Егемен мемлекет құруды біздің халқымыз ғасырлар бойы армандаған болатын. Қазіргі кезде қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын парақтары жазылуда.
Халқымыздың ең ұлы мақсаттарының бірі – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру болды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңы қабылданып, еліміз дербес даму жолына түсті.
Біз өз Отанымызды, өз тарихымызды, өз өмірімізді шын мәнінде қайта түлеттік. Өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізіп, біз үшін мүлдем жаңа әрі ашық қоғамның есігін аштық, дербес мемлекет ретінде демократиялық, зайырлы елдің заңдық негіздерін құрдық.
Осыдан жиырма жыл бұрын беймаза күй кешкен бұлыңғыр күндердің келбеті бәріміздің көз алдымызда. Қазақстан алыс болашаққа бастайтын беташар жолдың басында тұрған болатын. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен батыл шешімдерінің арқасында бүгінгі бірлігіміз жарасқан, ынтымаққа ұласқан күндерге жетіп отырмыз.
Тәуелсіздіктің жиырма жылында біздің еліміз елдікті нығайту мен әлеумет ахуалын жақсартуда ауқымды жетістіктерге жетті.
Егемендік жолындағы күресте Қазақстан басшылығының алға қойған мақсаты – республикадағы барлық халықтардың мейлінше толық саяси, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сүруіне лайықты жағдайлар жасау болды. Бүгінде ол мақсат толығымен орындалғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Дегенмен, біз бір орында тұрып қалуға тиіс емеспіз. «Қазақстан-2030» даму стратегиясында еліміздің ертеңгі күнге жасалған нақты қадамдары белгіленді. Біз даму қарқынын үдете түсіп, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің сапынан көрінуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жөніндегі Президенттің халыққа жолдауларындағы биік міндеттер бәрімізге ортақ межелерді белгіледі.
Бүгінде Қазақстан күллі әлем алдында экономикалық қуаты үлкен, болашағы зор мемлекет ретінде танылды. Қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, келешегі сенімді елге айналған Отанымыздың халқы ең алдымен бірлікті қастерлейді, қоғамдық келісімді құрмет тұтады.
Елбасы айқындап берген, дәл әрі жан-жақты ойластырылған стратегиялық бағыттың арқасында, тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде Қазақстан демократиялық саяси жүйесі, тұрақты экономикасы және дамыған азаматтық қоғам институттары бар табысты да қуатты мемлекетке айналды. Әлеуметтік-экономикалық өсудің және халықтың әл-ауқаты деңгейі артуының жоғары көрсеткіштеріне, ішкі саяси тұрақтылыққа, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықта еліміздің жоғары рейтингіне қол жеткіздік.
Жиырма жыл ішіндегі Қазақстанның даму нәтижелерін Отанымыздың жоғары табыстары барынша айғақтап отыр. Сонымен бірге, өрлеу жолында, демократиялық, шынайы құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту барысында ауқымды шаралар қабылданып, түбегейлі реформалар іске асырылды. Осы жылдардағы еліміздің қол жеткен табыстары 10 желтоқсанда Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясында егжей-тегжейлі жазылды. Бұл Декларация – замандастарымыз бен болашақ ұрпаққа арналған саяси-құқықтық салтанатты құжат.
Құжатта Қазақстанның дербес даму жолындағы қол жеткен ең басты жетістіктері нақты көрсетілді. Яғни, осы жылдары не істелді, қандай жетістіктермен мақтана аламыз, алда қандай міндеттер тұр деген сауалдарға жауап берілді.
Декларация жиырма жылда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктеріміздің зор ауқымын әр азаматтың сезінуіне ықпал ететін болады.
Құжатта Тәуелсіздік алудағы және оны нығайтудағы, экономикалық, саяси дамулардағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше рөлі айқындалған.
Бұл Декларация біздің тәуелсіздігімізді сақтауға және оны нығайтуға шақырады. Барша қазақстандықтарды өзінің мемлекетін сүюге, сондай-ақ оның игілігіне еңбек етуге шақырады.
Дербес даму жылдарында біздің еліміз тәуелсіздікті жариялаудан бастап нақты егемендік арасындағы жасампаздық жолынан өтті.
Өтпелі кезеңнің барлық қиындықтары мен сынақтарынан сәтті өткен еліміз бүгінде бүкіл әлем құрметтеген қуатты мемлекетке айналды.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Қазақстан азаматтары осы тарихи оқиғаға куә болғанымен ғана емес, тәуелсіздікті тікелей орнатушысының бірі болғанын да мақтан етуі тиіс.
Шын мәнінде, Декларация мәтіні Парламенттің қос палатасы депутаттарының ұжымдық еңбегінің нәтижесі болып табылады. Басында оны Палаталардың бірлескен отырысында қабылдау жоспарланған болатын.
Палата Төрағаларының, яғни менің және Орал Мұхамеджановтың тапсырмасы бойынша Сенат және Мәжіліс депутаттарынан, қос аппарат қызметкерлерінен Жұмыс тобы құрылды. Онда негізгі мәселелер қамтылып, құжаттың құрылымдық және мазмұндық бөлігі әзірленді. Жұмыс барысында мемлекеттік органдардан көптеген ұсыныстар түсті, оның ең құндыларын біз ескердік.
Мен Декларацияда көрсетілген бірнеше мәселелерге тоқталғым келеді.
Бұл, бірінші кезекте, көпұлтты Қазақстан халқының бірлігінің көрінісі. Біздегі ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің үлгісін халықаралық қоғамдастық мойындап отыр.
Біздің елімізде тұратын ұлттардың бейбітшілігі мен келісімі – қоғамның мәдени тұрғыда баюы мен өркендеуінің көрінісі.
Одан әрі айтар болсақ, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, оны қорғау және нығайту жүйесі жасалды.
Тәуелсіздіктің бастауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», деп әрқашан қайталап айтып отырды.
Қазақстан мемлекеттік шекараны шегендеу және оны заңды түрде рәсімдеу мәселелерін толық шешті. Жалпы ұзындығы 14 мың шақырым болатын шекарамызда тату көршілестік белдеуі жасалды.
Нарықтық экономикаға көшу бағдарламасы іске асырылды, экономикалық тәуелсіздіктің негіздері нығайтылды.
Мәселен, тек бір ғана мысалды алайық. Осы жылдары ішкі жалпы өнім халықтың жан басына шаққанда 12 еседен астам өсті. Тарихта тәуелсіз дамудың бірінші 20 жылында бірде-бір ел мұндай көрсеткіштерге қол жеткізбеген.
Келесі атап өтуге болатын жетістік – Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды. Біздің еліміздің халықаралық бастамалары әлемдік қоғамдастықта жоғары баға алуда.
Еліміздің 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына табысты төрағалық еткені, осы ұйым Саммитінің Астанада өтуі – Қазақстанның жаңа тарихындағы дәуірлік оқиғалар болып табылады.
Енді әлемдік саясатта Еуразия қауіпсіздігі және Астана рухы деген жаңа ұғымдар пайда болды.
Декларацияда тағы бір атап көрсетілген табысымыз – Тәуелсіздік жылдары қысқа мерзімде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен және тікелей басшылығымен жаңа Елорда – Астана қаласы салынды. Астана – біздің Президентіміздің жүзеге асқан арманы, төл перзенті деуге болады.
Қазақстанның болашағы – Астананың келешегімен тығыз байланысты, өйткені ол – барша қазақстандықтардың мақтанышы мен ел бірлігінің айқын белгісі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Аса маңызды бұл шараның Жалпыұлттық жоспары бекітіліп, мемлекеттік комиссия құрылды. Жалпыхалықтық жауапты іс баршаның біріге қимылдауымен іске асады. Елбасы оны жүзеге асыруда Үкіметке инвесторлардың, бизнес-қауымдастықтарының, қазақстандықтардың күшін біріктіруді тапсырды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауында осы ерекше жылдағы басымдықтар белгіленді. Қазақстан Республикасының жиырма жылдық мерейтойы «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ» ұранымен өтіп жатыр.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді негізгі құндылықтар берік қалыптасты. Қазақстан деген ұлан-байтақ өлкені мекендеп жатқан барша ұлт пен ұлысқа ең қымбатты осы қарапайым да қастерлі қағидаларды бүгінгі адамдар да, келер ұрпақ та құрметтеп қарап, қадірлеуі тиіс. Бұл – барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, жаңа жеңістерге, жоғары табыстарға, биік межелерге шақырады.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.