Ретинобластома дейтін балаларда сирек кездесетін, тұқым қуалайтын көз іші қатерлі ісігі бар. Жыл сайын елімізде ретинобластомаға шалдыққан 20-25 бала табылады. Айтпағымыз, Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда бірінші рет отандық Педиатрия орталығында көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан 4 балаға ота жасалды.
– Қазақстанда емдеудің стандартты тәсілі көзді алып тастау еді. Өмір бойы көз протезін киіп жүру психологиялық тұрғыдан, тіпті қай жағынан алсаң да бала үшін де, ата-ана үшін де өте ауыр. Сондықтан ата-аналардың көпшілігі көзді сақтап қалу үшін шетелдерге жүгінуде. Мәселен, Ресейде бұл отаны жасату үшін 350 мың рубль қажет болса, Үндістан мен Швейцарияда 60-70 мың АҚШ доллары тұрады. Соңғы 10 жылда әлем бойынша ретинобластоманы емдеу өзгерген. Көптеген елдерде көзді алып тастау әдісі азаюда. Көз іші қатерлі ісігі – ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы әдісін енгізу және дамыту Қазақстан азаматтарының өз отанында анатомиялық және функциялық орган ретінде көздерін сақтай отырып, жоғары мамандандырылған тегін көмек алуына мүмкіндік береді», деді «Қазақ көз аурулары ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Марат Сүлейменов.
Сонымен бұрын-соңды елімізде жасалмаған бірегей ота Ресей мамандарының қатысуымен «Ретинобластомаға шалдыққан науқастарды жедел емдеу» атты шеберлік дәрісі аясында жүзеге асты. Осылайша тұңғыш рет орталықта жатқан 4 балаға селективті интраартериалды химиотерапия (СИАХТ) жүргізіліп, ота жасалды.
Балаларда кездесетін көз іші ісігінің арасында ретинобластома 90 пайызды құрайды және жоғары қатерлілігімен сипатталады. Жыл сайын әлемде ретинобластоманың 8100 жаңа жағдайы анықталады, оның ішінде 570-810 жағдай нәрестелерде кездеседі. Ретинобластома көз алмасының бәрін ісік тіндерімен басып, көру жүйкесіне, көз ұясына, миға өсіп шығатын агрессивтілігімен сипатталады. Ісік тек көру қабілетінен айыру түрінде ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар метастаздың және басқа органдарда да екінші қатерлі ісіктің дамуы салдарынан өлім-жітімнің жоғарылығымен де қауіпті.
Мұндай ерекше күрделі ота күнде жасалына бермейді. Бірегей шеберлік сабағын өткізіп, СИАХТ операциясын жасау үшін Мәскеудегі Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығының дәрігерлері – ангиохирург Игорь Трофимов пен анестезиолог Леонид Мартынов арнайы шақырылған. Санаулы ғана елдерде енгізілген отаны ресейліктермен бірге отандық Педиатрия орталығының онколог, офтальмолог, анестезиолог дәрігерлері және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігерлері бірігіп өткізді.
Операцияның ерекшелігі де осында, елімізде енгізіліп отырған көз іші қатерлі ісігі – ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы озық әдісін енгізу балалардың көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Айтулы шараға орай өткен баспасөз мәслихатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева «Қазақстанда көз іші қатерлі ісігі анықталған балалар 2015 жылдан бері біздің ғылыми орталықта ем алады. Ретинобластома – балаларда сирек кездесетін, тұқым қуалайтын көз іші қатерлі ісігі. Жыл сайын елімізде ретинобластомаға шалдыққан 20-25 бала (алғаш рет ауырған) тіркеледі. Бұл кесел көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда анықталуда. Бұл аурудың түрі барлық қатерлі ісіктердің 4 пайызын құрайды. Жиілігі 14 мың – 20 мың тірі туған нәрестеге шаққанда 1 жағдайдан кездесуде. Соңғы жылдары енгізілген жаңа емдеу тәсілдері мен диагностикалаудың арқасында балалардың өмірі ұзартылуда. Мамандарымыз Германия, Австрия сынды елдерден тағылымдамалардан өтіп жүр. Сондай-ақ шетелдік мамандардың қатысуымен түрлі шеберлік-сыныптарын өткізіп отырамыз.
Орталықта 2015 жылдан бастап лазеркоагуляция және интравитреалды химиотерапия тәрізді жергілікті емдеу әдістері белсенді қолданылып келеді. Сонымен қатар екінші қайталанған ісік тәрізді кеш асқынулардың дамуын төмендету үшін тәуекелге бейімделген ем жүргізуге мүмкіндік беретін IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халықаралық жіктелімге сәйкес гистологиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге іске асуда.
2017 жылдан бастап көз алмасын энуклеациядан кейін өсіп келе жатқан баланың бет сүйегінің косметикалық ақауын төмендетуге мүмкіндік беретін көз импланттарын қолдану басталды. Біздің алдымызда тұрған келесі қадам – соңғы 10 жылда АҚШ-та қолданылып, баланың өмірін ғана сақтап қоймай, 95 пайызға дейін көзді де сақтауға мүмкіндік беретін органсақтаушы емнің озық әдісін енгізу болып отыр. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілгелі отырған жаңа технология – селективті интраартериалды химиотерапия ондаған науқас балаларға көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді», деді.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты аталған технологияны Қазақстанда енгізуге бастама көтеріп отыр. Сонымен қатар оны кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекке қосуға ұсынуда. 2016 жылы Retinoblastoma Registry неміс хаттамасы негізінде ретинобластоманы диагностикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы бекітілген және бұл хаттама биыл жаңа органсақтаушы технологияның енгізілуіне байланысты қайта қаралуда. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткеннен кейін СИАХТ әдісі балалар онкологиялық қызметі мен интервенциялық хирургия шоғырландырылған және ретинобластомаға шалдыққан барлық балаға негізгі ем жасалынатын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының практикасына енгізілетін болады.
Мәскеулік дәрігерлер көздің қатерлі ісігін емдеу Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығында 2011 жылы енгізілгенін айтады.
– Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық орталық ретинобластоманы емдеу бойынша айналысатын Ресейдегі жалғыз орталық. 5 жылдан бері бұл мәселеге біз ерекше назар аударып келеміз. Жылына орталықта 120-дан астам ота жасалады. Операцияны жасау 1-1,5 жарым сағат уақытты алады және дайындығы бар. Препарат басқа органдарға нұқсан келтірмей, ошаққа дәл жіберіледі, – дейді ресейлік дәрігер-ангиохирург Игорь Трофимов.
Бірегей отаны жасауға «Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры» да қолдау көрсеткенін атап өту парыз.
Алдағы маусым айынан бастап біздің мамандар бұл отаны өздері жасай бастайды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ