдырып, асқақтап, асқар биіктіктің шыңына шыққан шағымыз.
Бұл жиырма жыл – Елбасы мен өз елінің бірге жүріп өткен әрқилы кезеңдері мен өткелдері, тар жол, тайғақ кешулері мен үмітті болашаққа ұмтылыстары, алынған асулары мен шыққан биіктері, жемісті жеңістері мен әлем алдындағы абыройлы белестері!
Міне, Декларация тәуелсіз елдің бүгінгі және келер ұрпағына осы бір асқақ ойларды айтады. Сол ойды айту арқылы ел Тәуелсіздігінен асқан құндылық жоқ екендігін мәлімдейді, Елбасының ерлігін әйгілейді, талай да талай бір шайқалар тұста да сыр бермеген ел бірлігін сақтауды аманаттайды да, барлық қазақстандықтарды сенімді болашаққа бағыттайды. Сол сенімді болашаққа деген халқымыздың айқын бағдары, ел дамуының межелі бағдарламасы бар екендігін айтады.
Бізде де айтар бар! Бізде де әлемге нұсқа боларлық үлгі мен өнегелі істер бар! Өйткені, біз тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойына жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті экономикаға негіз салып бере алатындай сүйсінерлік табыстармен келіп отырмыз!
Декларацияда Қазақстан Республикасының референдум өткізу арқылы қабылдаған Конституциясы еліміздің табысты дамуының құқықтық іргетасы бола алғандығы атап көрсетіледі де, осы Конституцияның қабылдануымен егемендіктің саяси-құқықтық негіздері қаланып, адам, оның өмірі, құқы мен бостандығы ең жоғары құндылықтар болып танылғандығы мәлімделіп отыр. Қазақстандық қоғамның материалдық және рухани өмірін жаңғыртудың белгіленген стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға ықпал ететін қоғам мен мемлекетті ұйымдастырудың өзекті қағидаттары мен негізі бекітіліп, ол орнықтырылды. Саяси дамудың ұлттық мүдделері мен әлемдік үрдістері ескерілген саяси құрылымның дербес үлгісі жасалды.
Елімізде конституциялық эволюциялар және құқықтық жүйені сатылап, кезең-кезеңімен реформалаудың нәтижесінде мемлекеттік биліктің теңгерімді және тиімді жүйесі қалыптастырылды да, ол мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Президенттік институт мемлекетті басқарудағы жүйе түзуші рөл атқаруда. Республика Президенті Конституцияның сенімді кепілі, елді жаңғыртудың бастамашысы және соны іске асырушысы болып саналатындығы жайында Декларация жолдарында айқын айтылып отыр.
Қазақстанның дамуы стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып келе жатқандығы және де солардың ішінде барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан-2030» президенттік Стратегия басты орын алып отырғандығына орынды баға берілді. Елбасының Қазақстанның өзіндік даму жолын сәтті қалыптастастыра білуі біздің бар табыстарымыздың басты бір кепілі болып отырғандығы да дау туғызбайтын күдіксіз ақиқат. Сонан да болар ел дамуының алға қойылған міндеттерін жоспарлы түрде және біртіндеп іске асыруға мүмкіндік беретін басты айқындықтары мен басымдықтары еліміздің бағдарламалық негіз құрайтын құжаттарында және Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында көрініс тауып келеді. Міне, осы жайлардың да Декларацияда атап көрсетілуінің негізінде ол тәуелсіз жиырма жылдың жинақталған тәлімді де телімді тәжірибесінің бірі ретінде құнды құжатқа жазылды.
Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы туралы бұл Декларацияны әзірлеу жөнінде құрылған Парламенттік жұмыс тобының бір мүшесі ретінде айтарым, Елбасының егемен ел құрудағы, сол елді дүние жұртына танытудағы, ішкі тұрақтылықты сақтаудағы, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өлшеусіз еңбегі мен теңдессіз қызметін айқындап, анық баға беруде және осы тарихи құжаттың мазмұнды да мәнді болып әзірленуіне Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің өмірлік мол тәжірибелері мен іскерліктерінің зор ықпалы тигендігін айтуды жөн санап отырмыз.
Елбасымен ел болып, Елбасымен дәйім жарасып мұратты мақсаттарға жетіп, ойдағымыз орындалып, көңіліміз толып, ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз нығайып, дәулетіміз мен әулетіміз салтанат құрып отырған осы бір сәтте де тәуелсіздігіміздің қайырын сұрап, баяндылығын тілейік те, өткенімізді ұмытпай, биікке самғар қыран қанатты, талмай шабар тұлпар тұяқты қарқынмен үмітті болашаққа қарай ұмтыла берейік!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.