• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2018

Ақтөбеде тірек және түзету балабақшасы бой көтерді

538 рет
көрсетілді

Қандай қоғамда болмасын мүмкіндігі шектеулі, дүниеге келе салысымен тағдырдың теперішіне тап болған, айырықша қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балалар болмай тұрмайды. 

Олардың алаңсыз ем алуы мен демалуына және азамат болып қалыптасуына мүмкіндіктер туғызу, бойындағы кеселі мен сырқатынан сауығып кетуіне қол ұшын беру, еліміздегі атқарушы билік өкілдерінің басты парызы болмақ. Осы орайда Ақтөбе аймағында лайықты қадам жасалып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 180 орындық облыстық тірек және түзету балабақшасы іске қосылды.

Мектепке дейінгі арнаулы балалар мекемесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда 16 топ құрылған. Оның әрқайсысында 12 бала тәрбиеленеді. Оларға түзету балабақшасында  тірек-қимыл жүйесі бұзылған, тілі мен құлағының мүкісі бар, сондай-ақ даун синдромына шалдыққан балалр тиісті емдеу бағдарламасынан өте алады. Осындай тәртіпті психикалық дамуы тежелген тұлғалар мен аутист балаларға қатысты да айтуға болады. Бұл жәйт арнаулы балабақшадағы тәрбие тәсілдері кешенді көзқарасқа арқа сүйейтінін көрсетеді. Оның тек бір бағыт бойынша жұмыс істейтін, яғни тіл мүкістігі бар немесе көру мүмкіндігі шектелген балаларға арналған балабақшалардан басты артықшылығы мен өзгешелігі де осында. Бір сөзбен айтқанда тірек пен түзету орны әр түрлі дерттер мен сырқаттарға ұшыраған балдырғандарды бір жерге шоғырландыра алады. Балабақша меңгерушісі Әсия Сейітованың айтуынша мұнда 100-ден астам қызметкер жұмысқа қабылданған. Оның арасында жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген түлектер де бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық тірек және түзету балабақшасы ғимараты «Бақытты бала» жобасы аясында бой көтерген.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақтан»

Ақтөбе

Суретте: тірек және түзету балабақшасынан көрініс