Ел газеті «Егемен Қазақстанның» биылғы 16 мамырдағы №89 санынан журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының «Алтын жүректі» азамат» атты мақаласын оқып, риза болғаным соншалық, қолыма еріксіз қалам алдым. Мақала кейіпкері Темірлан Шайжүнісов он екі жылда ауылына 90 үй салып беріпті. Не деген жомарттық! Не деген мәрттік! Міне, біз білетін қазақтың өр жігіттері осындай болса керек-ті.
Ақтерек ауылында бірыңғай қазақтар тұрады екен. Көрші ауылда немістер басым болса керек. Көшелерінің, үйлеріне ақтеректіктер тамсанып отыратын болған. «Біздің олардан қай жеріміз кем?» деп намысын жанған Темірлан әуелі екі үй салып, кейіннен оның санын тоқсанға жеткізіп отыр. «Ақтерек» өндірістік кооперативінің төрағасы зейнеткерлікке шығатындарға бірінші кезекте үй беріп келген.
Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарында дүлей тасқын салдарынан қаншама тұрғындар зардап шекті десеңізші. Міне, сонда қайырымдылық қолын созған азаматтарды есітіп, көңіліміз бір марқайып қалған.
Интернеттегі сайттарды ашсам, Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан жағымды жаңалық жарияланыпты. Әншейінде әлеуметтік желілерден мұндай хабарларды жиі оқи бермейміз ғой. Ал «Stan.kz» сайтының хабарлауынша, осы аудандағы кәсіпкер Сәуле Дәулеталина қысылғандарға қол ұшын берген. Оқиға былай өрбиді. Осы ауданның тұрғыны Бағила Бекішева көр-жер сатып, шиеттей балаларын асырап отырған ана екен. Күйеуі Алдаберген Бекішевтің жасы 60-тан асып кеткен соң оны еш жер жұмысқа қабылдамаған. Енді өмірге 6 қыз, 1 ұл әкелген Бағиланың бір өзі қимылдамағанда қайтеді? Қас қылғанда «Алтын алқа» иесінің мүгедек қызы бар. Оның үстіне ұлының жүрегіне ота жасатқан. Жалғыз ұл да екінші топтағы мүгедек. Ауыр жұмыс түгілі жеңіліне де жегуге болмайды.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қабылдау күніне шақыртылған Сәуле тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасының ауыр тіршілігін осы жерде естіген. Содан Бағиланың шаңырағына өзі барыпты. Мұнан соң Сәуле журналистерге былай деп ағынан жарылыпты:
– Мен де Шалқар ауданының тумасымын. Олардың жағдайын естіген соң жаным шарқырап үйлеріне барып көрдім. Үйлеріне газ кірмеген. Отбасында тұрақты жұмыс істейтін бір жан жоқ. Бағила мүгедек балаларына берілетін жәрдемақыны құрап, содан артылдырып тары-талқан сатып әкеліп, оны өңдеп қайыра сатып, ілдебайлап күн көріп отыр екен. Оларды көріп жүрегім ауырды. Жағдайларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Содан қасиетті Рамазан айында қайырымды іс жасауға бекіндім.
Міне, солай жүрегінде мейірім оты алаулаған Сәуле замандасымыз Бекішевтердің отбасына екі бөлмелі пәтер сатып алып береді. Мұнымен де тежелмей, үй ішіне азық-түлік жеткізіп беріп отыруды да қолға алған. Бала күнінен сырқат Гүлшатқа сауықтыру шараларын ұйымдастырмақ. Жаны жомарт Сәуле мұнымен де тоқтап қалмақ емес. Ол мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында ауданға сауықтыру кешенін салып бермек. Гүлшатты осы кешенде емдемек.
Сәуленің сезімтал жүрегіне сүйсіндім. Бай-бақуатты адамдардың барлығы осындай болсашы деп тіледім.
Өкініштісі сол, екінің бірі Темірлан мен Сәуле емес. Барлық тапқан-таянғанын көртышқандай үйіне қанарлап, вагондап таситындар әр жерде толып жатыр. Олардан қысты күні қар сұрап ала алмайсыз. Сұрап көріңізші, маңдайыңыздан ұрып, таңдайыңызды түсіреді. Таңдайыңызды түсірмеген күннің өзінде көңіліңізді түсіреді.
Мен бір бай адамды білемін. Бай болғанда да шірігеннің дәл өзі. Соның қайырымдылық шараларға қатысқанын көрген де, естіген де емеспін. Әрине біреудің қалтасындағы ақшаны санау жақсы емес. Дегенмен күні кеше сол азаматтың үйіне жарамазан айта барған бір топ баланың Қытай қорғанындай үлкен шарбағынан өте алмай, тауы шағылып, кері қайтқанын көргенімде көңілім тіпті қалды. Сол құртымдай балақайлар не ала қояды дейсіз? Ал хан сарайындай зәулім үйі бар отбасының балаларға қайырымы болмаған соң не үміт, не қайыр?
«Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» делінеді Құран Кәрімнің «Сәбә» сүресі, 39 аятында. Иә, қазақ «алаған қолым береген» деп бекер айтпаған. Десек те, сұғанақ сараңдар дүниеқоңыздықтан арыла алмай жүр. Қасиетті Құран Кәрімде: «Сенен жетімдер туралы да сұрайды. Оларды пайдалы және жақсы жетілдіру қайырлы іс. Егер олармен бір жерде өмір сүрсеңіз, олар сіздің бауырларыңыз. Алла жетімдерге қамқор (болмақ) болғандар мен пасықтық жасағандарды біледі» дейді. Жаратушы Иемізден артып айта алмасымыз хақ. Дәл қазір қайырымдылық жасайтын кез. Қарап отырсаңыз, кембағал адамдар, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған отбасылар әр ауылдан, әр қаладан табылады. Қасиетті Рамазан айында оларға қандай көмек көрсеттіңіз қайырымды жан? Баспанасыздарға үй салып бермегеніңізбен, тым құрығанда бір жетімді жұбатып, басынан сыйпадыңыз ба?
Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жаны жомарт, қолы ашық адамдардың есесін Алла ешқашан жемек емес. Осыны біле тұра тоғышарлыққа салынатын тоңмойын сараңдар жазасыз қалмайтынын да ұмытпаулары керек.
Кезінде Шағырай шешен: Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі. Үлгілі сөз білмеген, Надандықтың белгісі. Бар-жоғына қарамас, Анық жомарт, ер кісі, – деген екен.
Иә, анық жомарт, ер кісі бар-жоғына қарамайды. Жүрек жомарт болсын деңіз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі
Оңтүстік Қазақстан облысы