Алғашқы өнімін бере бастағалы 67 жылға бет алған қазақ мұнай өңдеу өнеркәсібінің қарлығашы – Атырау мұнай өңдеу зауыты ел Тәуелсіздігімен бірге жасап келеді. Бүгінде кәсіпорында Қазақстанда баламасы жоқ жаңа заманғы кешендер жобасы жүзеге асырылуда. Өндірілетін өнімнің түрлері ғана емес, олардың сапа көрсеткіштері де еселеніп, бәсекеге қабілеттілігі арта түсті. Кәсіпорынның қол жеткізген табыстарын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Талғат Алтыбайұлы БАЙТАЗИЕВ ел Тәуелсіздігімен байланыстырады. Тарихы бай, келешегі кемел өндіріс ордасының кешегісі мен бүгіні туралы әңгіме барысында зауыт басшысының сөзінен осыны түйдік.
– Талғат Алтыбайұлы, биылғы жыл қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет болып, Тәуелсіздік тізгінін қолына алғалы 20 жыл толуымен айрықша. Әрине, 20 жыл тарих үшін айтарлықтай ұзақ уақыт емес десек те, еліміз үшін елеулі өзгерістермен, айтулы оқиға, жаңа бетбұрыстармен ерекшеленді бұл кезең. Өткенді екшеп, келер күнді бағдарлайтын осындай сәтте сіз басшылық ететін зауыт қандай жетістіктерімен мақтана алады?
– Өзіңіз айтып өткендей, Тәуелсіз 20 жыл ішінде еліміз көптеген өзгерістерді бастан кешірді. Біз де өзімізді осы мемлекеттің шағын бөлшегі деп білеміз, сондықтан да зауытымыздың даму тарихын мемлекет тарихынан бөліп қарауға болмайды. Тарихсыз бүгін жоқ. Біздің баянды бүгініміздің негізі сол кешегі өткен күндерде жатыр. Зауытымыз елмен бірге қарқынды дамып келеді. Кәсіпорын жаңаша кейіпке енді, өндіріс көлемі ұлғайды, мұнай өңдеудің жаңа технологиялары игерілді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты – Қазақстандағы ірі өнеркәсіп ошақтарының бірі. 1945 жылдың 8 қыркүйегінде іске қосылған зауыттың алғашқы жылдық өңдеу қуаты 800 мың тонна мұнай болған еді. Ал ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша біз 4 074,2 мың тонна мұнай өңдедік. Кәсіпорынның Тәуелсіздік жылдарындағы аяқ алысына тоқталар болсақ, тілге тиек етер тұстар жетерлік. Солардың бірі – 1992 жылы Атырау МӨЗ бірінші рет Теңіз мұнайын өңдеуді жүзеге асыра бастауы. Бұл құрамында ашық түсті бөлінділердің үлесі басым жаңа мұнай түрі еді, сонымен қатар, оның құрамында метил-этилмеркаптандардың болуы үлкен дайындықты және бірқатар технологиялық, экологиялық проблемаларды шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ, біздің зауыт елімізде алғашқылар қатарында акционерлік қоғам атанды.
Соңғы жиырма жылдың ішінде жаңа өнім түрлері игеріліп, реактивті отын, АИ-80, АИ-96, Регуляр-92, Супер-98, Премиум-95 автомобиль бензиндері шығарыла бастады.
2000 жылы жылдық қуаты 600 текше/сағат техникалық азот өндіретін алғашқы қондырғы салынды. Қуаты 1 200 текше/сағат екінші қондырғы 2006 жылы пайдалануға берілді. 2003-2006 жылдары тарихқа жапондық деген атпен енген қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жапондық Джи Ди Си және Марубени Корпорейшн компанияларымен серіктестікте ауқымды жобалар жүзеге асты. Қайта жаңғырту жұмыстары аясында бензинді сутекпен тазарту және изомерлеу, дизель отынын сутекпен тазарту және парафинсіздендіру, сутек тазарту және шығару, түйіршіктеу блогы бар күкірт шығару қондырғылары салынып, пайдалануға берілді.
Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауыты Еуро-2 деңгейінің талаптарына сәйкес келетін Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 автокөлік бензиндерін шығарады. Қайта жаңғыртудың арқасында жоғарыоктанды бензин өндірісінің көлемі де айтарлықтай өсті. Дизель отындары да Еуро – 2,3,4 деңгейлеріне сәйкес келеді.
Жапондық қайта жаңғырту жұмыстары барысында биологиялық тазарту имараттары салынып, зауыттың буландыру аумағына жіберілетін сарқынды су сапасы айтарлықтай жақсарды. Мысалы, сарқынды судағы мұнай өнімдерінің көлемі 48 мг/л-ден 0,8-1 мг/л-ге дейін төмендеді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жаңа қондырғылар мен зауыт ЖЭО үшін дербес су айналым жүйесі салынды. Соның арқасында Жайық өзенінің суын пайдалану мөлшері 2007 жылы 1,3 млн. текше метрге дейін азайды. Зауыттың алау шаруашылығы қайта жаңғыртылып, осының нәтижесінде алау бағандарындағы газ жану көрсеткіші ең төменгі деңгейге жеткізілді.
Мұнай, қарамай, дизель отыны автобензин сақтауға арналған жаңа қазан парктері пайдалануға берілді. Кәсіпорынға экологиялық тұрғыда баға берілгенде оның өрт және жарылыс қаупі есепке алынады. Осы орайда зауыт автоматты қадағалау, хабарлау және өрт сөндіру құралдарымен жарақталған.
Биылғы жылы АВТ-2 және баяу кокстеу қондырғыларын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтадық. Зауыттың жылу электр орталығын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар басталды.
Жалпылай алғанда, атқарылып жатқан іс-шаралардың қай-қайсысы да өнім сапасын арттыру міндетінен туындап отыр. Біздің ұстанып отырған саясатымыздың басым бағытының бірі де бірегейі – экологиялық қауіпсіздік. Мен санамалап көрсеткен жұмыстардың барлығы да осы мақсатты көздейді. Біз осының арқасында қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың мөлшерін айтарлықтай төмендеттік. Өндірілетін өнімнің экологиялық көрсеткіші жақсарды. Бұл дегеніміз – біздің өнімдерді тұтынудың экологиялық қауіпсіздігі мейлінше арта түсті деген сөз.
Тиісінше біздің кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаны ластағандығы үшін төленетін төлемдер бұрынғыға қарағанда біраз төмендеді. Бұдан өзге, жергілікті биліктің ұсынысын ескере отырып, ағымдағы жылы АтМӨЗ-дің аймақтың экологиялық жағдайына және тұрғындардың денсаулығына әсерін зерттеу мақсатында 50 млн. теңге қаражат бөлінді.
«Атырау МӨЗ» ЖШС экология саласында ISO 14001:2004, қауіпсіздік және еңбек қорғау саласында OHSAS 18001:2008 сериялы халықаралық стандарттармен сертификатталып, оны 2006-2007 жылдары сәтті енгізе алдық. 2009 жылдың желтоқсанынан бастап зауыт сапа және менеджмент саласында ISO 9001:2008 сериялы халықаралық стандартпен сәйкестігі бойынша сертификатталды.
– Кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы туралы әңгімелеп берсеңіз. Бұл жобалар еліміздің мұнай өңдеу өнеркәсібіне қандай жаңалықтар әкелмек?
– 2015 жылға дейін Атырау МӨЗ-да екі ірі жоба жүзеге аспақ: ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен және мұнай өнімдерін ауқымды өңдеу кешендерінің құрылысы. Осыдан бір жыл бұрын ароматты көмірсутек өндіретін кешен құрылысының жобасы сәтті бастауын алды. Қазақстанда баламасыз боп танылатын бұл жоба еліміздің мұнай өңдеу саласындағы жаңа бетбұрыс ретінде бағаланды. 2009 жылғы 29 қазанда “АтырауМӨЗ” ЖШС мен Қытайдың “Синопек Инжиниринг” компаниясы арасында ароматты көмірсутектер шығаратын кешен құрылысының шартына, былтырғы жылдың 30 шілдесінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-пен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС арасында 1 млрд. 63 млн. АҚШ доллары көлемінде несие беру жөніндегі Бас несие келісіміне қол қойылды. Өткен жылдың 4 қыркүйегінде кешен іргетасының алғашқы тасы қаланып, тарихи сипатқа ие бұл шара салтанатты түрде атап өтілді. Бұл – Қазақстан мұнай өңдеу өнеркәсібінің жаңа дәуірінің бастауы. Тек бұл ғана емес, бұл кешен мұнай-химия өнеркәсібінің даму қарқынын үдете түспек.
Осы уақыт ішінде бекітілген кестеге сай жұмыстар атқарылып, құрылыс алаңдары дайындалды. Бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары басталды. Sinopec Engineering компаниясының қазақстандық филиалы мердігер «Атырау облыстық геотехникалық орталығы» КҚМК күшімен инженерлік-геологиялық және топографиялық-геодезиялық жұмыстардың ауқымды бөлігін атқарып үлгерді. Аталған жоба аясында шикізат бойынша өнімділігі жылына 1 млн. тоннаға тең катализаторды үздіксіз регенерациялайтын каталитикалық риформинг қондырғысы, бензол мен толуолды экстракциялау қондырғысы, параксилол бөлу қондырғысы, толуол мен ауыр ароматты көмірсутектерді трансалкилдеу қондырғысы салынбақ. Сондай-ақ, жоба аясында жалпызауыттық шаруашылық нысандарының құрылысы да қарастырылған. Жоба 2013 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек. Бұл дегеніңіз – зауыт жылына 133 мың тоннаға дейін бензол, 496 мың тоннаға дейін параксилол өндіруге мүмкіндік алады деген сөз. Қолданыстағы технология бойынша өндірілетін бензиннің құрамында бензол бар және ол автокөлік түтінімен бірге ауаға тарайды. Қазіргі таңда зауытта өндірілетін бензин құрамындағы бензолдың үлесі – 5 пайыз. Ал кешен іске қосылысымен бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендемек. Бұл инвестициялық жобаның негізгі мақсаты – өндірілетін өнімнің экологиялық сипаттарын жетілдіре отырып, нарықты сапалы мотор отынымен қамтамасыз ету, мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат өндіру. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жоба, ең алдымен, Тәуелсіз Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосу міндетінен туындаған қажеттілік.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында, яғни, 15 желтоқсан күні зауытымызда Мұнайды ауқымды өңдеу кешені жобасы құрылысының «түбегейлі тапсыру» шартына қол қою рәсіміне арналған үлкен ресми шара өтпек. АтМӨЗ-де ауқымды мұнай өңдеу кешенін салу өнімдегі күкіртті, азотты және басқа да қосылыстарды төмендету арқылы Ееро-4 деңгейінен кем емес жоғары октанды бензин және дизель отындарын алу, жаңа заманғы технологияларды, қазан агрегаттарын қолдану арқылы ауаға тасталатын ластағыш заттар көлемін азайту, өңдеуге қарамай мен ваккумды газойлды тарттыру арқылы мұнай өңдеу ауқымдылығын арттыру мүмкіндігіне жол ашпақ.
Бұған дейін шикізат базасы болып келген Қазақстандағы ең алғашқы бензин Атырау мұнай өңдеу зауытында алынды. Зауыт алғаш болып Еуро-2 деңгейіндегі бензин өндірісін, Еуро-2,3,4 деңгейіндегі дизель отынын өндіруді қолға алды. Елге Еуро-5 деңгейлі автокөлік бензинін де бірінші болып Атырау мұнай өңдеу зауыты беретініне күмән келтірмеймін.
– Бағындырылған бұл биіктер зауыттықтардың ортақ жеңісі екеніне дау жоқ. Ендеше, әңгіме арнасын атыраулық мұнай өңдеушілердің әлеуметтік жағдайына бұрсақ. Жұмысшылардың жайлы еңбегіне жағдай толық жасалған ба?
– Зауытымыздағы ең басты құндылық – зауыттықтар. Біздің зауыт көпұлтты ұжым, мұнда 25-ке жуық ұлт өкілдері еңбек етеді. Ұжымның жылдар бойына қалыптасқан ізгі дәстүрлері жетерлік. Бір кездері зауыттың бастауында тұрған аға буын жас толқынмен алмасып, еңбек туын абыроймен жалғаған еңбекші әулеттер қалыптасты. Зауыттықтардың қолайлы еңбек етуі былай тұрсын, жайлы тұрмысына толық жағдай жасалған. Зауыттықтардың балалары зауыттың балалар комбинатында тәрбиеленеді. Зауыт жанында арнайы медициналық қосын жұмыс істейді, оған қоса қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерінен бір адамға медициналық сақтандыру карталары беріледі. Зейнеткерлеріміз де назардан тыс қалған емес, ұдайы біздің қамқорлығымызда. Жас мамандарға қолдау көрсетуде де аянып қалып жатқан жоқпыз. Қызметкерлеріміз біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шетелдерге сапарлап тұрады. Сондай-ақ, жұмысшыларды тұрғын үймен қамту мәселесіне де жете мән беріледі. Балаларымыз жыл сайын Алматы, Анапа, Көкшетау қалаларына барып тынығады. Зауыттықтардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қысы-жазы түрлі спорттық жарыстар, зауытішілік спартакиадалар өтіп тұрады. Өнерден де кенде емеспіз. Кәсіби мерекеміз қарсаңында зауыт қызметкерлері арасында көркемөнерпаздар байқауын ұйымдастыру дәстүрге енген. Зауыттықтардың тыныс-тіршілігін танытатын 60 жылдан астам тарихы бар «Новатор» көп таралымды газетіміз, тарихымызды баяндайтын Тарих және еңбек даңқы мұражайы бар. Міне, елдің 20 жылдық тойына осындай жетістіктерімізбен қадам басып отырмыз. Алдағы күннің асулары бұдан да биік. Мұны бағындыруға біздің қабілетіміз де, жігеріміз де жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Диас СМАҒҰЛ.
Атырау.