Елбасының қатысуымен сенбі күні Елордада пайдалануға берілді
Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Астана қаласында көпшіліктің қуанышына айналған көптеген нысандар ашылуда. Сондай жүрекжарды жаңалықтан журналистер қауымы да қалыс қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияның басты офисі жанынан орын тепкен «Қазмедиа орталығы» құрылыс нысанының аяқталуына байланысты оның тұсауын кесті.
«Қазмедиа орталығының» құрылысы 2010 жылдың 8 желтоқсанында басталған болатын. Жаңа телеорталықтың тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ, ал бас мердігері «Сембол Улусларарысы» компаниясы. Жалпы аумағы 75 500 шаршы метрді құрайтын «Қазмедиа орталық» ғимаратының барлық технологиялық алаңдары «Sony», «Omneon», «Dalet», «Pharos», «Everts», «Apple», «Avid» сынды әлемдегі озық өндірушілердің соңғы өнімдерімен жабдықталған. Н.Назарбаев «Қазмедиа орталығы» жаңа телерадиокешенін аралап көрді. Мемлекет басшысына қазіргі заман талабына жауап беретін жаңа медиаорталықтың мүмкіндіктері мен келешегі туралы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндап берді. Елбасыға сондай-ақ телесериалдарды түсіруге арналған аппараттық студиялық кешен, жаңалықтар мен телебағдарламалар студиялары, симфониялық оркестрлердің концерттерін жазуға мүмкіндік беретін студия және синхрондық аударма жасау жүйесімен қамтамасыз етілген киноконцерт кешені көрсетілді.
Бұрын мұның барлығы да екі-үш студияда орындалып, тақырыбына қарай үнемі өзгеріп, әуре-сарсаңға салатын. Бұрындары телестудияларды түсіру үшін жарық, декорациялық құрал-жабдықтар, жылжымалы стансалар сырттағы түсірілім алаңдарына тасылып жататын болса, енді мұның барлығы да кешеннің өзінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мерекелік шаралардың өзін де студияларда атқарып, оның сапалы да көркем етіп көрерменге жол тартуына қол жеткізіліп отыр. Медиа-орталықтың 22-қабатында екі панорамалық студия (Sky Studio) орналасқан. Бұл студияларда тікелей эфир жүргізу немесе бағдарламалар түсіру кезінде елорданың тамаша көрінісін панорама ретінде пайдалануға болады.
Астана көркін жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік беретін осы бір панорамалық студияға жиналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтауға келген Елбасы былай деді: «Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының егемендігімізді баянды етуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деп санаймын. Осындай ғимарат салу көптен ойда жүрген. Мінеки, мұның да сәті түсті. Көп жобалардың ішінен осы таңдап алынды». Осылай деп сөзін сабақтаған Нұрсұлтан Әбішұлы мұнда орнатылған әлемдегі ең озық деген құрал-жабдықтарды сатып алуға 33 миллиард теңге жұмсалғанын тілге тиек етті.
Алматыда қалған телеарналарды көшіріп әкелу мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жаңа кешенге «Хабар», «Caspionet», «Қазақстан», «Балапан», «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы», «Первый канал Евразия» және «Мәдениет» телеарналары, сондай-ақ «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиолары орналасады. Бұдан басқа телеорталықта «Білім» және «Хабар-24» тақырыптық арналарының редакциялары жұмыс істейді деп күтілуде.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына қаратып, қызықты бағдарламаларды шеттен ала бермей, Қазақстанның өзінде жасауға қол жеткізу тиімді екенін көлденең тартты. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова мен «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев бастаған басшылар тобы Елбасыға ризашылықтарын жеткізе отырып, көрермендер көңілінен шығатын дүниелерді әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.
Орайы келгенде Мемлекет басшысы Сенат тарапынан қабылданған «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Заңға өзінің қол қоймайтындығын мәлімдеді. Мемлекет басшысы өзіне ешқандай марапаттың қажет еместігін айта келіп, егер марапатты қабылдасам, онда болашақ президенттерге қандай үлгі қалдырамын дей келіп, өзі үшін Қазақстан халқының 95 пайыз дауыс беріп, президенттікке қайта сайлауының өзі үлкен марапат екенін атап көрсетті. Ал Тұңғыш Президент сайланған 1 желтоқсан күнін «Президент күні» деп атауға қарсы еместігін білдірді. «Ондай даталы күндер әлем тәжірибесінде бар», деді аталған мәселеге қатысты Елбасы.
Бұқаралық ақпарат құралдары елдің бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін қосатын сала болып табылады. Елдің қол жеткізген табыстарын көрсетіп, адамдарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәдениетті дамытуға үлес қосу, өскіндер тәлім алатын бағдарламалар жасау осы саланың басты міндеті болғандықтан, мемлекет осындай қадамға барып отырғанын білдірген ел Президенті қазіргі заман қондырғыларымен жарақталған студияларда қалаған телесериалдарды түсіруге болатынын да қаперге салды. Мәселен, «Голливудта» көптеген фильмдер студияларда түсіріледі. Қазақстанды және оның тұрғындарының қол жеткізген жетістіктерінен әлем хабардар болуы тиіс. «Біз соған лайықпыз. Жиырма жыл ішінде жүз жылға татырлық істер атқарылды. Біз әлемде танымал бола бастадық, бізді алда үлкен жоспарлар күтіп тұр», деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында «Қазмедиа орталығының» барлық технологиялық алаңы әлемдік жетекші өндірушілердің жаңа өнімдерімен жабдықталғандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ кешеннің өндірістік базасын бірыңғай заманауи технологияға және айқындығы жоғары (HD) пішінге сай келтіру жоспарланған.
Президент сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайында өткен, елорданың Астана қаласына көшірілу күніне арналған концертті тамашалады. Астана егемен Қазақстанның басты символына, оның мақтанышы мен зор жетістігіне айналды. Концерттік бағдарламаға Қазақстан астаналарының жүріп өткен жолы баяндалды. Сонымен бірге, бағдарламаға патриотизмді, елордаға, Қазақстанға деген сүйіспеншілікті жырлайтын шығармалар енгізілген. Концертке қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.