• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Маусым, 2018

Модернизм дәуіріндегі ұлттық киім қандай болды?

3521 рет
көрсетілді

Қазақ даласында сирек кез­дескен және қазақ қоға­мының жағдайына сәйкес келе бермейтін жаңа тұты­ну өнімдері енген сайын ауқат­­ты адамдар осы сән-сал­танатты заттарға ие болу арқылы өздерінің қо­ғам­дағы әлеуметтік мәр­те­бесін көрсете білген. Ал қым­бат заттарға қол жет­кізе ал­ма­ғандар сол дала эли­та­сының шығарған сән үл­гі­сіне еліктеуге тырысты. Яғни, қазақ даласының қоға­­мында жаппай «елік­теу» нәтижесінде және оған жа­ңа сәндік және қол­таң­балы нысандардың ық­пал етуі­нің арқасында тұ­тас­тай Қазақстанның сән­дік-қол­данбалы өнері түр­лене түс­ті. Бұл дәуір модер­низмін біл­дір­д­і.

Әйелдер мен ерлер костюм­­деріндегі әлеуметтік айыр­ма­шылықтар көбінесе материал,­ декорация, жиында киі­летін киімнің мөлшері ар­қылы көрі­неді. Осының бәрі бірік­тіріліп, кез келген басқа құбы­лысқа қарағанда әлдеқайда айқын болатын халықтық костюмдер жиынтығының бірегей кешенін қалыптастырды, бұл қазақ хал­қының ұлттық мәдениетін қалып­тастыру ерекшелігін көрсетеді.

Дала тұрғындарының ауқат­ты бөлігінің костюмі сән-сал­та­натымен, әсемдігімен ерек­шеленді. Ол қарапайым пішіліп, алтын-күміс жіптермен, інжу-маржанмен безендірілді, асыл тастармен толықтырылды. Қазақ ұлттық костюмі үшін белгілі бір жас мөлшеріне реттеуді есепке алмасақ, сәнді және күнделікті киімдер үлгісінде қатаң бір шектеу болмайды. 

Сәнді киім күнделікті киімдер­ден еркін үлгісімен, бас киім­нің көлемімен, әшекейлерімен ерекшеленді. Күнделікті киім қарапайым материалдан тігілсе, мерекелік киімдерді тігуге бар­қыт, жібек, баршын, қымбат тері қол­данған. 

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында орыс пен қазақтың және Орталық Азия халықтарының арасында сауда-саттық тұрақты болды. Ал ХІХ ғасырдың алғаш­қы онжылдығында шикізат им­пор­тының көлемі күрт өсті. Ресей экспортының басым бөлігі мақта, маталар болды. Сол себепті бас­қа тауарлар артта қалды (нан, былғары, металл өнімдері). Бұл маталар Орталық Азия мен Қаш­қария маталарымен бәсекеге түс­ті.

Қазақстанға капитализм енген сайын, Ресейден келген тауар­лар Орталық Азия өнімдерін ығыс­тыра бастады. И.Левшин ХІХ ғ. басында кедейлер киімді үй жиһаздарының маталарынан және киізден кисе, ХІХ ғ. ортасында қазақтар сатып алынған мата­­лардан киім кие бастағанын жаз­­ды. ХVІІІ-ХІХ ғасырлар қазақ­тар­дың ерлер мен әйелдер киі­мінің жиын­тығы Қазақстан аума­ғында тұрақты және біркелкі болды. Киімдердегі әлеуметтік айыр­машылықтар көбінесе матаның сапасымен және әрленуімен бір уақытта киетін киім санымен анық­талған.

Суреттерде, кітаптарда және пла­кат­тарда көбінесе шынайы тарихи сипаттамаларға аз ұқ­сайтын, мұрағатта бар костюмдер қайталанады. Яғни былай айт­қанда, әртүрлі жануарлардың терісімен қапталған, көбінесе қазақ билеушілерінің элитасына бейнеленген шекпен мен бас киім – заманауи суретшілердің қиялы. Ал қазақ костюмдерінің тарихы тым аз зерттелген. Мыса­лы, Қазақстан тарихы бойынша кейбір кітаптарда мынадай дәлел келтіріледі: түзде қара­пайым көшпенді хан немесе сұл­танды кездестіргенде, аттан түсіп, оң жақ тізесіне тұрып, бас иеді. Бұл жағдайда хан немесе сұлтан сәлемдесудің жауабы ретінде оң қолын жолаушының оң иығына қоятын. Әрине, осы жерде туындайтын орынды сауал бар: қарапайым көшпенді қарсы келе жатқан бір топ адамның ішінен ақсүйекті қалай таниды? Мәселен, ХVІІІ және ХХ ғасырдың басында қазақ билеушілері қара-қоңыр түлкі терісімен қапталған конкус тәрізді ақ немесе қызыл түсті бас киім кигенін айтуға болады. 

ХVІІІ-ХХ ғасырлардың құ­жат­тық дереккөздерімен таныс­қан тарихшылар қазақ киімдері туралы өте қызықты ақпаратқа кезігеді. Шапанның сан алуан түрлері, олардың стилі, түс­тері, сән элементтері мен ою-өрнегі таңғалдырады. Қазақ ақсүйек­терінің киімдері, Еуразияның басқа да халықтарының артық­шылықты қауымдары сияқты, бел­гілі бір космополитизммен,­ яғни әртүрлі стильдер мен үл­гілердің жиынтығымен ерек­ше­ленді. Қазіргі уақытта дүкендер­де тұрған шапандардағы ою-өрнектер ұлғайтылған – бұл театрлық костюмдердің әсері, ол көрермен ою-өрнектің элемент­терін қашықтан ажырата алуы үшін жасалған, бірақ кейінгі өнер туындыларында, баспа өнімдері мен ұлттық киімдерді жаппай тираждауда бұл ойластырылмаған дегенді айтады мамандар.

Қазақ ою-өрнектерінің бай және алуан түрлі болғаны Ресей Этнографиялық мұражайында сақталған. Бұған ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ сұл­тандарының бас киімдері, сонымен қатар ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жасалған же­ке суреттер дәлел.

Түс – киімнің образында үл­кен рөл ойнады. Құжаттық дерек­көздерге жүгінсек, билеуші элита өкілдерінің сәнді киімі болып санал­ған шапандар, көбінесе қызыл, алқызыл, қоңыр қызғылт, қызылкүрең реңкті барқыт немесе қырмызы маталардан тігілді.      ХVІІІ ғасырда барлық хандар мен сұлтандар осылай киінді, бірақ жүзжылдықтың аяғында бұл киім түрін күрделі фасонды және әр түсті қамқа киімдер ығыстыра бас­тады. Бұл, бір жа­ғы­нан, киімнің белгі элемент­терінің эволюциясын көрсетеді, екінші жағынан, қарапайым көшпендінің мұндай киімдерді сатып алуға қаржысы болған жоқ және ол киімдермен қарапайым ортаға шығуға бол­май­ды, себебі ол билеуші эли­таның ерекшелігі болып саналды.

Бірқатар жазба дереккөз­дерде сәнқой және талғаммен киіну­ді білетін Жәңгір хан туралы баяндалған. Замандастары оны меруерт тасты жасыл, күл­гін, алқызыл түсті шапанда, біре­се қамзолда, енді бірде орыс әс­кері офицерінің формасын­да сурет­­тейді. Сонымен қоса, қазақ сұл­тандары мен қожалар ашық, түр­лі-түсті жібек және басқа маталар­дан тігілген орта­ғасырлық шекпендер киді. Яғни, қазіргі заманғы сурет­шілердің портреттеріне қара­мастан, қазақ билеуші эли­тасының киімдері, сәндік киімдерді қоса алғанда біртектес болмағанын көреміз. Айта кететін жайт, көптеген ортаазиялық билеушілер мен ресейлік монархтар қазақ ақ­сүйектеріне жеке өзінің қала­уы­на қарай арнайы үлгімен тігіл­ген сәнді шекпендерді сыйға тарт­қан. Сондай-ақ қару-жараққа да байланысты сән болған: егер бір қылыш гауһар тастармен безендірілсе, енді біреуі алтынмен, күміспен қапталып, бір-бірінен безендіру стилімен және т.б. қасиеттерімен ерекшеленді. 

Қазақ билеушілері киімнің сәні мен таңбалық элементтеріне аса мән бергенін Нұралы, Ералы және Абылай хандардың патша өкіметімен жазысқан хаттарынан көруге болады. Хандар бас киімнің жиегіне арналған терінің сапасы төмен немесе реңкі дұрыс емес деп орынборлық шенеуніктерді бірнеше мәрте айыптаған немесе патшалық шенеунік осы заттардың егжей-тегжейін білмегендіктен, олар­дың хандық абыройын есепке алмай, қара түлкі терісінің орнына сары немесе ақ түлкі терісін жібергенде олар қорланатын болған.

Жалпы, қазақ билеуші элита­сының эпистолярлық мұрасы қа­зақ хандығының билеушілері Ор­талық Азия мемлекеттерімен және халықтарымен дәстүрлі халық­аралық қарым-қатынаста бол­ғаны туралы мол мағлұмат береді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның символы болып қар барысы таңдалды. Бұл жануардың қазақ мем­лекеттігінің тарихындағы ор­ны ерекше. Қазақ хандары бас­қа мемлекеттердің билеу­ші­леріне ерекше құрмет және сый­ластықтың белгісі ретінде тірі барыстарды сыйға тартқан. Мы­салы, Әбілқайыр хан 1740 жы­лы Иран шахы Надируға ерекше құрмет ретінде қар барысын сыйл­аған.

Қазақстанның іргелес мемлекеттермен халықаралық қарым-қатынасты нығайтуы барысында барыс терісі аса маңызды орын алды. Әсіресе ХVІІІ ғасырдың 60-жылдары Орта жүздің беделді сұлтаны Әбілфайыз ресейлік императорға ерекше құрмет ретінде осындай сыйлық жасады.

Басқа елдермен белсенді тауар алмасу нәтижесінде қазақ да­ласына импорттық бұйымдар кіре бастады, бірақ оған дала қоға­мының элитасы ғана қол жет­кізе алды. ХІХ ғасырдың ортасынан көйлектер негізінен ресейлік ала шыттан, қытайлық және басқа да фабрикалық қа­ғаз маталардан тігіле бастады, соны­мен қоса ақ маталар да қол­данылды; ал бір түстес маталар көйлек тігуде өте сирек пайдаланылды. Сырттан әкелінген маталарды көбінесе ақсүйектер тұтынды. Қазақтардың негізгі бөлігі былғары, тері, үйдегі жүн­нен жасалған бұйымдарды қол­данды. Бай әйелдер көйлектерін жібектен, атластан, барқыттан, зерлі маталардан тікті; олар ерекше үлгімен ерекшеленген жоқ. Оны күнделікті көйлек үстінен немесе ішіндегі көйлек сыртынан киді. Жібекті ортаазиялықтар ұнат­ты, ал Қазақстанның шығы­сында қытайлық жібек пайдаланылып, тек ХХ ғасырдың басында қолданысқа ресейлік фабрикалық жібек енді. Жас келіншектер мен қыздар өз көйлектерінің кеу­де тұсын, етегі мен жеңін кесте­леуді және жапсырмалармен әше­­кейлеуді сәнге айналдырды. Алдыңғы жағадан етегіне дейін тұтас сызықпен шекпенді әше­кей­ленгендей жапсыра ті­гу­ си­рек болды. Кестеленген жел­бір­шегі және әшекейлері бар көй­лектерде әшекей бұйымдар көй­лектің ашық жерлері мен тігіс­терін жауып тұратын. Бай әйел­дер сәндік шапандарды қым­бат матадан тігіп, кейде оны оқа­мен, кес­темен және терімен әше­кейлеген. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында сәнді киім ретінде ұзын жеңді қамзолдар саналды. Сәнді, қымбат әшекейленген шапандар үйлену киімі ретінде де сақталып отырды.

Әйелдердің тонын көбінесе түл­кі терісінен жасады. Сонымен қатар, елтірі, ешкінің терісі пайдаланылды. Байлар тондарын кәмшат терісінен немесе басқа да бағалы мамықты аң терілерінен тікті. Астарлауға ашық түсті қым­бат мата (жібек, барқыт) көбі­несе атлас және басқа да қағаз маталарды қолданды. Тонның ішкі шеттері мата кесіндісімен тігіліп, сырты түлкі немесе кәм­шат терісімен көмкерілді. Кейде тонды барқыт немесе оқалы жо­лақ­тармен әшекейледі. 

Қазақ қыздарының киіміндегі бір ерекше дүние – алдыңғы жа­ғы тігілмеген белдемше (юбка) тәріз­ді қаусырма киім. Бай әйел­дер белдемшені барқыттан немесе жібектен тігіп, оқа және кәм­шат терісімен көмкерді. Бел­дікті барқыттан, қамқадан, шұға­дан жасады: олардың пішіні мен әшекейлері былғарыдан кем болған жоқ. Олар қатты негіз­ге (киіз, былғары, тігісті мата) тігілді және кейде төменгі жиегі маржандармен, ұсақ мон­шақтармен безендірілді, кейде мыс немесе күміс оюлармен, тастар­мен сәнделді. Кейбір бай қыз­дар сән қуып, зергерлер жаса­ған оюлы күміс белдіктерге құмар болды. Сондай-ақ Солтүс­тік-Батыс Қазақстанның бай қыздары (Бөкей ордасы, Кіші жүз) ашық түсті барқыттан тігі­ліп, алтынмен зерленген ерекше тақия киді. Қазақстанның оң­түс­тігінде тұрмысы жақсы қаз­ақ­тар өз қыздарына көбінесе өз­бек­ше жасалған, ал солтүстік пен батысында татар нақышта жасалған тақиялар сатып алатын болған. Бай қыздар мен келіншектер әшекейленген аяқ киімдер киді. Сәнді етіктер мен кебістерді жасыл және қызыл былғарыдан, сафьяннан, ал ХХ ғасырда фабрикалық лакталған былғарыдан тікті. 

ХІХ ғасырдың соңына қа­рай қыз-келіншектер шалбар кимейтін болды. Бұрын қазақ қыздары, әсіресе атқа мінгенде шалбар қажетті киімнің бірі болатын, олар ерлердікіндей шұғадан, қағаз тәрізді қалың маталар мен қойдың жүнінен тігілді. Бай қыздарда көшіп-қону үшін ерекше талғамдағы, ыңғайлы барқыт, жібек және басқа да қымбат маталардан тігілген, әшекейлі шалбарлары болатын.

Ерлер киімі екі түрлі көйлек­тен, ішкі және сыртқы шалбардан, жеңіл сырт киімнен, әртүрлі маталардан тігілген жіңішке және кең арқалы шекпеннен тұр­ды. Былғары және мата белдеу костюмнің міндетті бөлшегі саналды. ХІХ ғасырдың ортасына дейін ерлер киім-кешегінің арасында ең бағалы киім болып төменгі жағында ішінен тілігі бар, ұзын балақты, жұқа иленген, сары күделі шалбар саналды. Балағы жібек ою-өрнектермен тігіліп, жиектері әдемі таспамен, оқамен көмкерілді. Былғары әде­мі шалбарлардың балағын сыртқа шығарып киген. Бай адам­дар өздерінің байлығын көрсету үшін, тіпті, жылы ауа райында бірнеше шапан ауыстырып киетін болған. Тысталған тонды (ішік) өте бай адамдар киген. Олар бағалы аң терілерінен тігілді. Ішікті шұға, барқыт, жыл­тыр атлас­пен қап­таған. Қайыр­малы үлкен кең жағаға мамық жүнді аңның терісін пайдаланған. 

Киімнен басқа үлкен семанти­калық жүкті қазақтардың зер­гер­лік әшекейлері алып кел­ді. Ғылыми және ғылыми-көп­ші­лік баспа өнімдерін безен­діру барысында және де қазіргі декоративті-қол­данбалы өнерде, кілем өнімдерінде бір ғана ою-өрнек қолданылып жатыр. Сонымен қатар дала билеу­шілерінің зергерлік әшекей­лері мен мөр таңбалары ою-өрнектердің әлдеқайда мол бол­ға­нын көрсетеді. Бірақ оларды біздің суретшілер мен декоратор-шеберлер аз зерттеген. 

Өткен ғасырлардың жазба де­рек­көздеріне сәйкес, жүзік, мөр­дегі өрнек арқылы мөрдің иесін, қауымын білуге болады. Ай­талық, тамшы тәрізді пішін билеуші элитаға тән болды, киелі қауым қожалар домалақ пішінді жүзік-мөр, батырлар мен старшиналар сопақ, алмұрт және шаршы тәріздес жүзік-мөр тақты.

Қорыта келгенде, қазақ дала­сында, қазақ қоғамының бар­лық салаларында, оның ішінде сәндік және қолданбалы өнер­де үнемі өзгерістер болып тұр­ған. Сондай-ақ ұлттық киім үлгі­сі киім иесінің әлеуметтік көр­сет­кіші болды және иесі туралы белгілі бір ақпарат беріп, оның қоғамдағы алатын орнын көр­сетті. Сирек және қымбат өнім­дері бар адамдар қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін көрсетті, сол арқылы қоғамдағы белгілі бір шеңберде өз орнын атап өтуге тырысты. Біздің жағдайда бұл мақала П.Бордьенің теория­сын дәлелдейді, яғни әр адам киім-кешектер арқылы өзі туралы әртүрлі ақпарат бере алады. 

Бақытгүл НҰРҒОЖИНА,

Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының магистрі