Оған үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды облыс әкімі Серік Біләлов ашып, еліміздің жоғары жетістіктеріне, Тәуелсіздіктің нығаюына, дамуымыздың басым бағыттарын түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Үкіметтік емес сектор билік пен қоғам арасында түсінікті үнқатысу орнатуда, әлеуметтік және экономикалық реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттің сенімді серігі болып табылады, деді аймақ басшысы.
Сосын ол ел Президентінің Жарлығымен бір топ солтүстікқазақстандықтарға “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл” мерекелік медалін табыс етті. Олардың арасында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Өмір Есқали, “Қызылжар-Ақпарат” КМК директоры – бас редактор Кәрібай Мұсырман, облыстық «Северный Казахстан» газетінің редакторы Николай Дроздецкий, “Қазақстан” РТРК облыстық филиалының директоры Ерлан Тоқшылық, “Қызылжар нұры” газетінің шеф-редакторы Зарап Құсайынов және басқалар бар.
Сондай-ақ өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін бірқатар БАҚ қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының құрмет грамоталары берілді.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары арасында төрт аталым бойынша облыс әкімінің сыйлығына жарияланған конкурстың қорытындылары шығарылып, оның жеңімпаздары марапатталды. «Мерзімді баспасөздегі үздік мақалалар» аталымы бойынша Ө.Есқали жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Нұрсайын ӘБУ-ШӘРІП, журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.