Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданында «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің өнер байқауы ұйымдастырылған болатын. Тың бастама ауыл, аудандардағы көптеген таланттарды елге танытты. Өнерде өз дарынын дәлелдеп, биіктен көрінуіне мүмкіндік жасады.
Мысалы, алғашқы байқауда бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың бірі. Ал байқаудың екінші жылы Отырар ауданынан келіп, бағын сынаған Хадиша Шалабаева бас жүлдені иеленді. Жас дарындардың жолын ашу мақсатындағы жақсы бастама түрлі себептермен тоқтап қалған еді.
Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Пердеш Есенбековтің айтуынша, екі мыңыншы жылдары бұл өнер байқауы «Мақтаарал әуендері» деген атпен өте бастаған. Деңгейі төмендеп, тек аудан көлемінде ғана. «Енді міне, Мырзашөл топырағында араға 23 жыл салып ән аламаны қайтадан жанданып отыр. Байқаудың басты мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас буынды отаншылдыққа тәрбиелеу, жастардың эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдау, ел ішіндегі жас таланттарды қолдау, сондай-ақ Мырзашөл туралы жаңа әндерді халық арасында кеңінен насихаттау», – дейді П.Есенбеков. Қайта қолға алынған, Астана қаласының 20 жылдығы мен Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген байқауға облыстың қала, аудандарынан 16-29 жас аралығындағы 21 әнші қатысты.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен өнер мерекесінде облыс әкімі Ж.Түймебаев қазақ әндері – халқымыздың баға жетпес байлығы, сарқылмас қазынасы екені, іргесі берік, сүйегі мығым мемлекет құрудың негізгі алғышарттарының бірі халықтың мәдени-рухани тұрғыдан дамуы екенін атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені мақтааралдық әнші Әріпхан Нұрислам, І орынды шымкенттік «Сарын» тобы иеленді. Ал ІІ орынға Ордабасы ауданының тұрғыны Айнұр Аубакирова, ІІІ орынға шардаралық Жандос Әшірбеков пен түркістандық Біржан Сапарбекова лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға берілген жүлде де қомақты. Атап айтсақ, бас жүлдеге – 1 миллион теңге, 1-орынға – 500 мың теңге, 2-орынға – 400 мың, 3-орынға – 300 мың және қалған орындарға 50-100 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар берілді. Өнерсүйер қауым қайта жаңғырған байқаудың енді жыл сайын өткізіліп тұратынына сенімді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы