• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2018

Қос Корея қосыла ма?

601 рет
көрсетілді

Сәтін салса, ертең, 12 маусымда жаһан жұртшылығы маңызы аса жоғары тарихи оқиғаға куә болады. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын Сингапурда бетпе-бет кездесіп, ұзақ жылдарға созылған текетіресті бейбіт жолмен шешу мәселесін талқылайды. Бұл кездесу несімен маңызды? Осыдан кейін Корей түбегіндегі қырғи-қабақ қатынас жөнге келіп, ядролық қақтығыс қаупі сейіле ме?

Жаһан бұл кездесуге үлкен үмітпен көз тігіп, тараптардың бітімге келуін бір Құдайдан тілеп отыр. Өйткені бір-біріне ядролық шоқпарын білеген елдер арасында от шығып кетсе, мұның тек Корей түбегінің мәселесі болып қалмайтынын, күллі әлемнің қауіпсіздігіне зардабын тигізетінін біледі. Корей дағдарысын шешудің жалғыз амалы бейбіт диалог дейтіндердің қатарында Қазақстан да бар. Осы жылдың өзінде біз­дің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төр­ағасы ретінде мүдделі тараптарды КХДР-дың ядролық бағдарламасы бойын­ша ке­ліссөздерді жедел қайта қозғауға шақы­р­ған болатын. 

Иә, бұл расымен де тарихи оқиға – АҚШ пен КХДР-дың іс басындағы президенттері тұңғыш рет кездеспекші. Негізі АҚШ-ты басқарғандар арасында бұған дейін де Солтүстік Корея лидерлерімен жүздескендер болған. Бірақ, олар тақтан түскеннен кейін ғана кездескен-ді. Олардың орындай алмағанын Д.Трамп іске асырып, ерлеп отыр.

Сонау Екінші жаһан соғысынан кейін қақ жарылған қос Корея бітіспес жау елдерге айналғаны белгілі. Содан бері Солтүстік Корея АҚШ-пен егесіп-ақ келеді. Бұл ерегіс Ким Чен Ын билікке келгелі тіпті өрши түсті. КХДР ядролық бағдарламасын дамытуды күшейтіп, 6 рет ядролық сынақ өткізді. Сонымен қатар баллистикалық зымырандарын бірнеше рет Жапонияның үстінен асыра ұшырып, әлемді дүрліктірді. Кейбір дереккөздері бұл елдің зымырандары қазір АҚШ-қа дейін жететінін айтады. 

Бұған жауап ретінде БҰҰ, АҚШ, Еуро­палық одақ, Жапония мен Оңтүстік Корея КХДР-ды ең қатал санкциялармен тұ­қыртуда. Сырт елдермен сауда-эконо­ми­калық байланысын барынша үзіп, жан-жақтан қысып бағуда.

«Бөрі арығын білдірмес» дегенмен, бұл санкциялардың салдары Пхеньянға оңай соқпаған сыңайлы. Біраз жыл тіресіп баққанымен, биылғы жылдың басынан бетті бері бұрды. Екі ортадағы сан жылғы тоң жіби бастады. Қаңтарда Солтүстік лидері бейбіт келіссөзге алғаш қадам жасап, спортшыларын Оңтүстік Кореядағы Қысқы Олимпиадаға жіберді. Ал, сәуір айында екі ел көшбасшылары тарихи саммит өткізді. Бұдан соң Сеулдің араағайындығымен КХДР мен АҚШ тікелей келіссөз жүргізуге келісті. Артынша Пхеньян барлық ядролық-ракеталық сынақтарды тоқтатып, полигондарды жабатынын хабарлады. Мұны қуана қабылдаған Д.Трамп Ким Чен Ынмен кездесуді асыға күтетінін жариялады. 

Әрине, келіссөздер оңайға түскен жоқ. Саммитке дейін қос ел басшысы бірнеше рет шекісіп қалып, артынша әупіріммен бекісті. 

Сонымен АҚШ пен КХДР серкелері 12 маусым күні Сингапурдың Сентоса ара­лын­дағы Capell қонақүйінде тоқайласатын болды. 

Бұл кездесуде қандай мәселелер тал­қы­лануы мүмкін?

Жағдайды сараптайтын болсақ, қос Корея бір кездегі Германияның қадамын үлгі тұтып, бүтін елге айналады деп топшылауға әлі ерте сияқты. Біріншіден, екі Кореяның біте қайнасып кетуі алпауыт елдер үшін аса қолайлы емес. КХДР дәл қазір ядролық қарудан бас тарта қоймайды, ал Оңтүстіктің қуатты экономикасына Солтүстіктің ядролық әлеуеті қосылар болса, бұл ел Жапония үшін, тіпті Қытай үшін де салмақты бәсекелеске айналуы әбден мүмкін. Сонымен қатар Ресейдің де өңірдегі ықпалына әсерін тигізері анық. Мұндай жағдайда қос Кореяны біріктіру оңайға түспейді. Екіншіден, экономикасы артта қалған Солтүстікті қатарға қосу үшін Оңтүстіктің қыруар қаржы шы­ғын­­дауына тура келеді. Экономистердің айтып отырған қаржысы тым қомақты. Бұл бүгін-ертең шешілетін іс емес дейді сарапшылар. 

Сондықтан бұл жолғы басты тақырып Солтүстік Кореяның ядролық бағдар­ла­ма­сын жою болуы әбден мүмкін. Корей тү­бегінде ядролық қарусыз аймақ құруды қол­дағанымен, Ким Чен Ынның ядролық қа­руды жою жөнінде уәде бере қоюы екіталай. Өйткені дәл қазір сенері де, сүйенері де – әскери әлеуеті. Пхеньянның діттегені – санкциялардан арылу. Тұс-тұстан қысып бара жатқан санкцияларды тоқтатпаса, осы жылдың соңына дейін КХДР шатқаяқтап қалғалы тұр. Алайда, ядролық бағдарламасын біржолата жоймайынша КХДР санкциялардың алынуынан үміт күтпей-ақ қойсын дегенді АҚШ анық аңғартқан.

Қалай болған күнде АҚШ ядролық қарудан біржола бас тартуды талап етеді. Ал, Пхеньян бірден уәде бермей, шамасы жеткен жерге дейін саудаласып бағады. Түптің түбінде КХДР үшін тығырықтан шығудың жалғыз жолы – қауіпті қарудан бас тарту. Өйтпеген күнде әлемдік қоғамдастық қысымы күшейген үстіне күшейе беретіні анық. 

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»