Жаңа ғасырға аяқ басқан Қазақстан әлемдегі басқа да мемлекеттер сияқты қоршаған ортаның ластануы бойынша күрделі проблемаларға ұшырап отыр.
Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі стратегиялық компоненттерінің қатарына еніп, мемлекеттің басымды аспектілерінің біріне айналуда. Республикамыздың көптеген аймақтарында экологиялық жағдай күрделеніп, тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізуде.
«Қазгидрометтің» хабарлауына қарағанда, 2017 жылдың қорытындысы бойынша сарапталған 49 елді мекеннің ішінде Қазақстанның 8 қаласы барынша ластанған деп танылды. Олар: Жітіқара, Атырау, Балқаш, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау, Өскемен. Бұлардағы ауаның ластануы шегіне жеткені есепке алынған. Ал жеті елді мекеннің экологиялық жағдайы жоғары деңгейде деп танылған. Құрамына Астана, Алматы, Тараз, Ақтау сияқты ірі 10 қала енетін қалаларымыздың экологиялық ластануы нормадан жоғары деп анықталған. Сондай-ақ Астана, Өскемен, Балқаш, Жезқазған, Шымкент және Кентау сияқты алты қаланың топырағындағы ауыр металл қалдықтары нормадан 20-50 есе артық екендігі айқындалған.
Зерттелген 133 су қоймасының ішінде 32-сі жоғары, 3-уі аса жоғары деңгейде ластанған деп танылған. 2017 жылы туризмге қолайлылық деңгейін зерттеген Бүкіләлемдік экологиялық форум Қазақстанның 136 мемлекеттің ішінде 99-шы орын алатынын анықтаған.
2007 жылдың өзінде біздің Экологиялық кодекске өкілетті және жергілікті атқарушы органдардың Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерін (ҚОСМК) анықтау туралы міндеттеме енгізілген еді. 2015 жылы Экологиялық комитет қарайтын Энергетика министрлігі осы көрсеткішті анықтаудың тәртібі туралы бұйрық шығарды. Алайда бұлардан қоршаған ортаның ахуалы жақсарған жоқ, керісінше бүліну жалғасуда. Талаптардың бәрі қағазда қалды. Тек Жамбыл, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары ғана аталмыш көрсеткішті анықтауға кіріскен, басқаларында ол қозғалмаған күйінде.
Сонымен бірге бізде қоршаған орта сапасын анықтайтын біртекті рационалды әдіс те жоқ. Ал табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны бүлдіргені үшін төлеуге тиісті өтемақылары нақты залалдың мөлшеріне маңайламайды да.
Біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалымызда осы мәселелерді шешу үшін төмендегі шараларды орындауды ұсындық:
1. Жергілікті атқарушы органдарға жылдың аяғына дейін ҚОСМК жасау және оны бекітуді тапсыру;
2. Өкілетті органға Қазақстан аумағының көрсеткіштерін есепке ала отырып, ҚОСМК әзірлеуін тапсыру және қоршаған орта сапасы нормативтеріне кезең-кезеңмен жетуді жүктеу;
3. ҚОСМК-ны эмиссиялық нормативтермен бірге уделдік нормативтер түрінде қолдану мүмкіндігін қарастыру.
Құралай ҚАРАКЕН, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі