Сенаттың Конституциялық заңнамалар, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңнамаларына өзгерістер мен қосымшалар енгізу» Заңының жобасы қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Құжат сайлау тетіктерін, соның ішінде жаңа институттар енгізу арқылы жетілдіруге бағытталған. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға мынадай өзгерістер енгізіледі:
Ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау енгізіледі (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі);
партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесі белгіленуде;
округтік сайлау комиссиялары пысықталады;
ауылдық деңгейдегі әкімдер тікелей сайланатынына байланысты аумақтық сайлау комиссияларына сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ету, соның ішінде ауыл әкімдерінің өкілеттігі берілді; аумақтық сайлау комиссияларының екі мүшесі кəсіби негізде өкілеттігін жүзеге асырады;
сайлау процесіне цифрландыру элементтері, оның ішінде сайлаушылар тізімін сандық жүйеге көшіру енгізіледі;
электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында сайлауалды үгіт-насихат жүргізу реттеледі; халықаралық бақылаушыларды аккредиттеуді қайтарып алу тәртібі нақтылануда.
Сондай-ақ, заң жобасына мемлекеттік Елтаңбадағы «Қазақстан» деген сөзді латын әріптерімен жазу қарастырылатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына түзетулер енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбiр конституциялық заңдарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Конституциялық заң жобасына сәйкес, заңнамалық актiлердi енгiзу мақсатында жасалған.
Өзгерістер бес заңнамалық актіге енгізіліп жатыр: Бюджет кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы» заңдарға өзгерістер енгізілуде. Заң жобасына мынадай негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі: жергілікті бюджет қаражаты есебінен сайлаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту кіріктірілуде; сайлауға қатысатын үміткерлердің, саяси партиялардың үгіт-насихат материалдарын жариялау немесе эфирге шығару тәртібін бұзғаны үшін, сондай-ақ сайлауға байланысты қоғамдық пікір сауалнамасын өткізу шартын бұзғаны үшін жауапкершілік орнатылып жатыр; ауылдың деңгейдегі әкімдердің өкілеттіктерін тоқтату және қызметке тағайындау тәртібі айқындалады. Заң жобалары палатаның қарауына берілді.