• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 11 Маусым, 2018

Сенатор Үкіметтен минингит туралы шұғыл мәлімет беруді талап етті

729 рет
көрсетілді

Менингит деген ауруды бұрынғы ата – бабаларымыз білді ме екен. Білсе, немен қалай емдеді? Ол жағы белгісіз. Алайда, әлемдік медицинада менингит – дауасы бар дерт. Десек те, осы дерттің алдында біздің елдің ақ халаттылары дәрменсіздік танытты. 

Аяқ астынан елде менингит дерті бұрқ ете қалды. Жұқпалы болғандықтан адамдарды үрей билеп, әлеуметтік желілерде минингиттің жайылуы туралы хабар қамысқа тиген өрттей қаулады. Жұқпалы дерттің алдын алуда әр минуттың өзі қымбат екенінен хабардар медицина саласынның шенеуніктері шұғыл шешімдер қабылдауға асыға қоймады. Осы сәтте өзі шетелде іссапармен жүрсе де Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттерде мәлімдеме жасап, онда «Менингит инфекциясымен жүріп жатқан күрес сын көтермейді. Құзырлы министрлік ақылға сыймайтын жайбасарлық танытып, батыл қадам жасай алмай отыр. Парламент Сенатының депутаттары Үкіметке сауал жолдайды», - деп жазған болатын.

Бүгін Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының отырысында сенатор Б.Әйтімова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына халықты алаңдатқан осы мәселеге орай депутаттық сауалын жария етіп, онда жұқпалы ауруды емдеу және алдын алу бойынша не істеліп жатқаны туралы шұғыл мәлімет беруді талап етті.

Жұртшылықтың менингитпен ауыруына байланысты жасалған депутаттық сауалдың толық мәтіні төмендегідей:

– Әлеуметтік желілер мен депутаттарға жолданған хаттарға қарасақ елдің алаңдаулы екенін байқауға болады. Дәрігерлер керісінше орын алып жатқан жағдайлардың қалыпты екенін, қорқатындай себеп жоқтығын айтуда.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратты үстірт талдауы жағдайдың басқаша екенін көрсетіп тұр.

Статистика бойынша 2013 жылы елде менингитпен 117 адам ауырып 23-і, 2014 жылы 119 адам ауырып 29-ы, 2015 жылы 424 адам ауырып 26-сы, 2016 жылы 120 адам ауырып 15-і, 2017 жылы 62 адам ауырып 11-і көз жұмған.

Биыл 5 маусымға дейін менингокок инфекциясын жұқтырған 58 жағдай тіркеліп, 13 адам қайтыс болды.

Яғни өткен жылдары менингиттен көз жұмғандардың менингитпен ауырғандарға шаққандағы пайызы 5 - 17 % аралығында болған. Ал биыл бұл көрсеткіш 22,5% жетті.

Осыдан-ақ жағдайдың бұрынғыдай еместігін және Өкілетті орган тарапынан шұғыл әрі төтенше шаралар қажеттігін түсінуге болмай ма?

Алайда тіпті Денсаулық сақтау министрінің Алматыға келгеннің өзінде медицина мекемелері шұғыл режимде жұмыс істеуге дайын болған жоқ және емдеу мекемелерінің, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің, жедел жәрдем станцияларының жұмысында жүйелілік жоқ.

Бұған қоса Министрліктен гөрі әлеуметтік желілердің жедел әрі мығым екенін көрдік. WhatsApp мессенджерінде алғашқы хабарламалар 19 мамырда пайда болса, Қазақстанның Бас санитар дәрігері 3 маусымда сөйлеп, Министр ОКҚ-да 4 маусымда баспасөз конференциясын өткізді.

Қоғамдық пікірге жауап берудегі, сыбыс пен теріс пікірге қарсы тұрудағы мұндай баяулық қазіргі жағдайға жеткізді. Осы орайда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау жүргізетін негізгі лауазымды тұлға болып табылатын ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің әрекетсіздігіне таңғаламыз.

Халық құзырлы органнан елде не болып жатқаны, кімдерге қауіп төніп тұрғаны, балаларға алаңдауға негіз бар-жоқтығы, инфекциядан қалай сақтану керектігі, вакцинация қажет пе және оны қайдан алу жайлы дер кезінде жауап алмады.

Сондықтан менингитке қатысты қоғамда туындаған резонанстың бақылаудың аздығынан және Денсаулық сақтау министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қажетті шараларды уақытылы қабылдамауынан орын алғанын айтуға болады.

Дерт жыл сайын тіркеледі. Жаңадан келген ауру емес. Министрлік жыл сайын жүргізуі тиіс кешенді шаралардың (халыққа түсіндіру жұмыстары, әлеуметтік роликтер және басқалары) жоқтығынан биыл қысқа уақытта оннан астам адам қаза тапты, азаматтар алаңдаулы.

Осы аурудың тарауына байланысты халық қайда хабарласу керектігін және қандай шаралар қабылдау қажеттігін білмегендіктен осындай жағдай туындап отыр. Емдеу мекемелерінің осы дерт симптомдарымен түскендерді қабылдауға дайын еместігі жөнінде фактілер бар.

Ал менингокок эпидемиясына дайындықты қамтамасыз ету келесі шараларды қамтитын эпидемиологиялық бақылаудан тұрады: ауру жағдайларын анықтаудан оларды тексеруге және зертханалық растауға дейін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша профилактика 1 жастан 29 жасқа дейінгі барлық адамдарға осы вакцина салуды қарастырады. Себебі 3 жасқа дейінгі балалар мен жастарға қауіп көп. Жауап беру шаралары кейінге қалдырылмайтын және ауыру жағдайларын тиісінше жүргізу және дереу әрекет етуді қамтиды.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ел арасында алаңдаушылыққа жол бермеу мақсатында ҚР Үкіметінің шұғыл жауапты талап ететін сұрақтарға жауап бергені қажет деп санаймыз:

Бірінші, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қалыптасқан жағдайдағы рөлі қандай, аурудың тарауына байланысты алдын алу шаралары неге қабылданбады?;

Екінші, осы мәселе бойынша халыққа консультация беру үшін Call-орталықтар неге уақытылы ашылмады?;

Үшінші, инфекцияны тасымалдаушы көздер, ошақтары, жасырын тасымалдаушылары туралы нақты ақпарат бар ма? Қандай талдау жүргізіліп, оны анықтау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?;

Төртінші, елде осы ауруға диагностика жүргізетін зертханалар жеткілікті ме?;

Бесінші, әлемдік тәжірибе негізінде осы аурудың таралуына қалай жол бермеуге болады, алдын алу шаралары бар ма?;

Алтыншы, осы инфекцияны зерттеу, анықтау және емдеу үшін отандық ғалым-дәрігерлерге жеткілікті қаражат бөліне ме?;

Жетінші, балалар мен жастар жиналатын орындарға (балабақшалар, жазғы лагерлер, әскери казармалар, хостелдер, ойын-сауық орталықтары және т.б.) ескертпелер неге уақытылы, шұғыл әзірленбеді?;

Сегізінші менингокок және басқа инфекциялар бойынша күдікке ілінген пациенттерді адекватты түрде медициналық саралау қашан және қалай ұйымдастырылады? Осындай  жағдайларда шұғыл көмек көрсету үшін («алтын сағат» ережесі) профиліне қарамастан барлық стационарлар дайындықтан өткізілді ме? Инфекциялық стационарлар үшін пациенттер санатын жүргізетін бірыңғай алгоритм әзірленді ме?

Сенатор Үкімет басшысына минингиттің жаппай жұғуынан қорғау туралы сауалымен бірге, дерттің алдын алу шараларына қатысты да мәселелер қойды.

«Халықтың денсаулығын қорғайтын өкілетті орган ретінде Денсаулық сақтау министрлігіне әр адам өзін және туғандарын бұл ауру мен басқа аса қауіпті инфекциялардан сақтай алуы үшін жүйелі түрде елдің барлық аймағында түрлі формаларды пайдалана отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуі қажет. Жұқтырудан сақтайтын ұсыныстар отандастарымыздың тұрған жеріне қарамастан барлығына қолжетімді болуы керек. 

Бұл үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр және болашақта мұндай жағдайға жол бермес үшін қандай шараларды қабылдау жоспарланып отыр?

Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысты уақытылы әрі жеткілікті деңгейде жүргізбей, жағдайды бақылаудан шығарып, қоғамдық резонанс тудырып отырғаны бірінші рет емес», - деді сенатор Б.Әйтімова депутаттық сауалында.

Сенатор ел арасында тараған хабарға нақты әрі жедел мониторинг жүргізілмеуі және олар тараған алғашқы тәулікте прореактивті реакцияның болмауы, ресми мәлімдемелердің кешігуі және басқа ескерту шараларының жеткіліксіздігі қоғамды алаңдатып отырғандығына көңіл аудартты. «Бұл - азаматтардың мемлекеттік органдар мен мамандардың пікіріне деген сенімін төмендетеді», - деді сенатор. 

Депутат жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, қойылған мәселелерді шешуді аса бақылауға алуды, елімізде менингокок менингитінің таралуына жол бермеу бойынша жыл сайынғы кешенді шараларды бекітуді талап етті.

Әділбек Қаба