Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы ақпаратпен бөліскен азаматтарға 240 мың теңге сыйақы беріледі. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Азаматтық саналылық – құр сөз емес. Әрбір қазақстандық санасындағы сыбайлас жемқорлықты жеңе білгенде елімізде бұл құбылысты жеңетінімізге сенемін. Әрқайсысымыз қазір және болашақта сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ деп мәлім еткенде, ең бастысы - әрбір азамат оған қарсы күресе бастағанда ғана жеңіс келеді».
«Достар, егер де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, яғни параны бопсалап алу немесе беру, бюджет қаржысын жымқыру жоспары, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану жағдайларының куәгері болып жатсаңыздар, тез арада агенттікке хабарласыңыздар» деп жазды агенттік төрағасы.
Біздің call-орталығымыздың нөмірі 1424. Тәулік бойы жұмыс жасайды. Менің жеке поштам alik.shpekbaev@gmail.com.
«Бірде бір өтініштің қараусыз қалмайтындығына кепілдік беремін. Ақпаратпен бөліскен азаматтар құпиялылық және құқықтық қорғаумен қамтамасыз етіледі. Ақпарат расталған және сотта айыптау үкімі болған жағдайда, мәлімет берушіге 240 мың теңгеге сыйақы беріледі», - деп жазды Алик Шпекбаев.
Миражан МАХАН,
1 курс студенті