• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2018

Жас мамандарға арналған жазғы мектеп

647 рет
көрсетілді

Алматы қаласында  ҚР  Президентінің Архиві  және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аясында жас мамандарға арналған жазғы мектеп ашылды. Биылғы жылы екінші рет өткізіліп отырған жазғы мектеп 11-14 маусым аралығын қамтиды.

Жазғы мектептің ашылуына ҚР Президенті Әкімшілігінің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандары, Алматы қаласындағы АҚШ, Польша Республикасының консулдық қызметі мен архив мекемелерінің басшылары қатысты.

Астана, Алматы қалаларымен қатар еліміздің орталық және облыстық архив қызметкерлері, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің студенттері қатысқан жазғы мектепте Қазақстан, АҚШ, Польша елдері архив ісінің жетекші сарапшылары мен тәжірибелі мамандары дәріс өткізуде. Олардың қатарында Польша ұлттық архив институтынан Мазена Крук, Станислав Коллер, Мэриленд университетінің (АҚШ) профессоры Адам Крисберг бар.

Аталған шараның ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров жазғы мектептің аясы кеңейіп келе жатқандығын жеткізді. Б.Жапаровтың айтуынша, өткен жылы I Жазғы мектепке ТМД елдерінен 50 тыңдаушы қатысқан болса, биылғы жылы Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 100-ден аса адам қатысуда. Жазғы мектеп ТМД елдерінің архив мекемелерінің мамандары үшін заманауи форматқа негізделген кәсіби білім беру алаңына айналуы тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысының рухани жаңғыру және цифрландыру бағдарламалары аясындағы міндеттер архив саласын да қамтитын болады.

Жазғы мектеп аясында ҚР Президентінің Архиві және Польша ұлттық архив институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастыққа ұласатын болады.

Қатысушылар IT-технологияларды енгізу мәселесі, архив мекемелеріндегі жұмыс ерекшеліктері, электрондық архив, т.б. мәселелер туралы пікірлерін ортаға салды.

Жазғы мектеп бағдарламасында пікірталастар, шеберлік сағаттары, іскерлік ойындармен қатар Қазақстанның мемлекеттік архивтері жұмысымен танысу жоспарланған.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»