Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ұлыбритания парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық тобының мүшелерінен тұратын британдық депутаттар келді.
Қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында делегация басшысы – Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі топтың төрағасы Боб Стюарт Астанадағы сапары мен келіссөздерден алған өзінің әсері туралы айтты. Ол британдық парламентте Қазақстанның «өкілі» болуды мақтан тұтатынын атап өтті. «Ұлыбритания Қазақстанды болашақтың елі, инвестицияларға ашық, заңдарды ұстанатын және қысқа мерзімде жаңа өзгерістерге бейім барынша болуға тырысқан ел ретінде қарастырады», деді Б. Стюарт.
Депутаттар тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген Қазақстанның экономикалық жетістіктерін жоғары бағалады. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қазіргі жетістіктеріндегі ерекше рөлін атап өтті. «Біз Президенттің саясаты халық тарапынан үлкен қолдау көріп отырғанын байқадық. Президент 27 жыл ішінде елдің осындай даму деңгейіне жету үшін тамаша жұмыс істеген», деді Б.Стюарт.
Британдық депутаттар Назарбаев университетінде қазақстандық студенттермен әңгімелесті. Оларды жастардың өмірлік ұстанымы, білімге деген құштарлығы және болашаққа деген сенімділігі таңғалдырды. Британдық депутаттардың пікірінше, бұл Қазақстанның қазіргі күні қандай екенін және болашақта қандай болатындығын көрсететін ең жақсы дәлел болып табылады.
Журналистердің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты кеңейту туралы, британдық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің санын арттыру туралы сұрағына жауап бере отырып, Ұлыбритания парламенті лордтар палатасы төрағасының орынбасары Лорд Дэннис Роган қазақстандық студенттерді өз елінде ғана қабылдап қоймай, сонымен қатар Ұлыбритания студенттерін де Қазақстанға оқуға жіберуді ұсынды.
Британдық депутаттардың Астанаға жасаған сапарының мақсаттарының бірі Қазақстанның инвестициялық әлеуетін зерттеу болған. Британдықтар Қазақстан Үкіметі «KAZAKH INVEST» арқылы іске қосылған инвесторларға қолдау көрсету тетігі Ұлыбританиядағыдай жұмыс істейтінін атап өтті.
«Егемен-ақпарат»