Біз аумағымыз үлкен бола тұра әлемдегі орманы аз елдің қатарындамыз. Бүгінгі күні республика қалалары мен ауылдарын жасыл желекке орау мақсатын көздейтін кешенді салалар белгіленген.
Осыдан 14 жыл бұрын «Жасыл ел» жасақтарын құру жөнінде шешім қабылданған еді. Сол уақыттан бері елімізде аталған құрылымның бөлімшелері, соның ішінде студенттер мен жастар елді мекендерді көгалдандыру мен көркейтуге және тал-теректер мен ағаштар отырғызу ісіне белсенді түрде араласып келеді. Оның жарқын мысалдары Ақтөбе аймағында да өте мол. Биыл бұл жұмыстарға облыстық бюджетен 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Мұндағы басты мақсаттың бірі жұмыссыз жүрген жастарды да еңбекпен қамту екенін ескерсек, «Жасыл ел» жасақтары арқалайтын жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Әлі мәселенің дәл осылайша қойылуы студенттердің жазғы демалыстарын тиімді әрі мәнді де мағыналы өткізуге жол ашады. Ақтөбе облыстық «Жасыл ел» жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша биыл өңірде 6000-нан астам жас өрен Ақтөбе қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мен көркейту және абаттандыру жұмыстарының бел ортасынан көрінетін болады. Әрине оның бәрі тегін емес, ақылы түрде жүргізіледі. Яғни «Жасыл ел» жасағының мүшелері кем дегенде айына 60-70 мың теңге көлемінде еңбекақы таба алады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жазғы еңбек маусымының ауқымы барынша кең екендігі. Мұның өзі тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және құрылыс жұмыстары секілді бағыттардан тұрады. Бір сөзбен айтқанда, облыста жаз айларында қолға күрек пен балға ұстап жұмыс істеймін деген жастарға ешқандай кедергі жоқ. Сондай-ақ «Жасыл ел» жанашырлары сапында болғысы келетіндердің саны жылдан-жылға өсіп келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады.
Тағы бір жағымды жайттың бірі – өткен жылы Ақтөбе облысындағы «Жасыл ел» жасағы штабы ел өңірлері арасында топ жарып, «Үздік республикалық штаб» атанғаны. Биыл олар осы биік кәсіби деңгейден төмендей қоймайды деген сенім де мол. Айталық соңғы жылдары Ақтөбе аймағында «Жасыл ел» жасақтарының күшімен миллион түпке таяу көшет отырғызылған. Сөз жоқ, бұған өңір жастарының қосқан үлесі зор.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ