Биылғы жыл біздің Отанымыз үшін белгілі кезеңнен асқан айрықша жыл болып отыр. Өткен 20 жыл қоғамдық-саяси тұрақтылық аясында экономикалық серпінді даму мен қазақстандықтардың ерен жетістіктерге қол жеткізген кезеңі болды. Бұл кезеңде Қазақстан барлық бағытта да маңызды табыстарға қол жеткізді. Алдымен – экономика, сосын – саясат, экономикалық даму негізінде қоғамды либерализациялау, сонымен бірге, осы жолда әлеуметтік теңсіздікті жою, яғни дамумен қатар, тұрғындарды әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру – міне, осының бәрі «қазақстандық жол» деп аталған біздің асқан асуымыз болды.
Осы маңызды оқиғаны айрықша атап өту мақсатымен Парламент 20 жылдық Декларациясын қабылдады. Осынау, саяси-құқықтық маңызды құжатта қазіргі замандастар мен болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдағы ең үлкен табыстары аталып көрсетілді.
Қазақстандықтардың зор табысқа жету сыры 1991 жылғы сайлауда ел өз тағдырын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына сеніп тапсыруынан басталды. Содан бері ол Конституцияның кепілі, Мемлекет басшысы ғана емес, іс жүзінде Ұлттың көшбасшысы және Қазақстан табысының қазіргі және болашақтағы символы ретінде танылды.
Тұңғыш Президент өзінің алдында тұрған мемлекеттік міндеттерді шешіп қана қоймай, барлық аймақтар мен экономиканың салаларын жаңғыртқан өте кең ауқымдағы экономикалық реформаларды іске асыра алды. Соның ішіндегі бүкіл қазақстандықтардың мақтанына айналған тамаша табыс – Қазақстанның жаңа символына айналып, халықтың қуаты мен күшін, қарқындап дамуын паш еткен жаңа елорда – Астана. Ол – біздің айбынымыздың, мүмкіндіктеріміздің, қабілетіміздің және еңбексүйгіштігіміздің тамаша көрінісі. Бүгінгі күні осының бәрі 20 жылда ғана іске асқанына таңырқамай қарай алмайсың. Біз экономикалық күрделі қиындықтарды артқа тастап, қазіргі замандағы жаһандық әлемге үйлесе алған тиімді экономика жасай алдық. 2010 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 мың АҚШ доллары көлеміне жетіп, 1994 жылғымен салыстырғанда 13 есеге жуық өсті. Сөйтіп, соңғы жылдарда Қазақстан экономикалық өсімнің жоғары қарқынын Қытай, Үндістан және АСЕАН елдері көлемінде жоғары деңгейде сақтай алды.
Қазақстан экономикасына соңғы 19 жылда 130 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция құйылды. Егер 1995 жылы Қазақстанның экспорты 5,3 млрд. доллар болса, 2010 жылы ол 60 млрд. долларға жетті. Бұл – 11 есе өсім деген сөз. Дүниежүзілік банктің сарабы бойынша Қазақстан инвестиция тарту климатының тартымдылығы және бизнеске жақсы жағдай тудыру жөнінен әлемдегі алдыңғы саптағы 20 елдің қатарына енген.
Елде аймақтық даму мен жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару институттарының құрылуына Мемлекеттік егемендік туралы декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң негіз болды. 1995 жылы қабылданған Конституция жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық жолдарын көрсетіп, олардың белгілі өкілеттік шеңберіндегі дербестігіне кепілдік берді. 2007 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жағдай күрт өзгеріп, Конституцияға енгізіліген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде жергілікті өзін өзі басқарудың негізі жергілікті мәслихаттар болып белгіленді.
Елдің және аймақтардың стратегиялық бағыттағы дамуы тиісті заңдық негіздермен қамтамасыз етілмесе іске аспайды. Осыған байланысты тәуелсіздік жылдарында қуатты заңнамалық базаның қалыптасқанын айта кету керек. Тек соңғы жылдары ғана Парламент жеке кәсіпкерлікті қолдау мен олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін бірнеше заңдар қабылдады.
1997 жылғы «Қазақстан-2030» Даму стратегиясының қабылдануына орай еліміздің аймақтарын тұрақты дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттары мен басымдықтарына жету жолындағы үдеріс басталып кетті. Президент Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында елдің алдағы онжылдыққа арналған дамудың стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын айқындап берді. Қазір елімізді индустриаландыру үдерістері қарышты қадаммен өсіп келеді. Тек былтыр ғана елімізде 900 млрд. теңгені игерген 234 нысан, ал биыл 600 млрд. теңгенің 122 нысаны пайдалануға берілді.
Елбасының үстіміздегі жылғы 28 қаңтардағы Жолдауын іске асыру мақсатымен 2020 жылға арналған елдің аумақтық дамуының болжамды сызбасы қабылданды. Бұл аймақтар дамуының жаңа бағдарламасы болып табылады. Онда даму әлеуеті жоғары елді мекендер атап көрсетілді. Сонымен бірге, онда бюджетаралық байланыстардың тетіктері жетілдірілген. Ол тұрғындардың барлығына бірдей сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетуді де қарастырады.
Осы болжамды сызбада елдің барынша перспективалы агломерациялық орталықтары көрсетілді, олардың қатарында Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалалары бар. Сонымен бірге, артта қалған аймақтарды экономикалық жағынан ынталандырудың жаңа, икемді тетіктері әзірленген.
Жуырда Елбасы Н.Назарбаев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Бұл облыс – елдегі көшбасшы аймақтардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында мұндағы аймақтық жалпы өнім 3 млрд. теңгеден 2 трлн. теңгеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі төрт есе артты. Шағын және орта бизнестің жұмысы жанданды, олардың шығарған өнімдері 22 есеге ұлғайды. Жұмыспен қамту барысы екі есе өсті.
Шығыс Қазақстан облысы да еліміздің аса ірі өнеркәсіпті, қуат өндіруші, аграрлы және әлеуетті көлік саласы бар аймағы. Мұнда да биыл АЖӨ 1 трлн. теңгеден асып, 2001 жылмен салыстырғанда 5 есе өсті. Облыста 70 мыңнан артық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Бұл – осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 10 есе артық деген сөз.
Ақтөбе облысы да еліміздің серпінді даму жолына түскен аймақтарының бірі. Мұнда 2010 жылғы АЖӨ 1993 жылмен салыстырғанда 822 есе артты. Өнеркәсіп өнімінің үлесі жөнінен облыс республикадағы алдыңғы қатарлы бестіктің қатарына енді. Соңғы жеті жылда 400-ге жуық инвестициялық жоба іске асты. Бұл 25 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік жылдарында Ақмола облысы экономикасының барлық саласы да серпінді дамыды. Мұндағы аймақтық жалпы өнім 1993 жылғы 2,3 млрд. теңгеден 2010 жылы 255 есе өсіп, 586 млрд. теңгеге жетті. Индустриялық секторда өнеркәсіп өнімдері осы мерзімде 837 млн. теңгеден 180 млрд. теңгеге жетті. Индустриаландыру бағдарламасы бойынша 92 млрд. теңгенің 33 жобасы іске асырылды.
Алматы қаласы біздің елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы көшбасшы орындағы мегаполис болып есептеледі. Бұл қала еліміздің барлық ІЖӨ-сінің 18 пайызын бере отырып, мемлекеттік бюджет кірісінің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдарында Алматы АЖӨ-сі 1993 жылғы 1,4 млрд. теңгеден 2010 жылы 430,4 млрд. теңгеге дейін өсті. 2001 жылдан 2011 жылға дейін денсаулық сақтау саласының 31 нысаны және 35 мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілді.
Атырау облысы да еліміздің аса ірі индустриялы аймақтарына жатады. Елімізде өндірілген ІЖӨ-нің 13 пайызы осы облыстың еншісінде. Ал АЖӨ-нің жан басына шаққандағы үлесі бойынша облыс елімізде бірінші орын алады. Тәуелсіздіктің 20 жылында аймақта 81 мыңнан артық жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта бизнес саласының өнімдері 2000 жылы 7 млрд. теңге болса, 2010 жылы ол 465 млрд. теңгеге жетті.
Маңғыстау облысы да Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне үлкен табыстармен келді. 2010 жылдың қорытындысына жасалған рейтинг бойынша облыс аймақтар арасында бірінші орын алып, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша алғашқы үштіктің қатарына енді. Мұнда жан басына шаққандағы АЖӨ 19 мың долларды құрап, республикадағы ең алдыңғылардың бірі болып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысының АЖӨ-сі 1991 жылғы 7 млрд. теңгеден 2010 жылы 1,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 225 есе артты. Облыс бюджеті 25 есе өсті. Облыста 280 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мың жұмыс орны жаңадан пайда болды. Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 57 жоба іске асты.
2011 жылы 832 млрд. теңгенің 192 индустриялық және инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы аяқталатын болады. Соның ішінде Ақтөбе облысында 113 млрд. теңгенің 24 жобасы, Павлодар облысында 112 млрд. теңгенің 13 жобасы, Шығыс Қазақстан облысында 150 млрд. теңгенің 12 жобасы бар. Жылдың алғашқы жартысында 284 млрд. теңгенің инвестициясы игерілді.
Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызы бар (жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез, қатерлі ісіктер) дерттер, ана мен бала өлімдерінің үлесі азайып келеді. Мәселен, туу 2010 жылы 2004 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артты, ал жалпы адам өлімі 11 пайызға, ана өлімі бір жарым есеге, сәбилердің шетінеуі 15 пайызға төмендеді. Туберкулезбен ауыру 2004 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге, ал осы дерттен көз жұму екі есеге азайған.
Мұның бәрі – соңғы жылдардағы денсаулық сақтау орындарының материалдық-техникалық базасының нығаюына байланысты қол жеткізілген табыстар. Соңғы алты жылда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды, соның ішінде 7 қан орталығы бар. Республикалық бюджеттің есебінен ғана 75 млрд. теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды.
Бүгінгі күні Қазақстанның барлық мектептері компьютерлендірілді. Сонымен бірге, мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті құралдармен қамтамасыз етілді. 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілуде. Жоғары білім беру саласында да қол жеткізілген табыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Назарбаев Университеті базасында жоғары білім берудің жаңа, инновациялық үлгісі жасалды.
Соңғы он жылда мемлекеттің әлеуметтік жәрдемақысының орташа көлемі 3,4 есеге артты. Соңғы жиырма жылда зейнетақының ең аз көлемі 5,1 есеге көбейді. Ал зейнетақының орташа көлемі 5,7 есеге өсті.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының 20 жылда қол жеткізген табыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда Қарағанды облысында болғанда айтқан сөздерінің әділеттігін дәлелдейді. Президент: «Күшті мемлекеттің негізі – күшті аймақтар. Нақ индустриялық тұрғыдан жан-жақты дамыған аймақтар мемлекеттің гүлденуіне, азаматтардың әлемдік деңгей қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріп, қоғамымыздың ең басты жетістігі сақталуына кепіл болады», деген еді.
Талғатбек АБАЙДІЛДИН, Парламент Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы.