• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2018

Әдемілікті жырлаған әріптес – Бақберген Амалбеков

735 рет
көрсетілді

Мен үшін Бақберген Амалбековтің жан дүниесін жақсы білмеу мүмкін емес. Өйткені курстасыммен абитуриент кезден таныспын. Сол 1970 жылы «Лениншіл жаста» «Абитуриенттер жырлайды» топтамасымен өлеңдеріміз бірге жарық көрген. Оның әлемге әдемі қарау қасиеті ұнаған. Сол қадамнан 43 жыл бойғы журналистік қызметінде бірде-бір рет ауытқымағаны да бір ғанибет. 

Досым, әріптесім сол қағи­датын «Егемен Қазақстан» газе­тіндегі ширек ғасырлық жұмы­сында үнемі жалаулатумен болды. 1992-2017 жылдар ара­лығында Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында бас басылымның меншікті тілшісі жауапкершілігін арқа­лай жүріп, тәлім-тағылымы мол сан жанрда оқырманын тол­ғандыра білді. Бақберген Амалбековтің «БАҚ саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атануы, бірнеше медальмен марапатталуы адал еңбектің ақталған­дығын аңғартады.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Б.Амалбеков «Қаржы полициясының қары­мы», «Керімсал» (поэзия), «Әлем­ге әдемі қараңыз», «Қайы­ғын қисайтпағандар қағидаты», «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің» атты кітаптардың авторы. Ол сондай-ақ «Зеренді көктемі» жас ақындар жинағын құрастырып, қарт ақын Мәш­һүрбек Аманжоловтың «Өткен күндер өрнегі», Кәрім Жүсіп­бековтің «Сөнбес сәуле» кітап­тарын әдеби өңдеп, баспаға дайындады. Аударма өлеңдері «Орыс поэзиясының антологиясына» енгенін де айта кеткіміз келеді. Оның ыстық ықыласты пікір-тілектері Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 70 жылды­ғына арналған кітапқа енген. Сонд­ай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола бөлімшесі әнұранының қазақша мәтінінің авторы. Қазіргі күні облыс пен қаланың қоғамдық шараларына белсене қатысуда.

Зейнет жасындағы әріп­те­сіміздің жақында жа­рық көр­ген «Әлемге әдемі қара­ңыз», «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің», «Қайығын қи­сайтпағандар қағидаты» ата­латын кітаптары «Егемен Қа­зақ­стандағы» жарқын күн­дер­дің оқырман алдындағы әдемі есебі сияқты тәтті әсер қал­дырады. Бұл шығармаларда тұшымды мақалалар, сыршыл сұхбаттар, тағылымды очерк­тер топтастырылған. Мұнда өзекті тақырыптар өріліп, әде­мі өмір сүру үшін әлемге әдемі қарай білу керектігі ұшқыр ой, көркем тізбелермен жатық баяндалады.

Кітаптар қалың оқырманның пайымын кеңейтіп, жас жур­налистердің кәсіби шыңдалуына септеседі деген ойдамыз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»