«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы №4 қазақ орта мектебінен фоторепортаж беріліп отыр. 1988 жылы Шилісай руднигінің қаржыландыруымен қазіргі Қандығаш қаласында іргетасы қаланған №4 қазақ орта мектебі 1991 жылы тамыз айында пайдалануға берілді. Бұған дейін аудан орталығында бірде-бір қазақ мектебі болмағандықтан бұл тәуелсіздіктің алтын күрек самалымен мүмкін болған жағдай екені айтпаса да түсінікті. Мұғалжарлықтардың тәуелсіздікпен келген бұл қуаныштың игілігін көргеніне де тура 20 жыл болып отыр. Бұл мектептің таза қазақ орта мектебі болып ашылуына аса зор еңбек сіңірген ұстаз Камалхан Қуанов болатын. Ол 1991-1997 оқу жылдары мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин медальдарының иегері өз ортасында сыйлы іскер басшы болды. Одан кейін әр жылдары мектепті басқарған Әбдімұрат Коргулин, Бек Байболов білім ордасының материалдық-техникалық базасының жақсаруына, білімді де білікті ұстаздар қауымының қалыптасуына ұйытқы болды. Білім берудің озық әдістерін енгізуде бастамашылдық көрсетті. Директорлық эстафетасын ұстаған Есімхан Шымқаев та алдыңғы толқын ағалары салған жолды лайықты жалғастырып, оған өзінің ізденісті басшылық, ұйымдастырушылық шеберлігімен үлес қосып келеді. ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Есімхан Әбенұлы көп жылғы еңбегінің нәтижесінде мектептің 2010-2011 оқу жылындағы қорытынды көрсеткіштерінің жоғары болуына байланысты Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді иеленді. 1991-2006 оқу жылдары ішінде аталған басшылармен қанаттас тынымсыз еңбек етіп, оқу-тәрбие жұмыстарын жандандырып дұрыс жолға қоя білген, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін жетілдіруде жақсы бастамалар көтерген, ұжымның бірауыздылығы мен ұйымшылдығын сақтап, жаңалықтың жаршылары болған оқу- тәрбие істері бойынша мектеп директорларының орынбасарлары Светлана Көшербаева, Шолпан Мәмбетова, Күләш Сүйінғарина, Ақмарал Айдарова еңбектерін аса құрметпен атап өткен жөн. Олар әдістемелік жұмыстарды, мәдени шараларды, тәрбие сағаттары мен сайыстарды ашық сабақтар мен семинарларды жоғары дәрежеде ұйымдастырудың шеберлері болды. Оқу ісінің орынбасарлары Светлана Көшербаева мен Шолпан Мәмбетованың жаңашылдық іс-тәжірибелері аудан, облыс көлемінде таратылып, 1998 жылы ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталды. №4 қазақ орта мектебінің абыройын асқақтатуға атсалысқан ұстаздар – ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Күлзада Оразғалиева, еңбек ардагерлері Амангүл Ерқасымова, Ілгек Құлтаева, Рая Турниязова, Қалима Есенаманова, Жұмасұлу Жүсіпова, Альфира Нагимова, Баян Көшкімбаева, Дәмежан Медетова, Әнуза Нұрмағанбетова зейнеткерлік демалысқа осы мектептен шықты. Сол кездегі жас мамандар Гүлмадина Обайдуллина, Фарида Қожатова, Айсұлу Достанова, Фарида Қадырқұлова, Гүлайым Қариева, Райса Хайырлиева бүгінгі күнге дейін жаңашылдықпен еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда оқу-тәрбие жұмыстарын түрлендіріп, жан-жақты жетілдіріп, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін жаңашаландыру ұстаздар ұжымының негізгі мақсаты. 1041 бала оқитын мектепте 117 мұғалім жұмыс істейді. 20 мұғалімнің жоғары, 50-інің бірінші, ал 26-сының екінші біліктілік санаты бар. Соңғы 3 жылдың қорытындысы бойынша 17 ұстаз облыс әкімінің «Үздік ұстаз» марафон-байқауының жеңімпаздары болып, олардың әрқайсысы 120 000 теңге грант иегерлері атанды. Мектепте лингафондық, мультимедиялық, компьютерлік, интерактивті тақталы, жаңа құрылыммен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары бар. Сондай-ақ, 2008-2009 оқу жылынан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған коррекциялық сынып ашылып, балалар талапқа сай дәрісханада білім алуда. 2010-2011 оқу жылында 63 түлектің екеуі «Алтын белгі» және екеуі «Ерекше аттестат» иегерлері атанды, 9 түлек грантпен оқуға түсті. Мектеп ҰБТ-дан орташа 93,9 балл көрсеткішін, ал таңдау пәндері бойынша 100 пайызды көрсетіп, қалалық мектептер арасында бірінші орынды иеленді. Республикалық және облыстық пәндік олимпиадаларда, сондай-ақ өнер байқауларында, спорт жарыстарында жеңімпаз болып жүрген мектеп шәкірттері жетерлік. Мұндай жоғары көрсеткішке жету ұжымның ауызбірлігін, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері Гүлайым Кариева мен Райгүл Масабаева, Салтанат Карибектің үлкен жауапкершілікпен жұмыс істегенін көрсетті. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасына 350 оқушы қатысты. Нәтижесінде өткен оқу жылында «Ең үздік білім беру мекемесі» деп танылып, мектеп жеңіл автокөлікке ие болды және аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың сыйлығы – факс тапсырылды. Мұның барлығы да мектеп ұжымының бір кісідей ұйымшылдығы және біліктілігінің нәтижесі. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
•
13 Желтоқсан, 2011
Тәуелсіздікпен құрдас мектеп
450 рет
көрсетілді